Жапонияда өткен бір апта ішінде аптап ыстық салдарынан жеті адам қайтыс болып, 9 мыңнан астам адам күн өту белгілерімен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жапонияның Ішкі істер және коммуникациялар министрлігі жариялаған деректерге сәйкес, өткен аптада күн өту салдарынан 9 180 адам ауруханаға жатқызылған.
Ведомствоның ақпаратына қарағанда, 27 шілде мен 2 тамыз аралығында ауруханаларға жеткізілгендердің жетеуі көз жұмған. Мамыр айының басынан бері, билік апта сайынғы статистиканы жариялай бастаған уақыттан бастап, ауруханаға жатқызылғандардың саны 52 мыңнан асып, қайтыс болғандар саны 79 адамға жеткен.
Жапонияда ең жоғары ауа температурасы дәстүрлі түрде шілде және тамыз айларында тіркеледі. Соңғы апталарда елдің кейбір өңірлерінде ауа температурасы +40 °C-тан жоғары көтерілген.
Жыл сайын аптап ыстық салдарынан ондаған мың адам күн өтіп, жүздеген адам көз жұмады. Жоғары температурадан адамдар ғана емес, жануарлар да зардап шегуде. Өткен аптада Токио хайуанаттар бағында үш арыстан қаза тапқан.
Бұған дейін Румынияда ауа райына байланысты «қызыл» қауіп деңгейі жарияланған болатын. Сондай-ақ соңғы күндері Италияны аптап ыстықтың жаңа толқыны шарпығаны хабарланды. Елдің көптеген ірі қалаларында ауа райына байланысты ең жоғары – «қызыл» қауіп деңгейі енгізілді.