Былтыр қараша айында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнел YouTube арналарының біріне сұхбат беріп, жәбірленуші мәртебесінен бас тартпайтынын жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Иә, мен жәбірленуші болып қаламын. Осы істі бастағаннан кейін соңына дейін жеткізгім келеді. Бүкіл жерге мен бардым ғой. «Бастадың ба, еркек болсаң соңына дейін жеткіз» дейді. Мен бас тартсам ертең «Екінші отбасын құрып, бәрінен бас тартты» деп айтады. Ол менің Ұлдананың алдындағы борышым. Ұлдананың жақындарымен ақпан айынан бері араласпаймыз. Анасы жазады, бірақ мен ол кісімен ұрысқым келмейді. Ұлдананың әпке-сіңілілерінің тарапынан наурыз айынан бастап «Сен бөтен адамдарды тасып жүрсің, үйленесің» деген сияқты әңгімелер айтыла бастады. Сол кездері Ұлдананың әруағына бағыштап Құран оқытыпты. Оған біздің барлық әріптес, группалас, курстастарымызды шақырып, мені шақырмапты. Содан кейін мен бармадым. Автокөлікке қатысты бір ғана нәрсе айта аламын. Сәуір айының соңына дейін Ұлдананың анасы «Сендер оны бірге сатып алдыңдар, Ұлдана көзі тірісінде сенің алғашқы жарнасы мен сатып алуға көмектескеніңді айтқан. Бұл көлікті сен сияқты ешкім бағалап, күтіп тебе алмайды. Бұны саған қалдырамын» деген болатын. Әуелден осындай әңгіме болған. Ұлдана өзі маған мұндай әңгіме айтқан емес, біз алда не боларын білген жоқпыз ғой», - деді Әділет Зейнел.