Көкшетауда жол апатын жасаған келіншектің күйеуі жазадан босатылды

/
Көкшетауда жол апатын жасаған келіншектің күйеуі жазадан босатылды
видеодан скриншот

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, көлік құралы иесіне қатысты қылмыстық іс жеке өндіріске бөлініп, Қылмыстық кодекстің 349-бабының 3-бөлігі бойынша тергелген, деп хабарлайды turkystan.kz.

– Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 3-тармағына сәйкес, яғни рақымшылық жасау туралы актінің қолданылуына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы процестік шешім қабылданды, – деп хабарлады ведомство.

Еске салсақ, адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы 9 мамыр күні Көкшетау қаласындағы Сарыарқа шағынауданының бір ауласында болған. Аулаға кіріп келе жатқан автокөлік жол жиегімен келе жатқан жаяу жүргіншіні қағып, кейін оның үстінен өтіп кеткен. Көлік тізгінінде жүргізуші куәлігі жоқ көлік иесінің жұбайы болған.

Кейін Көкшетау қалалық соты облыс орталығының тұрғынына қатысты абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы қағидаларын бұзу фактісі бойынша (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі) қылмыстық істі қарады.

Сот үкімімен әйелге 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сотталған әйелдің кәмелетке толмаған екі баласының болуына байланысты жазаны өтеу үш жылға кейінге қалдырылды.

Ал көлік иесінің көлік құралын басқару құқығы жоқ адамға басқаруға беру фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс жеке өндіріске бөлініп қаралды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар