Соғыс ардагері Иван Гапич 103 жасында өмірден өтті

/
Соғыс ардагері Иван Гапич 103 жасында өмірден өтті
Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соғыс және еңбек ардагері, Халық қаһарманы Иван Гапичтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ақорданың хабарлауынша, президент марқұмның ел алдындағы еңбегі мен өнегелі өмір жолын ерекше атап өткен.

"Иван Степанович майданға өз еркімен аттанып, байланысшы ретінде соғыстың соңына дейін қатысты. Елге оралғаннан кейін ұзақ жылдар бойы прокуратура органдарында мінсіз қызмет атқарды", – делінген жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Иван Гапичтің кәсібилігі, адамгершілік қасиеттері мен әділдік қағидаттарына адалдығы үшін әріптестері мен көпшілік арасында зор құрметке ие болғанын айтты.

Президент ардагердің өмір жолын отансүйгіштіктің, антқа адалдықтың және әділдік құндылықтарын берік ұстанудың жарқын үлгісі деп бағалады.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, Иван Гапич 103 жасында, 104 жасқа қараған шағында өмірден өткен.

Ол 1923 жылы Ақмола облысында дүниеге келіп, Алматыда білім алған. Соғыс жылдарында байланысшы болып, Польша, Чехословакия және Украина аумақтарын азат етуге қатысқан. Сондай-ақ Мәскеуде өткен Жеңіс шеруіне қатысушылардың бірі болған.

Соғыстан кейін Иван Гапич прокуратура органдарында ұзақ жыл еңбек етті.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев те ардагердің отбасы мен өңір тұрғындарына көңіл айтты. Ол Иван Гапичтің ерлік пен еңбекке толы ғұмырын қайсарлық пен отансүйгіштіктің үлгісі деп атады.

Марқұмның жарқын бейнесі мен елге сіңірген еңбегі халық жадында сақталатыны айтылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар