Бүгін Respublica партиясының өкілдері Талғар ауданының Белбұлақ ауылындағы «Medicare International» ЖШС-нің қызметкерлері мен ем қабылдап жатқан тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Respublica партиясының өкілдері сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттарды таныстырып, денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті қолдау, еңбек адамының мәртебесін арттыру және өңірлерді дамытуға бағытталған бастамалар туралы айтты.
Жиын барысында қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Әңгіме емдеу сапасы, медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайы, әлеуметтік мәселелер және халықтың әл-ауқатын арттыруға қатысты өзекті тақырыптарды қамтыды.
«Дәрігердің еңбегі – ел саулығының кепілі. Сондықтан медицина саласында жүрген әр маманның пікірі біз үшін маңызды. Біз бүгін тек сайлауалды бағдарламамызды таныстыру үшін емес, сіздерді тыңдау, ұсыныстарыңызды есту үшін келдік. Халықтың денсаулығы – мемлекеттің ең басты байлығы», – деді Respublica партиясының Алматы облыстық филиалының төрағасы Ержан Дүйсекенов.
Кездесу соңында тұрғындар алдағы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақырылды. Respublica партиясының өкілдері әрбір дауыс елдің болашағына әсер ететінін айтып, азаматтық жауапкершілік пен белсенділіктің маңызын атап өтті.
Осындай жүздесулердің басты мақсаты – халықтың үнін есту, нақты мәселелерді бірге талқылау және оларды шешудің тиімді жолдарын бірлесе іздеу. Respublica өңірлердегі кездесулерін жалғастырып, тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен және түрлі сала мамандарымен ашық диалог алаңын кеңейте бермек.