Сарапшылар Семейде өңірлердің сайлау процесіндегі рөлін талқылады

/
Сарапшылар Семейде өңірлердің сайлау процесіндегі рөлін талқылады
kipd.kz

Бүгін Семейде Қазақстандық қоғамдық даму институты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Өңірлердің сайлау алдындағы күн тәртібін қалыптастырудағы рөлі» тақырыбында «Sarap» сарапшылар клубының аймақтық отырысын өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараға Астана, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының сарапшылық және академиялық қоғамдастығының өкілдері, азаматтық сектордың өңірлік көшбасшылары, жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Отырыс барысында сарапшылар өңірлердің сайлау процесіндегі рөлін, қоғамдық-саяси трендтердің қалыптасу ерекшеліктерін, саяси партиялардың азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылын, сондай-ақ, жастардың сайлауға қатысуын талқылады. Орталық және өңірлік деңгейдегі азаматтардың электоралдық көңіл-күйлері мен қоғамдық-саяси белсенділігінің деңгейін көрсететін ҚҚДИ әлеуметтік зерттеулерінің нәтижелеріне бөлек назар аударылды. Сондай-ақ, сарапшылар саяси партиялардың өкілдері арасында өткен теледебат пен олардың сайлау науқанының барысына ықпалын талқылады.

Отырысты ашқан ҚҚДИ Институционалдық талдау және реформалар орталығының директоры Риззат Тасым «Қазіргі сайлау науқаны өңірлердің қоғамдық-саяси процестерге белсенді араласуы жағдайында өтіп жатыр. Бір палаталы Құрылтайға көшу жағдайында партиялар аумақтық қамтуды кеңейтіп, өңірлік теңгерімді қамтамасыз етуге ұмтылуда. Осылайша, өңірлер негізгі электоралдық алаңға және Құрылтай құрамын қалыптастыруға тікелей қатысушы маңызды күшке айналып отыр», - деп атап өтті.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының директоры, философия ғылымдарының докторы Әлия Масалимова қоғамның сайлаудан не күтетінін, электоралдық көңіл-күйлер мен азаматтардың сайлау процесіне қатысу деңгейін көрсететін ҚҚДИ-дің соңғы әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижелерін таныстырды. 

«Зерттеу нәтижелері қоғамда елдің дамуына қатысты оң көзқарастың басым екенін көрсетеді. Азаматтар реформаларды қолдайды, өйткені олар жақын болашақта халықтың тұрмыс деңгейі мен сапасына тікелей әсер етеді. Бұл ретте өзгерістерді оң қабылдау саяси тұрақтылықты, қоғамдық келісімді және мәдени мұраны сақтауды қамтамасыз ету қабілетімен тығыз байланысты. Осы орайда бүгінгі таңда партиялар үшін өңірлерге салыстырмалы талдау жүргізу, электораттық мінез-құлық сипатын айқындау және мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары үшін нақты шараларды тұжырымдау маңызды міндет болып табылады», – деп атап өтті спикер.

Абай облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, тарихшы Мадияр Насыров сайлау риторикасына жас буын өкілдерінің қатысу мәселесіне тоқталды. «Жастармен тікелей жұмыс істей отырып, мазмұнды күн тәртібіне және шынымен де маңызды мәселелерді талқылауға қатысуға деген жоғары сұранысты көріп отырмын. Бұл ретте жастар мен қоғамның сұранысы өңірге байланысты ерекшеленеді. Мысалы, Абай облысының тұрғындары үшін басты тақырыптардың бірі денсаулық сақтау саласы болып қала береді. Дәл осы себепті халықтың өмір сүру сапасы мен ұзақтығын арттыруға бағытталған партиялық бастамалар ерекше маңызға ие».

«Интеллектуалды жастар қоғамының» жетекшісі Қуаныш Молдақашев жастардың әлеуетін тиімді қолдануға шақырды. «Партиялар жастарды тек цифрлық жобаларға тартумен шектемеуге тиіс. Оларды бағдарламаларды әзірлеуге, қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылауға және саяси шешімдер қабылдауға толыққанды тарту маңызды».

Шығыс Қазақстан облысының Талдау және болжау институтының директоры Аяужан Әшімова азаматтық қоғам, мемлекеттік органдар мен саяси партиялар арасындағы диалог алаңы болып табылатын қоғамдық кеңестердің сайлау процестеріндегі маңызды рөлін атап өтті.

«Сайлау науқаны кезеңінде қоғамдық кеңестердің партиялармен сындарлы өзара іс-қимылы әлеуметтік сұраныстарды ескеруге, өңірлердің өзекті мәселелерін талқылауға және азаматтардың саяси институттар мен сайлау процесіне деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді».

«Эрудит» білім беру және ғылым орталығының директоры, философия ғылымдарының докторы Айдын Қайырбекұлы үгіт-насихат науқанында құндылыққа негізделген тәсілге баса назар аударуға шақырды. «Азаматтар құндылықтар төңірегінде бірігеді. Бұл қағидат сайлау процестерінде де толық жұмыс істейді. Сайлаушылардың өңірлік ерекшеліктері туралы сөз болғанда, біз тек күнделікті мәселелерді шешуге ғана емес, сонымен бірге түсінікті құндылық бағдарларына да айқын сұраныстың бар екенін көреміз. Сондықтан саяси партиялар үшін халыққа жақын құндылықтарды дәріптеу, әрбір өңірдің мәдени әрі әлеуметтік ерекшелігін ескеру және мазмұнды диалог орнату маңызды. Дәл осы ортақ құндылықтар мен өңірлік күн тәртібін түсінуге негізделген сенім электораттық қолдаудың басты факторларының біріне айналады».

Профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Зейнолла Тоқаев мемлекеттік реформаларды ғылыми-сараптамалық сүйемелдеудің мәнін және электораттық диалогтағы сенімнің маңыздылығын қарастырды. 

«Саяси партиялардың сайлау науқанына табысты қатысуының басты факторы өңір тұрғындарының сенімі екені белгілі. Дәл осы себепті өңірлік ерекшеліктерді, жергілікті қоғамдық сұраныстарды ескеру және халықпен тұрақты диалог орнату бірінші кезекті маңызға ие. Мұндай тәсіл саяси партияларға азаматтардың шынайы қажеттіліктеріне жауап беретін шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді әрі сайлау процесіне деген сенімді нығайта түсуге ықпал етеді».

Shakarim University Әлеуметтанулық талдау орталығының жетекшісі, философия ғылымдарының докторы Мұхтар Әбдікәрімов қатысушыларды өңірдегі басты қоғамдық трендтермен және әлеуметтік көңіл-күймен таныстырды.

«Қазіргі жағдайда өңірлік басқарудың тиімділігі қоғамдық сенім мен электораттық белсенділіктің негізгі шарттарының біріне айналып отыр. Негізгі индикаторлардың қатарында, сондай-ақ жергілікті күн тәртібін ескеру және бағдарламаларды өңірлендіру, коммуникацияларды цифрландыру, партиялық тізімдерде білікті кәсіби кадрлардың болуы бар».

Жиын қорытындысында қатысушылар өңірлердің электоралдық күн тәртібін қалыптастырудағы маңызы артып келе жатқанын атап өтіп, сарапшылық қауымдастық, азаматтық сектор және мемлекеттік институттар арасындағы тұрақты диалогты нығайтудың өзектілігін айтты. Сонымен қатар азаматтардың электоралдық үдерістерге қатысу тетіктерін жетілдіруге бағытталған ұсынымдар әзірледі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар