Жамбыл облысында 8 жыл бұрын қарақшылық шабуыл жасаған күдікті ұсталды

/
Жамбыл облысында 8 жыл бұрын қарақшылық шабуыл жасаған күдікті ұсталды
istockphoto.com

Жамбыл облысында полицейлер сегіз жыл бұрын жасалған қарақшылық шабуылды ашты, деп хабарлайды turkystan.kz.

2018 жылы Меркі ауданындағы автожолда белгісіз ер адам әйелге қарақшылық шабуыл жасаған. Күдікті күш қолданып, жәбірленушіні соққыға жығып, алтын әшекейлерін тартып алып, оқиға орнынан бой тасалаған.

Оқиғадан кейін полиция қызметкерлері қажетті тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Жәбірленушінің сипаттамасы бойынша күдіктінің фотороботы жасалғанымен, сол кезде оның жеке басын анықтау мүмкін болмаған. Соған қарамастан, қылмыстық іс бойынша жұмыс тоқтатылмаған.

Сегіз жылдан кейін ашылмаған қылмыстардың материалдарын қайта зерделеу кезінде полиция қызметкерлерінің бірі фотороботтағы адамды бұрын көргенін таныған. Бұл дерек жедел-іздестіру шараларын қайта жандандыруға негіз болды.

Тергеу барысында прокуратураның үйлестіруімен полицейлер 41 жастағы күдіктінің жүрген жерін анықтап, оны ұстады.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабының 1-бөлігі («Қарақшылық») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Полицияның мәліметінше, жылдар өтсе де ашылмаған қылмыстар құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмайды. Заманауи тергеу тәсілдері мен қызметкерлердің кәсіби тәжірибесінің арқасында қылмысқа қатысы бар тұлғалар анықталып, жауапкершілікке тартылады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары