Мемлекеттік сатып алу жүйесі – бюджет қаражатының қаншалықты тиімді жұмсалатынын, мемлекет жобаларының қаншалықты уақытылы орындалатынын айқындап беретін алаң. Жөнсіз баға мен «жосықсыз» қатысушылардың артында бюджеттің миллиардтаған шығыны тұрады.
Былтыр қаңтардан бастап елімізде «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң күшіне енген болатын. Осы тұрғыдан алғанда, бұл заңды кезекті өзгеріс ретінде ғана бағалау жеткіліксіз. Дегенмен заң – басқа, ал оның орындалуы мүлде басқа мәселе екені белгілі. Сонымен қатар жақында Қаржы министрлігі халықаралық стандарттарға сәйкес мемлекеттік сатып алу жүйесін кешенді бағалауды бастағанын мәлімдеген еді.
Жалпы, қандай өзгерістер енгізілді? Сол өзгерістер нәтиже беріп жатыр ма? Шолу жасап көрмекпіз.
Жылдамдық бар да, сапа бар
Қаржы министрлігі берген ақпаратқа сүйенсек, реформаның алғашқы нәтижелері мемлекеттік сатып алу саласында жылдамдық едәуір артқанын көрсетеді. Бұрын қарапайым конкурс өткізуге екі айға жуық уақыт кетсе, қазір бұл мерзім 10 күнге дейін қысқарған. Рейтингтік-балдық жүйе арқылы жүргізілетін сатып алулар 5 жұмыс күні ішінде аяқталады.
Бұл өзгерістің маңызы тек конкурс мерзімінің қысқаруымен өлшенбейді. Мемлекеттік мекеме сатып алуды неғұрлым ерте аяқтаса, қажетті тауарды жеткізу, қызмет көрсету немесе құрылыс жұмыстарын бастау мүмкіндігі де соғұрлым жеделдейді. Әсіресе, әлеуметтік нысандарды жөндеу, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, дәрі-дәрмек немесе коммуналдық қызметтерді сатып алу кезінде рәсімдердің бірнеше айға созылуы жобаның өзіне тікелей әсер ететін.
Дегенмен жылдамдық бар да, сапа бар. Қысқа мерзімде өтетін конкурстар сатып алу жоспарының алдын ала мұқият әзірленуін, техникалық сипаттамалардың нақты жазылуын және ақпараттық жүйелердегі деректердің дұрыс болуын талап етеді. Өйткені рәсім автоматтандырылған сайын бастапқы мәліметтердің сапасы шешуші мәнге ие болады. Жүйеге қате немесе толық емес ақпарат енгізілсе, автоматты шешімнің өзі де күмән туғызуы мүмкін.
Сатып алу көлемі өскен
Былтыр мемлекеттік сатып алу аясында 8,1 трлн теңгеге келісімшарт жасалған. Бұл 2024 жылғы 5,3 трлн теңгемен салыстырғанда 53 пайызға көп. Бұл көрсеткішті мемлекеттік шығындардың жай ғана ұлғаюы деп қарастыру біржақты болар еді. Сатып алу көлемінің өсуіне бюджеттік жобалардың белсенді іске асырылуы, бұрын созылып келген рәсімдердің жеделдеуі және келісімшарттарды уақытында рәсімдеу мүмкіндігінің артуы ықпал етуі ықтимал.
Бірақ келісімшарт сомасының өсуі жүйе тиімділігінің жалғыз өлшемі бола алмайды. Негізгі мәселе жасалған шарттардың қаншасы толық және сапалы орындалғанында. Алдағы уақытта мемлекеттік сатып алу тиімділігін бағалау кезінде конкурс өткізу мерзімімен қатар, қызметтің уақытында көрсетілуі, келісімшарттардың бұзылу үлесі, бағаның нарықтық деңгейге сәйкестігі және сатып алынған тауарлар мен қызметтердің сапасы да ескерілуге тиіс.
Яғни, реформаның келесі кезеңінде «қанша қаржы игерілді?» деген сұраққа қарағанда «сол бөлінген қаржының нәтижесі қандай болды?» деген мәселеге көбірек көңіл бөлінгені жөн болары анық.
Шағым азайған
Жаңа заң шағым қарау тәртібін де өзгертті. Енді конкурс нәтижесіне қатысты өтінішті сатып алуды ұйымдастырушының өзі қарайды. Бұл тәсіл рәсімдердің ұзақ уақытқа тоқтап қалмауына мүмкіндік берді. Нәтижесінде 2025 жылы шағымдар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 21 пайызға төмендеген.
