ЖСДП-дан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Шығыс Қазақстан облысында «КеденТрансСервис» АҚ қызметкерлерімен кездесіп, партияның «Прогресс жолындағы 20 белес» атты сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Кездесу барысында еңбек ұжымын толғандырған әлеуметтік-экономикалық мәселелер талқыланып, кандидаттар тұрғындарды алаңдатқан сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жиынды ЖСДП-дан депутаттыққа кандидат Виктор Калгин ашып, кәсіпорын қызметкерлеріне адал еңбегі үшін ризашылығын білдірді. Ал партияның ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған сайлауалды тұғырнамасының негізгі басымдықтарын депутаттыққа кандидат Рүстем Сарманов баяндап берді. Оның айтуынша, ауылды дамыту – елдің ұлттық әрі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі.
«Барлығымыздың түп-тамырымыз ауылмен байланысты. Өзіміз болмасақ та ата-анамыз, ата-әжеміз ауылдан шыққан. Сондықтан ЖСДП ауылдық аумақтарды дамытуға ерекше мән береді. Қуатты ауыл болмаса, қуатты Қазақстан да болмайды», – деді Рүстем Сарманов.
Кездесу барысында қатысушылар ауылдық жерлерде халықтың тұрақтап қалуын қамтамасыз ету жолдары туралы сан алуан сауал қойды. Кандидаттардың пікірінше, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы мен жеңілдетілген бағадағы тұрғын үй жобалары жаңа жұмыс орындарының ашылуымен қатар жүзеге асырылуы керек. Сонда ғана жоба кешенді түрде тиімді болады.
«Егер жұмыс болмаса, адамдарды ауылда ұстап қалу қиын. Біз әрбір ауылда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндіріс орындарын ашуды ұсынамыз. Бұл ауыл тұрғындарын тұрақты табыспен қамтамасыз етіп, өңір мен республиканың бюджетіне қосымша кіріс әкеледі», – деді Виктор Калгин.
Зейнетақы жүйесі мен медициналық қызмет мәселелері көтерілді Кездесуде әлеуметтік саясат мәселелеріне де ерекше назар аударылды. ЖСДП өкілдері қазіргі зейнетақы жүйесі түбегейлі реформаны қажет ететінін атап өтті. Партия ерлер мен әйелдер үшін зейнет жасын төмендетуді қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ инфляция деңгейінен төмен табыс әкелетін жинақтаушы жүйені жетілдіру қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар қызметкерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты өз пікірлерін білдірді. Олардың айтуынша, ай сайынғы аударымдарға қарамастан, бейінді мамандардың қабылдауына жазылу ұзақ уақыт күту, жағдайды қиындатып отыр. Соның салдарынан көптеген азаматтар ақылы медициналық қызметке жүгінуге мәжбүр.
ЖСДП өкілдері сақтандыру жарналары азаматтарға медициналық көмекті уақытылы әрі қолжетімді алуға нақты мүмкіндік беруі тиіс екенін айтты.
Өңірдегі атқарылған жұмыстар таныстырылды.
Кездесу барысында кандидаттар партияның өңірдегі нақты нәтижелі жұмыстарына да тоқталды. Олардың айтуынша, Шығыс Қазақстан облыстық филиалының бастамасымен бірнеше жылдан бері апатты жол учаскелерін жөндеу мәселесі көтеріліп келеді. Соның нәтижесінде «КеденТрансСервис» АҚ қызметкерлері күнделікті қатынайтын Делегатская көшесіне жөндеу жүргізіліп, сапалы жол жабыны мен жаяу жүргіншілер жолы салынған.
Сондай-ақ партияның бастамасымен өткен дөңгелек үстелдер, сараптамалық талқылаулар және депутаттық сауалдардың нәтижесінде интернет-алаяқтыққа қарсы заңнамалық тетіктер күшейтіліп, арнайы «Киберпол» бөлімшесін құруға қол жеткізілгені айтылды. Алаяқтық құрбаны болған тұрғын тәжірибесімен бөлісті Кездесу барысында кәсіпорын қызметкері Нина Кусакина өз басынан өткен жағдайды баяндады. Оның айтуынша, алаяқтардың әрекеті салдарынан оның атына үш банктен жалпы сомасы 23 миллион теңге болатын заңсыз несие рәсімделген. Бұл мәселе бойынша түрлі саяси ұйымдарға жүгінгенімен, нақты көмек көрсеткен жалғыз партия ЖСДП болғанын айтты.
Партия өкілдерінің мәліметінше, бүгінгі таңда олардың қолдауымен заңсыз рәсімделген несиелерден 276 азамат босатылған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Кездесу соңында партия кандидаттары еңбек ұжымын алдағы сайлауға белсенді қатысуға шақырып, сайлау бюллетеніндегі №2 партияны қолдауға үндеді. Партияның еңбек ұжымдарымен кездесулері жалғасуда.