Павлодар облысында Respublica партиясының Құрылтай депутаттығына кандидаттары еліміздегі ірі энергетикалық кәсіпорындардың бірі – «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ ұжымымен кездесті. Кездесуде салық саясаты, моноқалаларды дамыту, уақыт белдеуі, еңбекке ақы төлеу, кадр тапшылығы және өндірістегі еңбек жағдайлары секілді өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Партия төрағасының орынбасары Олжас Құспеков Respublica нақты экономиканың өкілдерін – кәсіпкерлерді, өнеркәсіпшілерді, дәрігерлерді, мұғалімдерді және аграршыларды біріктіретін партия екенін атап өтті.
«Бір кездері бизнесте қазіргі табысымнан бірнеше есе көп табыс таптым. Бірақ көптеген мәселені сырттан бақылап емес, шешім қабылдайтын жерде жүріп өзгертуге болатынын түсіндім. Сондықтан саясатқа келдім. Біз балаларымыз өмір сүретін күшті Қазақстанды бірге құруымыз керек», – деді Олжас Құспеков.
Құрылтай депутаттығына кандидат Бекжан Айтқұлов партия өндіріс пен бизнестің мәселелерін теория жүзінде емес, өз тәжірибесі арқылы білетін адамдардан құралғанын айтты.
Дәурен Мүнкебаев жүйелі реформалардың уақыт пен табандылықты талап ететінін атап өтті. Оның айтуынша, құрылыс материалдары өндірісіндегі өзекті мәселені шешуге партиямен бірге шамамен бір жарым жыл жұмыс жүргізілген.
«Нақты нәтиже бір күнде келмейді. Бірақ мәселені соңына дейін жеткізетін ұстаным ғана өзгеріс әкеледі», – деді ол.
Сондай-ақ кандидат Respublica әлеуметтік аударымдарға бірыңғай тіркелген мөлшерлеме енгізуді ұсынып отырғанын айтты. Бұл жұмыс берушілердің шығынын азайтып, қызметкерлердің табысын арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, ірі кәсіпорындар төлейтін салықтардың едәуір бөлігі өңірлердің инфрақұрылымын, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға бағытталуы тиіс екенін жеткізді.
Respublica әйелдер қоғамдастығының жұмысы туралы Даурия Байқонова баяндады. Ол қоғамдастық бастамаларының Нұргүл Тау, Динара Наумова және Екатерина Смолякова арқылы Парламентте көтеріліп, VIII шақырылым Мәжілісінің заңнамалық қызметінде нақты қолдау тапқанын айтты.
Партияның Павлодар облыстық филиалының төрағасы Махамбет Амангелді өңірдегі нақты нәтижелерге тоқталды. Оның айтуынша, филиал құрылғаннан бері тұрғындардың ондаған мәселесі мемлекеттік органдармен бірлесіп шешілген. Соның бірі – Екібастұз қаласындағы төрт мектеп мұғалімдерінің үш жыл бұрын төленбей қалған әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын қалпына келтіру.
Respublica-ның сайлауалды бағдарламасында энергетикалық қауіпсіздікке ерекше басымдық берілген. Партия атом, сутек және жаңартылатын энергетиканы дамытуға, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға, энергия тиімділігін арттыруға, энергоаудитті қолдауға және маңызды инфрақұрылымды киберқауіптерден қорғау жүйесін күшейтуге бағытталған бастамаларды ұсынады.
Кездесу соңында партия өкілдері энергетиктердің сұрақтарына жауап беріп, өндіріс қызметкерлері көтерген ұсыныстар Құрылтайдағы болашақ заңнамалық жұмыстың негізіне айналатынын атап өтті.