«Әділет» партиясының өкілдері спортшылар мен жаттықтырушылармен, өндіріс орнының еңбек ұжымымен, сондай-ақ туризм және шипажай-курорт саласының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.
KOKSHE ARENA көпфункционалды спорт кешенінде спорт қауымдастығының өкілі Олжас Әшімов, Екатерина Круглик, Наиль Ковалев және Андрей Копытов параспортшыларды қолдау, ауылдық жердегі жаттықтырушыларға гранттар енгізу, балалар спортын дамыту, сондай-ақ ArtSport және Damubala бағдарламаларын қаржыландыру мәселелерін көтерді. Олардың сауалдарына жауап берген Құрылтай депутаттығына кандидат Әсел Баденова спорттың жасына, табысына немесе тұрғылықты жеріне қарамастан әрбір азаматқа қолжетімді болуға тиіс екенін айтты. Бұл бастамалар партияның сайлауалды бағдарламасындағы «Салауатты өмір салты – ұзақ әрі белсенді өмірдің кепілі» басымдығында нақты көрсетілген.
«Біз қолжетімді спорт нысандарын, оның ішінде ауылдық елді мекендерде тез тұрғызылатын модульдік спорт кешендерін салуды жалғастырамыз. Сондай-ақ партия бағдарламасында мектеп және студенттік лигаларды дамыту, спорт инфрақұрылымын жаңғырту және жаттықтырушыларға ынталандыру төлемдерін енгізу көзделген», - деді Әсел Баденова.

Қазақстанның еңбек сіңірген бокс жаттықтырушысы Ерлан Ғазизов партияның балалар, кәсіби және бұқаралық спортты дамытуға, заманауи спорт нысандарын салуға және жаттықтырушыларды қолдауға бағытталған ұсыныстары өзіне жақын екенін айтты.
«Жаттықтырушы ретінде болашақ чемпиондардың жеңісі ең алдымен олардың дайындалатын жағдайына байланысты екенін жақсы білемін. Сондықтан балалар, кәсіби және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған партияның ұсыныстарын толық қолдаймын», - деді Ерлан Ғазизов.

«НОВОПЭК» кәсіпорнында Республикалық сайлауалды штаб мүшелері ұжыммен өндірісті дамыту, кадр даярлау, кәсіпорындарды қолдау және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелерін талқылады. Құрылтай депутаттығына кандидат Еркебұлан Ілиясовтың айтуынша, Қазақстанның ішінде қажетті тауарлар, жабдықтар мен қосалқы бөлшектердің көбірек өндірілуі маңызды. Бұл сырттан келетін өнімге тәуелділікті азайтып, шағын және орта бизнеске қосымша сұранысты арттырады.
«Біз кәсіп бастауға, инвестиция салуға және бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасауды жоспарлап отырмыз. Негізгі мақсат – экономиканың тірегіне айналатын қуатты орта бизнесті құру. Оның экономикадағы үлесін қазіргі 7 пайыздан 20 пайызға дейін жеткізу», - деді кандидат.
Іссапар Бурабай ауданында туризм және шипажай-курорт саласының өкілдерімен өткен кездесуде қорытындыланды. Басқосу барысында балаларды сауықтыру орталықтарын қолдау, инфрақұрылымды жаңарту, лизингті дамыту және оқиғалы туризмді ілгерілету мәселелері талқыланды.

Жиында партия төрағасы Айбек Дәдебай Бурабайдың дамуы бүкіл Ақмола облысының өркендеуіне серпін беруі тиіс екенін айтты. Оның айтуынша, бүгінде еліміздегі туристік қызмет көлемінің шамамен 10 пайызы Ақмола облысының үлесіне тиесілі. Өткен жылы өңірге 1,8 миллионға жуық турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 2 миллион адамға жетеді деген болжам жасап отыр.
Сонымен қатар партия төрағасы курортты одан әрі дамыту табиғатты ұқыпты сақтаумен қатар жүруі қажет екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасын іске асыруға партия ерекше мән беретінін еске салды.
«Бурабайдың тұрақты дамуының маңызды бағыты – экологиялық туризмді дамыту, экопарктер құру, бірегей табиғи кешендерді сақтау және қоршаған ортаға жанашырлық мәдениетін қалыптастыру. Сарыарқаның табиғатын келер ұрпаққа аман жеткізу – мемлекетке де, бизнеске де, қоғамға да ортақ міндет», - деді Айбек Дәдебай.

Сондай-ақ ол ауылдық аумақтарды дамыту мәселесіне жеке тоқталды. Оның айтуынша, туризмнің игілігін тек ірі туристік нысандар ғана емес, шағын ауылдардың тұрғындары да көруі тиіс.
«Партияның сайлауалды бағдарламасында агротуризмді, отбасылық қонақ үйлерді, қолөнер шеберханаларын және жергілікті өндірушілерді қолдау қарастырылған. Бұл ауылдарда жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын бизнесті дамытуға және туристерге өңірдің табиғаты, мәдениеті мен дәстүріне негізделген жаңа бағыттарды ұсынуға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді партия төрағасы.
Партияның өңірлік туры жалғасады. Ел аймақтарындағы кездесу барысында айтылған барлық ұсыныстар жан-жақты сараланып, партияның алдағы жұмысында ескеріледі.