Танымал асаба Сабыржан 100 жылқы ұрлады деген айыппен сотталып, кейін апелляциялық сотта ақталған ақтөбелік жылқышы Рахат Сәрсеновке қолдау білдірді. Ол жылқышыға өз атынан 10 жылқы сыйлайтынын мәлімдеп, қиын жағдайға тап болған азаматқа ел болып демеу көрсетуге шақырды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Атаға ел болып қолдау көрсетіп жатырмыз. Зейнетке шығатын шағында біреудің жаласына қалып, Алланың қалауымен ақталып шықты.
Өз атымнан бес жылқы жіберейін деп отырмын. Қазір бес жылқым дайын тұр. Соны артып жіберейін деп тұрмын. Қысқа қарай тағы бес жылқы қосамын. Барлығы – 10 тұлпар. Бұйырса, аманатым деп күтіп алсын.
Әр қазақ – менің жалғызым. Өзім де малшының баласымын. «Біріңді қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деген сөз бар.
Сондай-ақ бұған дейін айтқан «өрт көп болсын» деген сияқты артық сөздерім үшін халықтан кешірім сұраймын. Халық айтса, қалып айтпайды. Халықтан асып ешқайда бара алмаймыз. Бір-бірімізді қолдайық», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін 100 жылқы ұрлады деген айыппен жеті жылға сотталған Рахат Сәрсенов апелляциялық соттың шешімімен ақталып шыққан болатын. Кейін бұрынғы жұмыс берушісімен арадағы дауға байланысты оның жалғыз баспанасынан айырылуы мүмкін екені белгілі болды.
Бұдан кейін ақтөбелік кәсіпкер Рахат Сәрсеновтің отбасына Ақтөбе қаласынан баспана сыйлаған болатын. Тағы бір кәсіпкер асыл тұқымды тұлпар мен 1 миллион теңге тарту етті.