ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесін дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова еңбек нарығы мен экономиканың сұранысына сай білікті мамандар даярлауға бағытталған техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесін одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын таныстырды. Министрдің мәліметінше, соңғы үш оқу жылы ішінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне көрсетілетін мемлекеттік қолдау едәуір күшейді. Мемлекеттік білім беру тапсырысы 48,4 мың орынға ұлғайды. Соның нәтижесінде колледж студенттерінің саны 542,7 мыңнан 556,2 мың адамға дейін өсті.
Кадр даярлау көрсеткіштерінде де оң үрдіс байқалады. Соңғы үш жылда бітірушілер саны шамамен 20%-ға артты. Оның ішінде жұмысшы біліктілігі бойынша түлектер саны 26,5%-ға, орта буын мамандары бойынша 17%-ға көбейді.
Техникалық және кәсіптік білім беру мазмұнын жетілдіру алдағы кезеңдегі басым міндеттердің бірі болмақ. Осы бағытта колледждердің білім беру бағдарламаларын жаңарту, еңбек нарығының сұранысына сәйкес кадрлар даярлау сыныптауышын өзектендіру және мамандар даярлаудың заманауи тәсілдерін енгізу жұмыстары жалғасады.
Осыған байланысты Аида Балаева Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес техникалық мамандықтардың беделін арттыруға және экономиканың басым салаларына қажетті білікті кадрларды даярлауға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Кеңес барысында экономикаға қажетті кадрларға деген сұранысты болжау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Вице-премьер ең алдымен заман талабына сай келмейтін және еңбек нарығында сұранысы жоқ білім беру бағдарламаларын қысқартып, олардың орнына нақты қажеттілікке негізделген жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу жұмыстарын жалғастырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллектінің, инновациялардың, цифрландыру мен роботтандырудың қарқынды дамуы жағдайында кадрларға деген қажеттілікті болжау жүйесі де жаңа талаптарға сай қалыптастырылуы тиіс.
Сонымен қатар колледждердің инфрақұрылымын жаңғыртуға және материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық беру қажеттігі айтылды.
Дуальды оқыту жүйесін кеңейту және жұмыс берушілермен өзара ынтымақтастықты күшейту де маңызды бағыттардың бірі ретінде белгіленді. Сондай-ақ экономиканың кадрларға деген қажеттілігін болжау тетіктерін жетілдіру және бизнес қауымдастықпен әріптестікті дамыту жұмыстары жалғасады.
Кеңес қорытындысы бойынша Аида Балаева білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына сай тұрақты түрде жаңартып отыруды, колледждердің жұмыс берушілермен байланысын күшейтуді және дуальды оқыту жүйесін одан әрі кеңейтуді тапсырды. Сонымен қатар цифрландыру, роботтандыру және инвестициялық жобаларды іске асыру үдерістерін ескере отырып, экономикаға қажетті кадрларға тұрақты болжам жасауды қамтамасыз ету, колледждердің инфрақұрылымын жаңғырту, өндірістік практиканы ұйымдастыру тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу міндеті жүктелді.