Ұлттық банк алаяқтардың жаңа схемасы туралы ескертті

/
Ұлттық банк алаяқтардың жаңа схемасы туралы ескертті
istockphoto.com

Ұлттық банк қазақстандықтарға жалған инвестициялық платформалар туралы ескерту жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұлттық банктің мәліметінше, әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және форумдарда өзін инвестициялық компания ретінде таныстыратын алаяқтар «токенделген алтынға», «жоғары табысты жасанды интеллект әзірлемелеріне» немесе «нейрожелі негізіндегі трейдер-роботқа» инвестиция салу арқылы кепілді табыс табуға болады деген жалған жарнамалар таратып жүр.

Алаяқтар өздерін қаржылық кеңесші ретінде таныстырып, жалған инвестициялық платформалардың немесе криптовалюта сервистерінің жоғары табыстылығы туралы қолдан жасалған статистиканы көрсетеді. Кейін азаматтарды жалған брокерлік немесе криптовалюта платформаларының сайтына тіркелуге көндіреді. Мұндай сайттарда инвестициялық қызметтің шынайы көрінісін жасау үшін графиктер, мәмілелер тарихы, жеке кабинет пен қолдау чаты орналастырылады.

Сенімге кіру үшін алаяқтар бастапқыда аз мөлшердегі «пайданы» шешіп алуға мүмкіндік береді. Осыдан кейін олар «бірегей ұсыныс», «табыстылықтың артуы» немесе «аса тиімді мәміле» деген сылтаумен ірі көлемде ақша салуға үгіттейді. Шоттағы қаражат көбейген кезде оны шешіп алу мүмкін болмай қалады. Бұдан кейін алаяқтар салық, комиссия немесе сақтандыру төлемдерін талап етеді.

Сондай-ақ олар өз әрекеттеріне заңды сипат беру үшін мөрі, қолы, сериялық нөмірі және басқа да деректемелері бар жалған хаттар мен құжаттарды жібереді. Ал талап етілген төлемдерді алған соң байланысқа шықпай, платформаға қолжетімділікті бұғаттайды.

Осыған байланысты Ұлттық банк өз қызметкерлері азаматтарға аудио немесе бейнеқоңырау шалмайтынын еске салды. Сонымен қатар банк жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейді, инвестициялық қорларға немесе басқа қаржылық өнімдерге ақша салуды ұсынбайды, қаражатты сақтандырумен айналыспайды және халықпен ақшалай есеп айырыспайды.

Егер алаяқтық әрекетке тап болсаңыз, құқық қорғау органдарына арыз беруге кеңес беріледі.

Қосымша кеңесті Ұлттық банктің Байланыс орталығының 1477 қысқа нөмірі арқылы алуға болады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары