Respublica партиясының республикалық сайлауалды штабы Түркістан қаласындағы BNK Group ЖШС-нің еңбек ұжымымен кездесу өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кәсіпорын заманауи металл конструкцияларын, оның ішінде тұрғын үйге арналған смарт-капсулалар, модульдік дәмханалар мен қоғамдық дәретханалар өндіреді.
Кездесу барысында Respublica партиясының Құрылтай депутаттығына кандидат Олжас Жүнісов отандық өндірушілерге тұрақты әрі жүйелі заңнамалық жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Respublica партиясының бастамалары аясында мерзімді әскери қызметін өтеген жастардың ұлттық бірыңғай тестілеусіз жоғары оқу орындарының мемлекеттік білім грантына түсуіне және студенттер жатақханасында тұруына қатысты қабылданған заңнамалық өзгерістер жөнінде ақпарат берілді.
Кездесу барысында Respublica партиясының өкілдері өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті дамыту және еңбек адамының мәртебесін арттыруға қатысты бастамаларды таныстырды. Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, кәсіпорын қызметкерлері өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.