Бұл күндері Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі өтіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бүгінгі сот отырысында күдікті деп танылған Шерхан Аймаханнан жауап алынды. Ол өзіне тағылған айыптарды ешқайсысын мойындамайтынын мәлімдеді.
«Екеуміз айырылысамыз дегенімде, ол ашуланып, жүзікті көшеге лақтырып жіберді. Кейін кеудемнен ұрып, былапыт сөздер айта жөнелді. Сол кезде қалтамдағы екі пышақтың бірін алып оған бердім де: «Ұрғаннан гөрі осыны тық» дедім. Нұрай пышақты алып, оң жақ бүйіріме сұқты. Одан кейін не болғаны есімде жоқ», - деді Ш. Аймахан.
Айта кетейік, биыл қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай аса қатыгездікпен өлтірілді. Қыз оқиға орнында көз жұмды. Кейін күдікті Шерхан Аймаханның қылмысқа алдын ала дайындалып, өзімен бірге пышақ алып келгені белгілі болды. Алдымен ол Нұрайға 5-6 рет пышақ жарақатын салып, кейін қайта оралып, куәгердің көзінше тағы шабуыл жасаған. Айыптау актісіне сәйкес, салдарынан бойжеткеннің денесіне жалпы 35 рет пышақ сұққаны анықталды.
Сондай-ақ қылмысқа Нұрайдың күдіктіге тұрмысқа шығудан бас тартуы себеп болғаны белгілі болды. Бұған дейін Шерхан Аймаханның бойжеткенді алып қашқаны, кейін оның соңынан аңдып, үздіксіз мазалаған. Тіпті, бір күннің өзінде қызға 76 рет қоңырау шалған. Осы фактілер бойынша полиция адам өлтіру және сталкинг баптарымен қылмыстық іс қозғады.