Оралда үйлену тойына бар болғаны 210 мың теңге жұмсаған жас жұбайлардың оқиғасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жас жұбайлар тойларын 2 тамызда өткізген. Қалыңдықтың айтуынша, олар артық шығыннан бас тартып, маңызды сәтті жақын жандарымен атап өтуді жөн көрген.
Жұптың негізгі шығыны салтанатты түрде неке қию рәсіміне кеткен. Олар «Бақыт мекенінде» шамамен 50 адамның қатысуымен неке қидырған. Қонақтар арасында жастар жағы мен ата-аналары болған. Рәсімнен кейін шағын фуршет ұйымдастырылған.
«1. Той көйлегі – 19000 теңге ( Пиндуодан тапсырыс бердім)
2. Күйеу жігіттің костюмы – 13000 теңге ( Пиндуо)
3 . «Бақыт мекені» – салтанатты түрде неке қидырттық 50 шақты адам болды ( жастар жағы , ата анамыз) (шағын фуршет болды) – 125 000 теңге
4. Неке қиюшының төлем ақысы – 20000 теңге
5. Қалындықтың қолына ұстайтын гүлі – 4000 теңге (тірі гүл лизиантустар)
6. Қалындықтың прическасы – 9000 теңге (макияжды өзім жасадым)
7. Фотографтың ақысы – 20000 теңге
Барлығы: 210 000 теңге», – деп жазды қалыңдық.
Жұптың үнемді тойы әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударып, көпшілігі олардың қарапайым әрі ысырапсыз той жасағанын атап өткен.
«Жарайсыңдар», «Керемет! Киіт-пиіт, арақ-шарап қойып той жасап, шашылғанша, осылай дұрыс. Жастар, бақытты болыңдар», «Осындай үрдіске өту керек», «Қаржылық сауаттылық бойынша дұрыс жасадыңыз», «500 адам шақырып, у-шу болған тойға қарағанда, осындай той өмір бойы есте қалады», «Мен құптаймын, көріп тамсанып отырмын», – деді желі қолданушылары.