ЖСДП кандидаттары Шығыс Қазақстан тұрғындарымен кездесті

/
ЖСДП кандидаттары Шығыс Қазақстан тұрғындарымен кездесті

ЖСДП кандидаттары Шығыс Қазақстан облысының Глубокое кентінің тұрғындарымен кездесті. Басқосу Абай атындағы мәдениет үйінің кітапхана залында өтті. Кездесу хаттамаға құрылған ресми жиыннан гөрі сайлаушылармен ашық диалог форматында өтіп, тұрғындар өзекті мәселелерін көтеріп, нақты жауап алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесуді ЖСДП-дан Құрылтай депутаттығына кандидат Виктор Калгин ашты. Ол тұрғындарға белсенді азаматтық ұстанымы мен бейжай қарамағаны үшін алғыс айтып, партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтарға тоқталды. Атап айтқанда, әлеуметтік әділеттілік, өңірлерді дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, сапалы білім беру мен денсаулық сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу және әрбір қазақстандықтың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету мәселелерін атап өтті.

Сондай-ақ Виктор Калгин Шығыс Қазақстан үшін ерекше өзекті саналатын еліміздің толық пайдаланылмай отырған аграрлық әлеуетіне тоқталды.

«Қазақстанның аграрлық әлеуеті орасан зор. Алайда ол бүгінде толық пайдаланылып отырған жоқ. Ауылды дамыту үшін ғылымға негізделген өндірісті жолға қойып, ет, жүн, тері секілді ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жүйесін дамыту қажет. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, қосылған құн көлемін арттырады әрі ел бюджетіне қосымша кіріс әкеледі», – деді Виктор Калгин.

Бұл тақырыпты ЖСДП-дан Құрылтай депутаттығына кандидат Рүстем Сарманов жалғастырып, ауыл ғана емес, бүкіл елге ортақ жүйелі мәселеге назар аударды.

«Жемқорлықты түбегейлі жоймайынша елдің өркендеуі мүмкін емес. Бұл – дамудың басты шарты. Қазақстан халқының шамамен 40 пайызы ауылдық жерде тұрады. Олар елді азық-түлікпен қамтамасыз етіп, азық-түлік қауіпсіздігінің негізін қалыптастырып отыр. Алайда бүгінде халықтың қалаға жаппай көшу үрдісі байқалады. Бұл алаңдатарлық жағдай және ауылды қолдауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясатты қажет етеді», – деді Рүстем Сарманов.

Кездесу барысында тұрғындар да белсенділік танытып, зейнетақы мен жалақыны көтеруге қаржыны қайдан алу, зейнетақы реформасын қалай жүзеге асыру және мемлекеттік бюджетті толықтыру жолдары туралы сұрақтар қойды. Партия өкілдері бұл бағыттағы негізгі үш тетік ретінде жемқорлықпен күрес пен экономиканы толық цифрландыруды, әділ салық жүйесін қалыптастыруды және шикізаттық емес өндірістерді дамытуды атады.

Осы ұстанымдардың іс жүзінде тиімділігін көрсету мақсатында Ақмола облысындағы Родина ауылының тәжірибесі мысалға келтірілді. Мұнда тиімді ұйымдастырудың арқасында үлгілі ауыл шаруашылығы өндірісі қалыптасқан. Бұл бастаманы аудандық мәслихат төрағасы Алтай Қалиғожин де қолдап, ауылды дамытудың қарапайым әрі тиімді қағидатын ұсынды.

«Бір ауыл – бір өндіріс», – деді Алтай Қалиғожин.

Кездесу барысында тұрғындар жолдардың жай-күйі, абаттандыру, медицина, білім беру, жастар саясаты және коммуналдық қызметтердің сапасы мәселелерін көтерді. Басқосу соңында қатысушыларға ЖСДП-ның тарихы туралы ақпараттық брошюралар таратылды.

ЖСДП сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын еліміздің барлық өңірінде жалғастырып жатыр. Партия үшін азаматтармен ашық диалог – сайлау алдындағы науқанның бір бөлігі ғана емес, күнделікті жұмысының басты қағидаты.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар