Егер қарапайым гигиена ережелері сақталмаса, контактілі линзалар көздің ауыр дертіне себеп болуы мүмкін. Әсіресе линзаның сумен жанасуы аса қауіпті. Бұл ауыр жағдайда көру қабілетінен айыруы ықтимал акантамебалық кератиттің дамуына әкелуі мүмкін. Бұл туралы Пирогов университетінің дәрігері Ангелина Казанцева ескертті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Акантамебалық кератит дегеніміз не және ол неліктен қауіпті?
Бұл – Acanthamoeba деп аталатын микроскопиялық амеба тудыратын көздің қасаң қабығының ауыр паразиттік қабынуы.
Олар құбыр суында, бассейндерде, көлдерде, топырақта, тіпті кондиционер жүйелерінде де кездеседі.
Акантамеба бактерияларды жоятын арнайы ерітінділерде де тіршілік ете алады. Ол циста түзіп, жылдар бойы өміршеңдігін сақтайды.
Акантамебалық кератитке не себеп болуы мүмкін?
Дәрігердің айтуынша, ең басты қауіп – су. Линзаға су тигізуге болмайды.
Сондықтан линзамен жуынуға, душ қабылдауға немесе суға түсуге, линзаны ағын сумен, бөтелкедегі сумен немесе стерильді емес кез келген сумен шаюға, линза сақтайтын контейнерді кран суымен жууға қатаң тыйым салынады.
Линзаны қалай қауіпсіз тағуға болады?
Дәрігер мынадай қарапайым ережелерді сақтауға кеңес береді:
линзаға қол тигізер алдында қолды сабынмен мұқият жуып, түксіз сүлгімен толық құрғатыңыз;
линзаны тазалау және сақтау үшін тек жаңа, стерильді көпфункционалды ерітіндіні пайдаланыңыз;
ешқашан суды қолданбаңыз;
линзаға арналған контейнерді кемінде айына бір рет ауыстырып тұрыңыз, өйткені ол бактериялар мен амебалардың көбею ортасына айналуы мүмкін.