Кәсіпкер Әлібек Мұқатаев ұзақ жыл жылқы баққан Рахат Сәрсеновке асыл тұқымды тұлпар мен 1 миллион теңге сыйлады. Ол бұл туралы Instagram желісіндегі парақшасында хабарлады, деп жазады turkystan.kz.
Кәсіпкердің айтуынша, сыйлық қарияға құрмет көрсету және қиын кезеңнен кейін қолдау білдіру мақсатында табысталған.
"Бүгін достарымызбен бірге ақсақалымызға құрмет ретінде таза қанды тұлпар мен 1 миллион теңге сыйладық", – деп жазды Әлібек Мұқатаев.
Ол тұрмыстық жағдайы жақсы азаматтарды да игі іске атсалысуға шақырды. Кәсіпкер Рахат қарияның отбасына көлік, баспана немесе басқа да көмек көрсеткісі келетін жандармен бірлесіп әрекет етуге дайын екенін жеткізді.
"Осындай сәтте ешкім шетте қалмасын. Бірлік пен жанашырлық әрдайым арта берсін", – деді ол.
Сонымен қатар кәсіпкер бұл бастамаға байланысты ешқандай қаражат жинамайтынын арнайы ескертті. Тұлпар мен ақшалай сыйлықты ол екі-үш досымен бірге өз қаражаттарына алған.
Әлібек Мұқатаев Рахат Сәрсеновке көмектескісі келетін азаматтарға ақшаны делдалдарға аудармай, қарияның балалары немесе жақындарымен тікелей байланысуға кеңес берді.
Еске салайық, Ақтөбе облысының 60 жастағы тұрғыны Рахат Сәрсенов 30 жылдан астам уақыт жылқышы болып еңбек еткен. Бірінші сатыдағы сот оны 100 бас жылқыға қатысты іс бойынша жеті жылға бас бостандығынан айырып, 30 миллион теңге көлеміндегі шығынды өтеуге міндеттеген.
Алайда апелляциялық сот қосымша дәлелдерді зерттеп, істің бір бас жылқыға қатысты екенін анықтады. Сәрсеновтің әрекеті жеңілірек бапқа қайта сараланып, оған алты айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Рақымшылық бойынша жаза үш айға қысқартылып, қамауда өткізген уақыты есептелгеннен кейін өтелді деп танылды. Осылайша ол сот залынан босатылды.
Сондай-ақ ақтөбелік жылқышы Рахат Сәрсеновтің отбасына жергілікті кәсіпкер Ақтөбе қаласынан баспана сыйлады.