Солтүстік Кипрде 22 жастағы Қазақстан азаматшасы пышақ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Бұл ақпаратты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, оқиға Никосия қаласындағы Metropol супермаркетінде болған. Пышақпен жасалған шабуыл салдарынан екі адам зардап шеккен.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам әзірге белгісіз себептермен әйелді өлтіруге әрекет жасаған. Шабуылдан кейін күдікті өзіне де пышақ жарақатын салған.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі аталған оқиғадан хабардар екенін мәлімдеді. Бұл мәселе сыртқы саяси ведомствоның ерекше бақылауында.
«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Солтүстік Кипрде Қазақстан азаматшасының қатысуымен болған оқиғадан хабардар. Қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар оқиғаның мән-жайын анықтап, жергілікті құзырлы органдармен тұрақты байланыста жұмыс істеп жатыр. Қосымша ақпарат ресми мәліметтер түскен сайын жарияланады», – деп хабарлады ҚР СІМ.
Полицияның мәліметінше, оқиғаның нақты себептері әзірге анықталған жоқ. Аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Сербияда қазақстандық әйелдің қаза тапқанын растаған болатын. Сондай-ақ Қазақстанның Сербиядағы елшілігі жергілікті құзырлы органдармен бірлесіп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатқаны хабарланған.