«Музыка – харам»: ҚМДБ тойдағы уағызға қатысты мәлімдеме жасады

«Музыка – харам»: ҚМДБ тойдағы уағызға қатысты мәлімдеме жасады
ҚМДБ

Той үстінде «Музыка – харам, ал әншілер – шайтанның азаншысы» деген пікір айтқан ер адамның видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, көпшіліктің қызу талқысына түсті. Осы оқиғаға қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) түсініктеме беріп, діни мәселелер жөнінде пікір айту үлкен жауапкершілікті талап ететінін жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

ҚМДБ пікірінше, діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау дұрыс емес.

«Ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға, біреудің ар-намысына құрметпен қарауға үндейді. Сондықтан қандай да діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттамалар беру дұрыс емес. Сонымен қатар аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөзбен кемсіту де өрескел қателік деп санаймыз», – делінген ҚМДБ хабарламасында.

ҚМДБ-ның мәлімдеуінше, Исламда арсыздыққа үндейтін әндер құпталмайды, ал адамгершілік пен ұлттық құндылықтарды насихаттайтын әндерге рұқсат етіледі.

«Адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндерді дініміз құптамайды.

Алайда дініміз бен дәстүріміздің асыл құндылықтарын дәріптейтін, Отанды қорғауға, ата-ананы қадірлеуге үндейтін, адамгершілік пен ізгілікке шақыратын әндерге рұқсат берілетіні жайында Ислам ғалымдарының пікірі бар», – делінген жазбада.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ел азаматтарын өзара құрметті сақтап, діни мәселелерде білікті мамандардың пікіріне ғана жүгінуге үндеді.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қауымын, барша халықты әрқашан өзара құрметке, парасатқа, көркем мінезге және бірлікке үндеп келеді. Осы ретте тағы да ел азаматтарын сөз жауапкершілігіне ден қоюға, діни мәселелерде тек ресми діни қызметтегі білікті ғалымдардың түсіндірмесіне сүйенуге және қоғамның ауызбіршілігін сақтауға шақырамыз», – делінген жазбада.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары