Қызылорда және Қарағанды облыстарында теміржол вокзалдарын жаңаррту жұмысы аяқталды. Жаңартылған нысандар жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, қауіпсіздік пен қызмет көрсету сапасының заманауи талаптарына сәйкестендірілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қызылорда облысындағы 1904 жылы салынған Сексеуіл теміржол вокзалы ауқымды реконструкциядан өтті. Жөндеу барысында ғимараттың қасбеті мен шатыры жаңартылып, ішкі бөлмелеріне күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ энергия үнемдейтін шыны пакеттермен жабдықталған алюминий витраждар орнатылып, құрылыс-монтаж жұмысына отандық өндірістің сапалы материалдары пайдаланылды.
Жалпы ауданы 454,03 шаршы метрді құрайтын ІІІ класты вокзал тәулігіне орта есеппен 300-ге жуық жолаушыға қызмет көрсетеді. Станса арқылы Алматы, Астана, Қарағанды, Атырау, Павлодар, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Маңғыстау, Жезқазған, Шымкент, Түркістан, Шу, Тараз қалаларына, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан бағыттарына қатынайтын 30 жолаушылар пойызы өтеді.
Сонымен қатар Қарағанды облысындағы Дария және Мырза стансаларындағы теміржол вокзалдарының реконструкциясы аяқталды.
1940 жылы пайдалануға берілген Дария вокзалы толық жаңартудан өтті. Екі қабатты ғимараттың инженерлік инфрақұрылымы жаңартылып, өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес қосымша эвакуациялық шығу жолдары салынды. Бұл станса арқылы Астана, Қарағанды, Жезқазған, Семей, Балқаш, Павлодар, Түркістан, Шымкент, Шу, Тараз, Маңғыстау және Бейнеу бағыттарына қатынайтын 10 жолаушылар пойызы өтеді.
1987 жылы салынған Мырза стансасының вокзалы да күрделі жөндеуден өтіп, инженерлік коммуникациялары жаңартылды. Ғимараттың ішкі бөлмелері мен қасбеті жөнделіп, жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілді. Бұл станса арқылы Қарағанды, Қостанай, Астана және Көкшетау бағыттарына қатынайтын 6 жолаушылар пойызы жүреді.
Жаңарту жұмысы барысында барлық нысандарда отандық өндірістің құрылыс материалдары қолданылды. Жаңартылған вокзалдар қауіпсіздік, қолжетімділік және қызмет көрсету сапасы бойынша қазіргі талаптарға толық сәйкес келеді. Жобалар теміржол инфрақұрылымын дамытуға, өңірлердегі көлік қызметінің сапасын арттыруға және жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.