«Мәңгілік махаббатымыз, мәңгілік сағынышымыз»: Жанаргүл Жаныаманова ұлын еске алды

/
«Мәңгілік махаббатымыз, мәңгілік сағынышымыз»: Жанаргүл Жаныаманова ұлын еске алды
Әлеуметтік желіден

Актер Рүстем Жаныамановтың жары, актриса Жанаргүл Жаныаманова Instagram-дағы парақшасында өмірден өткен ұлын еске алып, тебіренткен жазба жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өнер иесі ұлының мәңгілік өмірге аттанғанына 12 жыл толғанын айтып, оның ата-анасы болғанына Аллаға шүкіршілік ететінін жеткізді.

«Мәңгілік махаббатымыз! Мәңгілік сағынышымыз! 12 жыл өте мейірімді, ақылды, сұлу, талантты, дана тұлғаның ата-анасы болғанымызға Аллаға рақмет. Сен бізге ұстаз болдың, ұстаз болып қаласың. Көп нәрсені үйреттің, әлі де үйретесің. Сен бізге мейірімділіктің, шыдамдылықтың, нағыз мұсылмандықтың үлгісін көрсеттің», – деп жазды актриса.

Жанаргүл Жаныаманова емдеу барысында көкейінде жауапсыз қалған сұрақтар бар екенін, алайда әр сынақтың астарында Жаратушының хикметі бар екеніне сенетінін айтты.

«Емдеу барысына қатысты көкейімде жауапсыз қалған сұрақтар бар, бірақ "Құдайсыз қурай да сынбайды" демекші, бұл сынақта Жаратушының бір хикметі бар. Ұлымыз өмір сүруін тоқтатқан жоқ, мәңгілік өмірге бізден бұрын оралды», – деді ол.

Сондай-ақ актриса ұлымен арадағы рухани байланыстың үзілмегенін айтып, ата-ана ретіндегі міндетінің әлі де жалғасып жатқанын жеткізді.

«Біздің қарым-қатынасымыз үзілген жоқ, ата-ана ретіндегі міндетіміз де аяқталған жоқ. Ол қазір үйде, керісінше біз қонақтамыз», – деп түйіндеді Жанаргүл Жаныаманова.

Желі қолданушылары пікір қалдырып, отбасыға көңіл айтып, сабыр тіледі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар