«Жасөспірімді құтқармақ болған»: Оралда 18 жастағы қыз суға батып кетті

/
«Жасөспірімді құтқармақ болған»: Оралда 18 жастағы қыз суға батып кетті
Фото: Мой город

Оралда суға батып бара жатқан жасөспірімді құтқармақ болған 18 жастағы қыз көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы оқиға 16 шілде күні Жайық өзенінің Ремзауыт ауданындағы шомылуға арналмаған жағажайында болған. Алсу Ермағамбетова жүзе алмаса да, суға батып бара жатқан адамды құтқару үшін өзенге секірген.

Сол күні бойжеткен құрбысы және екі танысымен бірге өзен жағасында демалып жүрген. Олар Алсудың медициналық колледжге оқуға түскенін атап өткен. Марқұмның әпкесі Айгүл Хусаинованың айтуынша, Алсу Теректі ауданының Теректі ауылында тұрып, сол жерде білім алған. Оны әжесі тәрбиелеп өсірген. Мектепте жақсы оқып, спортпен айналысқан, көптеген марапаттар мен мақтау қағаздарының иегері болған.

«Олар өзен жағасында отырып, шырын ішіп, пицца жеді. Кейін Алсу мен құрбысы Милана тізеден келетін суға кірді, ал 16 жастағы жасөспірім одан әрі жүзіп кеткен. Бір кезде ол көмек сұрай бастады. Әуелде бәрі оны қалжыңдап жатыр деп ойлаған. Бірақ оның шынымен батып бара жатқанын түсінгенде, жүзе алмайтын Алсу бірден суға секірді. Жасөспірім өз күшімен жағаға шығып үлгерді. Оған көмекке жеткен ер адам да көмектесуге тырысты. Алайда Алсуды аман алып қалу мүмкін болмады», – деп қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді Айгүл Хусаинова.

Туысының сөзінше, құрбысы Алсудың су астына кетер алдында тек көтерілген қолын ғана көрген. Құтқарушылар оқиға орнына шамамен 40 минуттан кейін келіп, қыздың денесін ағыс бойымен шамамен 40 метр төмен жерден тапқан. Жедел жәрдем дәрігерлері оның қайтыс болғанын тіркеді.

«Алсуды тәрбиелеп өсірген әжесі үшін бұл орны толмас қасірет. Әжесі судан қорыққандықтан, оны ешқашан суға шомылуға жібермейтін. Алсу дәрігер болуды, әжесін емдеуді армандайтын. Біздің әулетте дәрігер жоқ еді», – деді бойжеткеннің әпкесі.

Алсумен қоштасу рәсімі 20 шілде күні өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар