Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасы жан-жақты талқыланды. 2026 жылдың 29 шілдесі күні Ұлытау облысының орталығы – Жезқазған қаласында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) өкілдері оңалту орталығының мамандарымен кездесті. Кездесу барысында медицина саласының қызметкерлері өз ұсыныстарын ортаға салып, партияның алдағы елді дамыту жолындағы жоспарымен танысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шараның мақсаты – денсаулық сақтау және әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді талқылау, сондай-ақ мамандардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдау және жинақтау. Кездесу барысында ЖСДП өкілдері партияның қызметі мен «Прогресс жолындағы 20 белес» атты сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Сонымен қатар, 23 тамызда өтетін сайлаудың маңыздылығы түсіндіріліп, ЖСДП-ны қолдауға бағытталған үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.
Шара барысында ЖСДП-дан ҚР Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрия Балтабайқызы: «Біз үнемі халықпен бірге болатын партиямыз», – деп сөз бастады.
«ЖСДП үнемі халықтың әлеуметтік мәселелерін көтеріп келе жатыр. Біздің осы Ұлытау өңіріне, Жезқазған қаласына келудегі басты мақсатымыз – үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу болып отыр. Ерекше ескере кететін бір дүние – біздің партия тарапынан Құрылтайға ұсынылған кандидаттардың барлығы қарапайым халықтың ортасынан шыққан азаматтар. Ортамызда олигархия өкілдері де, ірі шенеуніктік қызметте болған ешқандай адам да жоқ. Ұсынылғандардың барлығы өз саласының білгірі, нағыз мамандар деп нақты айта аламын», – деді Нұрия Балтабайқызы.
Одан соң кездесуге келген кандидат халықтың әлеуметтік тұрмысын оңалту ЖСДП-ның басты ұстанымы екені жөнінде жан-жақты сөз қозғады.
«Әсіресе өңірдің медицина қызметкерлерімен арнайы кездесуді мақсат етіп келдік. Насихат жұмыстары барысында салада қандай мәселелер бар? Мамандарды, қызметкерлерді қандай сұрақтар мазалап отыр? Біздің партия оған қай жағынан көмектесе алуы мүмкін деген сауалдарды көтеріп, өздеріңізбен бірге талқылап отырмыз. Халықтың әлеуметтік тұрмысын оңалту партияның сайлауалды бағдарламасында да нақты көзделіп отыр. Біздің партия бүгінгі өздеріңіз айтқан күрделі мәселелерді жай қалдырмай, алдағы уақытта аталған шаруалар бойынша жан-жақты жұмыс жүргізетін болады», – деді Нұрия Балтабайқызы.
Мамандармен пікірлесу кезінде жалақының төмендігі мен мамандардың жетіспеушілігі өзекті мәселе екені белгілі болды. Одан бөлек, өңірдегі әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізу қажеттігі де мамандар тарапынан көтерілді.
Алдағы уақытта ЖСДП аталған мәселелерді арнайы тіркеп, айтылған жағдайлар бойынша жұмыс жүргізетіні атап өтілді.