Әнші Әділет Жауғашар әлеуметтік желіде сынға ұшыраған «Сүй иә» әніне қатысты пікір білдіріп, көпшіліктен кешірім сұрады. Өнер иесі әннің қоғамның көңіліне қаяу салғанын ескеріп, енді оны орындамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Құрметті тыңдармандар, әлеуметтік желіде өзіме қатысты болып жатқан пікірлер мен мәселелерді көрдім, оқыдым. «Сүй иә» атты әнді жазған кезде Әзілхан Нұршайықовтың сөзіне сүйендік. Бірақ ол кісі өмір сүрген қоғам мен біз өмір сүріп жатқан қоғамның екі түрлі екенін аңғармаппыз. Көптің көңіліне тиеді деп ойламаппыз. Бірақ мен де зорлық-зомбылыққа қарсы адамдардың бірімін. Содан кейін шығар, әкеммен емес, анаммен өстім. Бұл ән көңілдеріңізден шықпай, ұнамай жатса, енді оны орындамаймын деп шештім. Кешірім сұраймын! «Сұлудың жоқ дегені – жоқ», – деді ол.
Айта кетейік, әншінің аталған туындысында «Сұлудың «жоқ» дегені – «иә», жоқ деуге келтірмеші сия» деген жолдар бар. Осы сөздер әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшілік мұны зорлық-зомбылықты, нақтырақ айтқанда, келісімсіз қарым-қатынасты ақтайтын әрі насихаттайтын мазмұн ретінде сынға алды.