Ақтөбе облысында жол апатынан Дон тау-кен байыту комбинатының үш қызметкері қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.
28 шілдеде Ақтөбе мен Хромтау қалаларының арасындағы Самара – Шымкент тасжолында Audi жеңіл көлігі мен жүк тасымалдайтын «ГАЗель» автокөлігі соқтығысты.
Полицияның мәліметінше, жол апаты салдарынан 25 жастағы Audi жүргізушісі мен бір жолаушы оқиға орнында көз жұмған. Тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізіліп бара жатқан жолда қайтыс болды.
Қаза тапқан үш азаматтың да Хромтаудағы Дон тау-кен байыту комбинатында жұмыс істегені белгілі болды. Олар жұмысқа өз көліктерімен бара жатқан.
«Қазхром» ТҰК» АҚ баспасөз қызметі жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептерін уәкілетті органдар анықтап жатқанын хабарлап, марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Жол апатынан «ГАЗель» жүргізушісі де зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді.