Америкалық Натан Томас 18 жасында колледж студенттеріне сабақ бере бастап, Гиннестің рекордтар кітабына ерлер арасындағы әлемдегі ең жас профессор ретінде енді. Ол профессорлық қызметке кіріскен кезде небәрі 18 жас 346 күнде болған, деп хабарлайды turkystan.kz guinnessworldrecords.com-ға сілтеме жасап.
Натан 2023 жылғы 21 тамызда өзі бұрын білім алған Майами-Дейд колледжіне оқытушы болып оралып, инженерлерге арналған бағдарламалау және информатика пәндерінен сабақ бере бастаған. Оның аудиториясындағы студенттердің көбі өзімен жасты, кейбірі тіпті одан үлкен болған.
Осы жетістігімен ол 306 жыл бойы жаңармаған рекордты бұзды. Бұған дейін ерлер арасындағы ең жас профессор атағы шотланд математигі Колин Маклоренге тиесілі еді. Ол 1717 жылы 19 жасында профессор атанған. Натан Томас бұл межені 18 жас 346 күнінде жаңартты.
Натанның білім жолы қатарластарынан әлдеқайда ерте басталған. Ол небәрі 10 жасында Майами-Дейд колледжіндегі оқу бағдарламасына қабылданып, 14 жасында қауымдастырылған дәреже алған. Сол жылы Флорида халықаралық университетіне ауысты. 16 жасында электротехника бойынша бакалавр дәрежесін, ал 18 жасында магистр дәрежесін алды. Екі бағдарламаны да үздік нәтижемен аяқтаған.
Оның техникалық ғылымдарға қызығушылығына отбасындағы орта да әсер еткен. Натанның ата-анасы инженер. Өзінің айтуынша, кішкентайынан есептерді құрылымдап шешуге және күрделі мәселені бірнеше бөлікке бөліп қарастыруға дағдыланған.
Жас профессор үшін сабақ берудің ең қызықты сәті студенттің күрделі тақырыпты кенет түсініп кеткенін көру екен.
«Жасыңыз қанша болса да, аудиторияға келгендердің мақсаты бір, ол – білім алу. Сондықтан мен жас айырмашылығына емес, өз жұмысымды дұрыс орындауға және студенттерге көмектесуге көңіл бөлемін», дейді Натан.
Қазір Натан Томас 21 жаста. Ол онлайн сабақ беруді жалғастыра отырып, Майами университетінің заң мектебінде білім алып жүр. 2028 жылы заңгерлік оқуын аяқтауды жоспарлаған. Болашақта STEM саласындағы, яғни ғылым, технология, инженерия және математикаға қатысты зияткерлік меншік құқығымен айналысқысы келеді.
Оның айтуынша, инженерлік білім заң саласында да көмектеседі. Өйткені инженерия күрделі мәселені жүйелі түрде талдап, оны шағын бөліктерге жіктеп шешуге үйреткен.
Оқуы мен жұмысынан тыс Натан қатарластары секілді спорт пен музыкаға қызығады. Баскетбол, теннис және гольф ойнайды, Boston Celtics пен New England Patriots командаларына жанкүйер. Классикалық фортепианода ойнайды, ал бос уақытында заманауи музыка тыңдайды.
Өзінің ерекше білім жолына қарамастан, Натан жастарға басқалармен жарыспауға кеңес береді. Оның пікірінше, әр адамның даму қарқыны әртүрлі.
«Өз жолыңды өзгенікімен салыстыру оңай. Бірақ бұл тек алға жылжуға кедергі жасайды. Өзіңе қолайлы қарқынды тауып, нәтижесі бірден көрінбесе де, еңбектенуді жалғастыру маңызды», дейді ол.
Натан Томастың рекорды үш жыл бұрын орнатылғанымен, Guinness World Records оның тарихын 2026 жылғы шілдеде арнайы жариялады. Осылайша 18 жасында студенттен профессорға дейінгі жолды жүріп өткен америкалықтың жетістігі әлем назарын қайта аударып отыр.