Сонымен бірге сотқа жүгіну сатып алу рәсімін автоматты түрде тоқтатпайды. Мұның артықшылығы – бір қатысушының арызы әлеуметтік немесе инфрақұрылымдық жобаның іске асырылуын бірнеше айға бөгемеуі керек.
Алайда шағымдар санының азаюын жүйеге деген сенімнің толық артқанымен ғана байланыстыру асығыстық болар еді. Бұл көрсеткіш рәсімдердің түсінікті болуынан да, жеңімпазды автоматты түрде анықтау тетігінің кеңеюінен де, шағымданудың бұрынғыдай сатып алуды тоқтатпайтынынан да туындауы мүмкін.
Сондықтан шағымдардың азаюымен бірге олардың мазмұны да ескерілуі керек. Қатысушылар қандай мәселелерге жиі наразы болады? Техникалық сипаттамалар белгілі бір өнім берушіге бейімделе ме? Тапсырыс берушілер шағымдарды қаншалықты бейтарап қарайды? Осындай мәселелер бойынша ашық статистика жарияланса, жүйеге сенім де нығая түсер еді.
Жеңімпазды комиссия емес, жүйе анықтайды
Мемлекеттік сатып алу жүйесін жаңартудағы ең маңызды өзгерістердің бірі рейтингтік-балдық жүйенің енгізілуі болды. Әсіресе, құрылыс саласында жеңімпазды конкурстық комиссия емес, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде электронды жүйе автоматты түрде анықтайды.
Бағалау кезінде мердігердің жұмыс тәжірибесі, салықтық тәртібі, аумақтық ерекшеліктері, теріс көрсеткіштерінің болуы және басқа да өлшемдер ескеріледі. Осылайша, өнім берушіні таңдау бір адамның немесе комиссия мүшелерінің субъективті пікіріне тәуелді болмайды.
Бұл тәсілдің басты артықшылығы – шешім қабылдау үдерісіне тікелей араласу мүмкіндігін шектеуінде. Бұрын конкурстық комиссияның бағалауына қатысты күмән туындауы ықтимал болса, енді жеңімпаз алдын ала белгіленген көрсеткіштер бойынша есептеледі.
Сонымен қатар автоматтандырудың өзі барлық тәуекелді біржола жоймайды. Жүйе қандай өлшемдерді басым деп санайды, әр көрсеткішке қанша балл береді және деректер қаншалықты жиі жаңартылады деген сұрақ маңызды. Егер бағалау алгоритмі ашық түсіндірілмесе, адам қабылдаған түсініксіз шешімнің орнына алгоритм қабылдаған түсініксіз шешім келуі мүмкін. Рейтингтік-балдық сатып алудың қорытындысына шағым түсіруге жол берілмейтіні де жүйенің дәлдігіне қойылатын талапты күшейтеді. Мұндай жағдайда алгоритмнің жұмысына тұрақты аудит жүргізу, қате деректерді жедел түзету және қатысушыларға өз көрсеткіштерін алдын ала тексеруге мүмкіндік беру қажет.
Жауапкершілік күшейеді
Құрылыс саласындағы тендерде жобаға әртүрлі ұйым қатысып, мәселе туындаса, жауапкершілікті бір-біріне жиі аударып жатады. Жобалаушы құрылыстың сапасына, құрылысшы жобалық шешімге, ал техникалық қадағалау басқа қатысушыға сілтеуі мүмкін еді. Жаңа тәсіл осы бытыраңқылықты азайтып, соңғы нәтиже үшін жауап беретін нақты орындаушыны айқындайды.
Бірақ мұндай модель мердігерді таңдауға қойылатын талапты да күшейтеді. Жобалаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі толық циклді атқару үшін компанияның қаржылық тұрақтылығы, инженерлік мүмкіндігі, кәсіби мамандары және бұрынғы тәжірибесі жеткілікті болуы керек.
Бұл тетікке енгізілетін нысандар тізбесін мәслихаттардың бекітуі өңірлік ерекшеліктерді ескеруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге шешімдердің негізділігі қоғамға түсінікті болуы маңызды. Қандай нысан не себепті «Кілтімен тапсыру» тәсілімен салынады, мердігерге қандай міндеттемелер жүктеледі және кепілдік мерзімі қалай белгіленеді деген ақпарат ашық жарияланғаны жөн.
Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алудың бірыңғай операторы саналатын Электрондық қаржы орталығының базасында Бірыңғай сатып алу платформасы іске қосылды. Ол мемлекеттік сатып алу порталын, «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу жүйесін және өзге де электронды алаңдарды бір кеңістікке біріктіруге бағытталған.
Бұған дейін әр ұйымның өз сатып алу тәртібі мен ақпараттық жүйесінің болуы бизнес үшін қосымша кедергі тудыратын. Өнім берушілер әр алаңға бөлек тіркеліп, әртүрлі талаптарға бейімделуге мәжбүр болды. Бірыңғай платформаға толық көшу бұл үдерісті біріздендіріп, сатып алу нарығын бизнес үшін түсініктірек етуге тиіс.
Мұндай біріктіру мемлекеттік бақылауды да жеңілдетеді. Бір компанияның түрлі алаңдардағы келісімшарттарын, міндеттемелерді орындау тарихын және ықтимал тәуекелдерін салыстыруға мүмкіндік пайда болады. Бұл жалған бәсекелестік, өзара байланысты компаниялар немесе келісімшарттарды үнемі жеңіп алып, міндеттемесін тиісінше орындамайтын жеткізушілерді ертерек анықтауға көмектесуі мүмкін.
Алайда барлық жүйені бір платформаға шоғырландыру киберқауіпсіздік пен техникалық тұрақтылық мәселесін де алдыңғы қатарға шығарады. Бірыңғай жүйенің жұмысы тоқтаса, сатып алу үдерістерінің едәуір бөлігіне бір мезгілде әсер етуі ықтимал. Сондықтан резервтік инфрақұрылым, деректерді қорғау және жүйенің үздіксіз жұмыс істеуі реформаның маңызды бөлігі болуға тиіс.
ЖИ жәрдемші бола ала ма?
Қазір мемлекеттік сатып алудың жоспарлаудан бастап төлем жасауға дейінгі барлық кезеңі веб-порталда электронды форматта жүргізіледі. Бұл әрбір әрекетті тіркеуге, рәсімдерді қадағалауға және кейін тексеруге мүмкіндік береді.
Қаржы министрлігі алдағы кезеңде жасанды интеллект технологияларын кеңінен пайдалануды көздеп отыр. Оның мүмкіндігі жеңімпазды анықтаумен ғана шектелмеуі керек. Жасанды интеллект техникалық сипаттамалардың белгілі бір компанияға бейімделгенін анықтауға, нарықтық бағадан айтарлықтай ауытқыған ұсыныстарды белгілеуге, бір-бірімен байланысты өнім берушілерді табуға және күмәнді сатып алуларды алдын ала саралауға қолданылуы мүмкін.
Мысалы, бір тапсырыс беруші қысқа уақыт ішінде сол тауарды әртүрлі бағамен бірнеше рет сатып алса немесе конкурс талаптары үнемі бір ғана компанияға сәйкес келсе, жүйе мұны автоматты түрде тәуекел белгісі ретінде көрсете алады.
Дегенмен жасанды интеллект бақылаушының орнын толық баса алмайтыны – белгілі жайт. Ол үлкен көлемдегі деректерді саралап, күмәнді жағдайларды анықтайтын құрал болса, онда әңгіме – басқа. Соңғы құқықтық бағаны уәкілетті орган немесе аудитор беруі тиіс.
Алгоритмдерді енгізу кезінде олардың қандай деректерді пайдаланатыны, қателесу ықтималдығы және шешімге кім жауап беретіні нақты белгіленуі қажет. Мемлекеттік сатып алу саласындағы алгоритм қатесі компанияны маңызды нарықтан шеттетуі немесе бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкелуі мүмкін.
Қоғамдық мониторинг нақты бақылауға айнала ала ма?
Жаңа заңда қоғамдық мониторинг тетігінің енгізілуі мемлекеттік сатып алуды тек мемлекеттік органдардың ішкі рәсімі ретінде қарауға болмайтынын көрсетеді. Азаматтар, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдар сатып алу туралы ақпаратты талдап, күмәнді жағдайларға назар аудара алады.
Бірақ қоғамдық мониторингтің тиімділігі ақпараттың жай жариялануына емес, оның түсінікті әрі өңдеуге ыңғайлы болуына байланысты. Мыңдаған келісімшарттың сканерленген нұсқасын порталға орналастыру формалды ашықтықты қамтамасыз етуі мүмкін, алайда ол қоғамға нақты талдау жасауға мүмкіндік бермейді.
Сатып алу деректері ашық форматта ұсынылып, тапсырыс беруші, өнім беруші, баға, келісімшарттың орындалу мерзімі, қосымша келісімдер және нақты төлемдер бойынша іздеу мүмкіндігі болуы керек. Сонда қоғамдық бақылау жекелеген даулы сатып алуларға назар аударумен шектелмей, жүйелі мәселелерді анықтайтын құралға айналады.
Отандық өндірушіні қолдау әділ болуы қажет
Қаржы министрлігі ұлттық режимнен алып тасталатын тауарлар тізбесін кеңейту арқылы отандық өндірушілерге қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл мемлекеттік тапсырысты ішкі өндірісті дамытуға, жұмыс орындарын ашуға және импортқа тәуелділікті азайтуға бағыттауға мүмкіндік береді.
Алайда мұндай қолдау сапа мен бағаға қойылатын талаптарды әлсіретпеуі керек. Отандық өнімнің өзі бәсекеге қабілетті, қауіпсіз және мемлекеттік тапсырыс берушінің қажеттілігіне сай болғаны маңызды.
Мемлекеттік сатып алу отандық бизнесті дамытудың қуатты құралына айнала алады. Бірақ тұрақты мемлекеттік тапсырысқа сүйенген компаниялар технологиялық жаңару мен өнім сапасын арттырудан бас тартса, қолдау шарасы ұзақ мерзімде кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан жергілікті қамтуды арттырумен бірге өндіріс сапасы, инновация және келісімшарттық міндеттемелерді орындау деңгейі де бағалануға тиіс. Бұдан бөлек, бақылау әділ жүргені де аса маңызды.
MAPS бағалауы солқылдақ тұстарды көрсетуі мүмкін
2026 жылғы 9 шілдеде Қаржы министрлігі Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорымен бірлесіп, Қазақстанның мемлекеттік сатып алу жүйесін MAPS халықаралық әдіснамасы бойынша бағалауға арналған кіріспе семинар өткізді.
MAPS әдіснамасы сатып алу жүйесін тек заң талаптары бойынша емес, оның іс жүзінде қалай жұмыс істейтініне қарай кешенді бағалайды. Оның аясында құқықтық және институционалдық орта, сатып алу рәсімдерінің тиімділігі, ашықтық, есептілік, бәсекелестік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктер қарастырылады.
Еліміздің мемлекеттік сатып алу жүйесі осы әдіснама бойынша бұған дейін 2019 жылы Дүниежүзілік банк, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі және Азия даму банкі өкілдерінің қатысуымен бағаланған еді.
Жаңа бағалау 2019 жылдан бері жүзеге асқан реформалардың нәтижесін салыстыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол ресми статистикада көрінбейтін мәселелерді де анықтауы ықтимал. Мысалы, рәсімдердің жылдамдығы артқанымен, бәсекелестік деңгейі қалай өзгерді? Шағын және орта бизнеске мемлекеттік тапсырысқа қатысу жеңілдеді ме? Бір ғана қатысушы өтінім беретін конкурстардың үлесі азайды ма? Келісімшарттардың орындалу сапасы жақсарды ма?
Халықаралық бағалаудың мәні Қазақстанның сатып алу жүйесіне баға берумен шектелмейді. Оның негізгі пайдасы әлсіз тұстарды анықтап, келесі реформаның нақты бағытын белгілеуде болмақ.
P.S.
Осылайша, мемлекеттік сатып алу жүйесіне бірқатар технологиялық және құқықтық өзгеріс енгізілді. Бұл өзгерістер жүйені бұрынғыдан жылдам әрі бақыланатын етуге мүмкіндік беріп отыр. Алайда цифрландыру мен автоматтандыру әділдікке кепілдік бермейді. Нәтиже алгоритмдердің ашықтығына, бастапқы деректердің сапасына, қоғамдық бақылаудың пәрменділігіне және келісімшарттардың нақты орындалуына байланысты болады.
Сондықтан реформаның шынайы тиімділігі жасалған келісімшарттардың триллиондаған сомасымен ғана емес, сол қаражаттың қоғам өміріне қаншалықты нақты өзгеріс әкелгенімен бағалануға тиіс.