28 шілде күні таңертең Шетпе – Сайөтес тасжолының 252-шақырымында адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды turkystan.kz lada.kz-ке сілтеме жасап.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Chevrolet Cobalt көлігін басқарған Атырау облысының тұрғыны рөлге ие бола алмай, көлік жолдан шығып кетіп, аударылған.
Жол апаты салдарынан жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. Ал көлік салонында болған төрт бала түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта олардың барлығы дәрігерлердің бақылауында.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі қайғылы оқиғаға дейін аталған көлікті патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатқанын хабарлады.
Жүргізушімен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, оған жол қозғалысы қауіпсіздігі ережелері түсіндіріліп, демалу үшін жолда аялдау қатаң түрде ұсынылған. Алайда қайғылы оқиғаның алдын алу мүмкін болмаған.
Ведомствоның мәліметінше, жаз мезгілінде Маңғыстау өңіріне еліміздің әртүрлі аймақтарынан туристер мен демалушылар көп келеді. Осыған байланысты патрульдік полиция қызметкерлері тәулік бойы екі ауысыммен күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр.