Ақтөбеде 2 миллион теңге бопсалады деген күдікпен үш жас жігіт ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полицияға жас жігіт арызданып, бірнеше адамның өзінен ақша талап етіп жүргенін хабарлаған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары күдіктілердің жеке басын анықтап, оларды полиция бөліміне жеткізді.
Алдын ала мәліметке сәйкес, күдіктілер 2025 жылдың соңында жәбірленушінің ұялы телефонын тартып алып, кейін одан қосымша 2 миллион теңге талап еткен. Күдіктілер ақшаны алып жатқан сәтте полиция қызметкерлері оларды қылмыс үстінде ұстады.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Бопсалау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Күдіктілердің бірінің тұрғылықты жерінде жүргізілген санкцияланған тінту кезінде травматикалық тапанша, пышақ және 16 калибрлі тегіс ұңғылы аңшылық мылтыққа арналған бір оқ-дәрі тәркіленді. Тәркіленген заттарға сараптама тағайындалып, оның қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі.
Полиция азаматтарды ақша немесе мүлікті қорқыту, күш қолдану немесе өзге де заңсыз әрекеттер арқылы талап ету фактілері кездескен жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырды. Ведомствоның мәліметінше, уақытылы жүгіну қылмыстың жолын кесіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.