Астанада жедел жәрдем стансасының бұрынғы директоры 700 млн теңге жымқырған

/
Астанада жедел жәрдем стансасының бұрынғы директоры 700 млн теңге жымқырған
istockphoto.com

Астанада елорданың жедел медициналық жәрдем стансасында бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша үкім шығарылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сотта Астана қаласы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасының тергеген қылмыстық ісі қаралды. Сот 2020-2023 жылдар аралығында жедел медициналық жәрдем стансасының бұрынғы директоры, бұрынғы көлік бөлімінің басшысы және бұрынғы бас механик әрі қойма меңгерушісі міндетін қоса атқарған санитарлық автокөліктерді жөндеуге және техникалық қызмет көрсетуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыруды ұйымдастырғанын анықтады. Нәтижесінде жұмыс істеп тұрған автокөліктердің саны 149-дан 32-ге дейін азайған.

Мемлекетке келтірілген жалпы залал 700 млн теңгеден асты. Оның ішінде 440 млн теңгеден астамы сот үкімімен өндірілді, ал такси қызметтеріне жұмсалған 300 млн теңгеден астам қаражат азаматтық сот арқылы өндіріп алуға жатады.

Сот үкімімен барлық тұлғалар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 9 және 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Сонымен қатар, олардың әрқайсысына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар