Оттан қашып, теңізге секірген: 115 турист мінген яхта өртеніп кетті (ВИДЕО)

/
Оттан қашып, теңізге секірген: 115 турист мінген яхта өртеніп кетті (ВИДЕО)
видеодан скриншот

Түркияның Фетхие қаласы маңында туристер мінген серуендеу кемесі өртенді. Тілсіз жаудан қашқан жолаушылар мен экипаж мүшелері құтқару кеудешелерін киіп, теңізге секіруге мәжбүр болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Hurriyet.com жазуынша, оқиға 13 тамызда Мугла провинциясындағы Катранджи шығанағы маңында болған. Бір күндік туристік сапарға шыққан кемеде барлығы 115 адам, оның ішінде балалар да болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрт кеме ішінде өте жылдам тараған. Жалынды өз күштерімен сөндіру мүмкін болмаған соң, жолаушыларды шұғыл эвакуациялау басталған.

Оқиға орнына жағалау күзеті, теңіз полициясы, құтқарушылар және медицина қызметкерлері жеткен. Эвакуация жұмыстарына жақын маңдағы басқа кемелер де көмектескен.

Нәтижесінде борттағы 115 адамның барлығы аман-есен құтқарылып, жағаға жеткізілді.

Екі адам түтінге уланып, ауруханаға жатқызылған. Бірнеше бала да сақтық мақсатында дәрігерлердің тексеруінен өтті. Қаза тапқандар туралы ақпарат жоқ.

Өрт кейін толық сөндірілгенімен, кеме қатты зақымданып, пайдалануға жарамсыз күйге түскен.

Қазір Түркия билігі өрттің неден шыққанын анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр.

Кемеде Қазақстан азаматтарының болған-болмағаны әзірге белгісіз.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар