Астанада Жалпыұлттық социал-демократиялық партия пәтер иелерінің кооперативі (ПИК) пен мүлік иелері бірлестіктері (МИБ) тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізуге бағытталған ауқымды бірлескен жобаны таныстырды. Іс-шара «Бұқар Жырау» тұрғын үй кешенінің ауласында «Ашық аула күні» форматында өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жобаның негізгі мақсаты – «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң аясында тұрғындардың өзін-өзі басқару мәдениетін қалыптастыру, МИБ қызметін дамыту, қала тұрғындарын қоқысты сұрыптауға дағдыландыру, экологиялық жағдайды жақсарту және қайта өңдеуден түскен қаражат арқылы тұрғын үйлерді күтіп-ұстауға қосымша табыс көзін қалыптастыру. Таныстырылымға Құрылтай депутаттығына кандидаттар Талғат Тәтіков пен Аслан Құлмағамбетов, қалалық МИБ басшылары, эколог-сарапшылар, ПИК белсенділері мен қала тұрғындары қатысты. Құрылтай депутаттығына кандидат Талғат Тәтіков аула тазалығын сақтаудың маңызына тоқталды.
«Тұрмыстық қалдықтар тұрғындардың пәтерлерінен ғана емес, үйдің бірінші қабатындағы дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарынан да шығады. "Жасыл даму" бағдарламасымен бірлесіп, аулаларға пластик пен қағаз және картонды бөлек жинауға арналған арнайы торлы контейнерлер орнатылып жатыр. Бұл тазалықты сақтауға әрі қалдықтарды тиімді қайта өңдеуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Құрылтай депутаттығына кандидат Аслан Құлмағамбетов жобаның қаржылық және ұйымдастырушылық тетіктерін түсіндірді.
«Бұған дейін қалдықтарды екі түрге бөліп жинау қажетті инфрақұрылымның болмауы және тұрғындардың қызығушылығының төмендігі салдарынан толық нәтиже бермеді. Ал біздің жобада жүйе өте қарапайым: тұрғындар қалдықтарды сұрыптап, арнайы контейнерлерге салады, кейін оны жинаушы немесе қоқыс шығаратын ұйымдар сатып алады. Нәтижесінде МИБ үйдің қажеттіліктеріне жұмсай алатын қосымша қаражатқа ие болады. Қазіргі таңда "Zero West" компаниясы пластик пен картонға арналған екі секциялы контейнерлерді және елорданың маңызды орындарына фандоматтарды орнатып жатыр», – деді ол.
Эколог-сарапшы Әбдіманап Жұмаділдаев қоқысты сұрыптаудың экологиялық маңызына тоқталды.
«Тұрмыстық қалдықтардың шамамен 40 пайызы – картон мен пластик. Демек, осы көлемдегі қалдықтар полигондарға түспейді, ауа мен топырақты ластамайды. Қазірдің өзінде жобаға Шымкент, Алматы және Ақтөбе қалалары қызығушылық танытып, жергілікті әкімдіктермен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді сарапшы.
Бұл жоба саяси ұйымдардың, бизнестің және мүлік иелері бірлестіктерінің өзара тиімді ынтымақтастығы қалалық ортаны жақсартуға нақты мүмкіндік беретінін көрсетті.