Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының актрисасы Бижамал Кемалова ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы Сәкен Сейфуллин атындағы театрдың баспасөз қызметі мәлімдеді.
«ҚР Мәдениет қайраткері, “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері Бижамал Кемалова Сәкен театрына 1980 жылдардың басында келіп, еңбек жолын бастаған театрда көп жыл көрерменге қалтқысыз қызмет етті. Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрының негізін қалаған театр ардагерлерінің бірі. Бижамал Далабайқызы театр сахнасында көптеген қазақ арулары мен қыз-келіншектерінің, ел аналары мен әжелердің образдарын сомдаған өнер майталманы. Өзіндік стилі мен актерлік шеберлігін қалыптастырған актриса театрымыздың мақтанышы, жастардың ақылшы ұстазы еді. Марқұмның иманы жолдас болсын деп тілейміз, туған-туыстары мен отбасы, ұрпақтарына қайғырып көңіл айтамыз», - делінген баспасөз хабарламасында.