Біз көбінесе ажырасудың артында мінез-құлықтың сәйкес келмеуі немесе тұрмыстық ұсақ-түйек жанжалдар тұр деп ойлаймыз. Алайда әлеуметтанулық зерттеулердің соңғы деректері шаңырақтардың шайқалуының мүлдем басқа қатерлі себебін ашты. Ол – тәуелділік.
Елімізде ажырасқан отбасылардың жартысынан астамы (61,7 пайыз) маскүнемдік пен нашақорлық кесірінен екіге кеткен. Екінші орында тұрмыстық зорлық-зомбылық – 51,1 пайыз, үшінші орында лудомания – 38,4 пайыз. Қарап отырсақ, шаңырақтың шайқалуына кесірін тигізетін үш себеп те тәуелділік екен.
Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген «Ажырасу және оның салдары» атты зерттеу нәтижелері бойынша талдамалық есепте сауалнамаға қатысқандардың көбі ажырасуға маскүнемдік, нашақорлық пен қол көтеру фактілері себеп болғанын айтқан.
Жұбайының бір нәрсеге тәуелділігі толық отбасылық өмірге мүмкіндік бермейді. Тәуелді адам мәселені шешуге араласпайды, балаларды тәрбиелеуге атсалыспайды әрі отбасы бюджеттін өз қажеттіліліктеріне жұмсайды. Екі респондент бұрынғы жұбайының компьютерлік ойындарға тәуелділігі кесірінен ажырасқанын айтқан. Әрине, мұндай жағдайда ажырасудың бастамашысы әйел болатыны анық. Жылдар бойы шешілмеген қаржылық, әлеуметтік мәселе қордаланып шегіне жеткенде отанасының үміті үзіліп, шыдамы таусылатыны да заңдылық.
Зерттеуге қатысқан ер адамдарға өзінің ажырасу себебін санамағанда, ажырасудың басқа да себептерін анықтап айту қиынға соққан. Кейбіреулер бұл сұраққа жауап беруден бас тартқан. Тек интервьюер сұрақтарды нақтылағаннан кейін қол көтеру, маскүнемдік және опасыздықты атаған және оны ер адамдар үшін «норма» екенін жеткізген.
Ғылым не дейді?
Тәуелділікті ғылым тілінде аддиктивті бұзылыс деп атайды. Мұндай бұзылыстардың отбасы жүйесін қиратуы бір сәтте болатын құбылыс емес, ол белгілі бір психологиялық және әлеуметтік механизмдер арқылы біртіндеп жүретін, өте күрделі әрі деструктивті процесс. Тәуелділік тұлғаның тек мінез-құлқын емес, сол шаңырақтағы отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынасты да толық өзгертіп, оның іргетасын тамырымен қопарып тастайды. Аддикт өз іс-әрекетінің дұрыс еместігін іштей сезгенімен, тәуелді затын немесе құмарлығын қорғау үшін саналы әрі бейсаналы түрде өтірік айтуға мәжбүр болады. Тәуелді адам жиі өтірік айтатындықтан жақындарының оған деген сенімі де азаяды. Олар шындықты білген сайын, отбасындағы татулық пен тұрақтылық жоғалады. Отбасы мүшелері ертеңгі күнге, берілген уәдеге мүлдем сене алмайтын күйге түседі.
Медициналық, клиникалық және әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан терең талдасақ, аддиктивті бұзылыстар – бұл белгілі бір химиялық затты тұтынуға немесе белгілі бір мінез-құлықтық әрекетті қайталауға деген патологиялық, яғни адам еркінен тыс туындайтын аурушаң құштарлықпен сипатталатын, соның салдарынан тұлғаның әлеуметтік, кәсіби, экономикалық және тұлғааралық функцияларының толық бұзылуына әкелетін созылмалы, рецидивті психикалық жағдай. Заманауи халықаралық зерттеулерде, соның ішінде ДСҰ-ның «Аурулардың халықаралық жіктемесінде» және Америкалық психиатриялық қауымдастықтың DSM-5 нұсқаулықтарында аддикциялар екі үлкен негізгі топқа бөліп қарастырылады.
Оның біріншісі химиялық тәуелділік, бұған дәстүрлі маскүнемдік, токсикомания және кейінгі уақытта жастардың өмірін улап жатқан синтетикалық есірткі жатады. Екіншісі химиялық емес, яғни мінез-құлықтық тәуелділік, оның аясына лудомания, интернет пен гаджеттерге жіпсіз байлану, шопоголизм, порнографияға және жұмысқа шектен тыс тәуелділік секілді заманауи дерттер кіреді. Бұл қауіпті құбылыстың қалыптасу тарихы мен адамның миындағы эволюциялық тұрғыдан қалыптасқан дофамин, серотонин, эндорфин секілді нейромедиаторлардың алмасуымен тығыз байланысты дейді мамандар.
Адам бұл дерт түрлеріне бірден шалдықпайды. Алғашында күнделікті күйбең тіршіліктің стресінен арылу, әлеуметтік қысымнан құтылу, уақытша ләззат алу, өмірдің ащы шындығынан қашу үшін ішеді, шегеді, ойын ойнайды. Алайда уақыт өте келе миының ішкі нейрондық құрылымы өзгеріске ұшырап, мінез-құлықты бақылайтын, шешім қабылдайтын және салдарын саралайтын басқару қызметі біртіндеп әлсірейді де, бақылау толықтай лимбикалық жүйеге көшеді. Натижесінде, адам өз ерік-жігерінің бақылауынан мүлдем шығып кетіп, еріксіз қайталанатын, ұзақ уақыт кешенді емдеуді қажет ететін созылмалы психикалық ауруға ұшырайды.
Қазіргі заманауи әлеуметтік психология, жүйелі отбасылық терапия және психиатрия ғылымы аддиктивті бұзылыстарды тек қана бір адамның жеке басының қателігі, оның моральдық әлсіздігі немесе дерті емес, тұтас бір отбасының ортақ қасіреті, терең жүйелі мәселесі деп қарайды. Бұл ғылыми бағыттың негізделуі бірнеше іргелі тұжырымдарға сүйенеді.
Біріншісі – Мюррей Боуэн негізін қалаған «Жүйелілік теориясы». Бұл теория бойынша отбасы дегеніміз – әрбір мүшесі бір-бірімен тығыз эмоциялық, экономикалық және әлеуметтік жіптермен байланысқан біртұтас тірі ағза, өте сезімтал жүйе. Егер осы тұтас жүйенің бір ғана элементі істен шығып, аддиктің күйін кешсе, бүкіл отбасылық жүйенің ішкі тепе-теңдігі бұзылады. Шаңырақтың басқа мүшелері тәуелді адамның құбылмалы, болжаусыз мінез-құлық үлгісіне амалсыз бейімделуге, оның мәселелерін шешуге мәжбүр болады. Бұл олардың дәстүрлі рөлдерін, эмоциялық күйін және күнделікті тіршілік ағынын түбегейлі өзгертіп, деструктивті арнаға бұрады.
Екінші маңызды ғылыми негіз ретінде ортақ тәуелділік (созависимость) феноменін атауға болады. Мелоди Битти мен Эрна Райт аддиктің қасында үнемі бірге жүретін жақын адамдарының, яғни жарының, ата-анасының немесе балаларының бойында уақыт өте келе өзіндік ерекше психологиялық патология қалыптасатынын дәлелдеген. Ортақ тәуелді күйге түскен адам өзінің бүкіл саналы өмірін, ішкі сезімдері мен жеке қажеттіліктерін толық ұмытып, бар күшін, уақытын және қаржысын тәуелді адамды бақылауға, оның іс-әрекетін тексеруге және оны сыртқы қауіптен аман-есен «құтқаруға» арнайды. Ақыр соңында, психологиялық тұрғыдан тәуелді адам секілді ауыр деструктивті күйге түседі, оның көңіл-күйі тек аддиктің бүгін ішкен-ішпегеніне немесе бәс тіккен-тікпегеніне тікелей байланысты болады. Тіпті, кейде бұл ортақ тәуелділік аддиктің өз емін жалғастырып, айығып кетуіне бейсаналы түрде кедергі келтіруі мүмкін, өйткені құтқарушы рөлі оның өмірінің мәні мен мағынасына айналып кетеді. Ал аддиктің сауығуы оның бұл рөлін жойып, іші бос кеңістік болып қалғандай сезім тудырады.
Үшіншіден, мұндай тәуелділіктер міндетті түрде отбасылық рөлдердің ауысуына әкеледі. Балалар психологиясы мен отбасылық дисфункцияларды зерттеген Дональд Вегшайдер шаңырақта аддикция дерті пайда болған сәтте, балалар мен ересектер үйдегі эмоциялық вакуумды толтыру және тірі қалу үшін еріксіз түрде түрлі дисфункционалды рөлдерді қабылдайды деп тұжырым жасайды. Мәселен, қорғансыз балалар үйдегі жағдайды «реттеу», ата-анасының міндетін атқару үшін «құтқарушы» немесе «батыр» рөліне кіреді, барлық жауапкершілікті ерте мойнына алады. Ал кейбір балалар үйдегі жанжалдардан қашып, ешкімге көрінбей, тасада қалуды жөн көріп «жоғалған бала» рөлін таңдайды да, аутизмге ұшырайды. Кейбірі үйдегі ауыр күйзелісті күлкімен, қалжыңмен жапқысы келіп, атмосфераны жеңілдету үшін «сайқымазақ» немесе «маска» рөліне ауысса, енді бірі ата-анасының назарын өзіне аудартудың басқа жолы қалмағандықтан, сыртқа агрессия көрсетіп, мектепте бұзақылық жасап, «жаман бала» немесе «кінәлі» кейпіне енеді. Осылайша, жастық шақтан қалыптасқан деструктивті рөлдер тұлғаның болашақта есейгенде сау, толыққанды, тең құқылы қарым-қатынас құру қабілетін тамырымен бұзып, олардың тағдырын тәлкекке салады.
Ең қауіптісі, бұл тәуелділіктердің тұқым қуалайтыны. Дисфункционалды отбасында өскен бала бәрін көзбен көріп, санаға сіңіргендіктен, болашақта тура сол ата-анасының жолын қайталайды немесе өздеріне өмірлік серік етіп тәуелді адамды таңдайды. Өйткені олардың психикасы басқа сау қарым-қатынас үлгісін білмейді, сезінбейді. Осылайша, тәуелділік мәселесі бір жұптың ғана тағдырымен шектелмей, балаларына жалғасып, ұлттық гендік қорды әлсірететін қасіретке ұласады.
Тәуелділіктің салдары әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан да ауыр. Әдетте, жұбайлардың бірі маскүнем, нашақор, лудоман болса, бүкіл қаржылық ресурс сарқылып, отбасы әлеуметте оқшауланғанымен қоймай, қоғамның талқысына ұшырайды. Әлеуметтанушы, психолог мамандар мұндай отбасы мүшелері ұят пен кінә сезімін бастан кешіп, көршілер мен туыстардың айыптауынан туындаған үрейден уақыт өте келе жақындарымен, адал достарымен арадағы байланыс толық үзіліп, отбасы өз проблемасымен оңаша қалады, бұл ішкі агрессия мен дағдарысты одан сайын ушықтыра түседі дейді.
Сандар сөйлейді
Денсаулық сақтау министрлігінің 2024 жылғы есебі бойынша елімізде 90 981 адам алкогольге тәуелділікпен есепте тұр. Оның 109-ы – кәмелетке толмағандар, ал қалған 90 872-сі – ересектер. Алайда ДСҰ-ның жан басына шаққандағы таза спиртті тұтыну рейтингінде Қазақстанның Орталық Азия елдері арасында ең жоғары көрсеткішке ие болуы шынайы жағдайдың ресми мәліметтерден әлдеқайда күрделі және қорқынышты екенін аңғартады. Сонымен қатар кейінгі уақытта алкоголизмнің айтарлықтай «жасаруы» және әйелдердің ішімдікке шектен тыс әуестігі анық байқалуда. Бұл ана мен бала денсаулығына, отбасы институтына тікелей соққы болып тиіп жатыр.
Есірткі нарығындағы жағдай одан да сорақы. Баяғы «дәстүрлі» героин мен апиын өнімдерінің орнын қазір синтетикалық есірткілер басты. Көрсеткіштер көңілге кірбің ұялатады. Ел ішінде синтетикалық есірткі тұтынушылар геометриялық прогрессиямен өсіп жатыр. Егер бұрын есірткіге тәуелділердің орташа жасы 30-40 жас шамасында болса, қазір синтетикалық заттарға тәуелділік негізінен 14-25 жас аралығындағы жастар мен жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Ал синтетикалық заттарға тәуелділіктің ең қорқынышты тұсы – ол адам миының нейрондық жүйесін бірнеше аптаның ішінде зақымдап, өте тез арада шизофрения тәрізді ауыр психоздар мен тұлғалық деградацияға алып келетінінде. Бұл емі жоқ ауыр психикалық мүгедектікпен бетпе-бет қалудың өзі үлкен қасірет.
Осы химиялық қатермен қатар, құмар ойындары мен лудомания мәселесі – ең қауіпті әлеуметтік індеттердің бірі. Онлайн букмекерлік платформалардың шектен тыс экспансиясы ұлттық қасіретке ұласуда. Ресми деректер елде 350 мыңнан астам лудоман бар дейді. Ал олардың нақты саны одан әлдеқайда көп екенін ішіміз сезеді. Ең өкініштісі, олардың басым бөлігі – 18-35 жас аралығындағы еңбекке қабілетті, елдің демографиялық әрі экономикалық тірегі саналатын жас ер-азаматтар. Букмекерлік платформалар мен казинолардың агрессивті жарнамасы жер жарады. Олардың толықтай цифрлық форматқа көшуі жағдайды ауыздықтауға мұрша бермейді.
Ойын бизнесінің жылдық айналымы триллиондаған теңгемен өлшенеді. Мемлекет лотереялық терминалдарды шектеу, букмекерлік кеңселердің жарнамасына қатаң тыйым салу және мемлекеттік қызметкерлер мен әскерилерге ойын ойнауға заң бойынша шектеу енгізу шараларын қабылданғанымен, көлеңкелі және халықаралық онлайн-платформалар нарықты толық бақылауға алуды қиындатып отыр. Осылайша, қазақ отбасыларының жаппай несие алып қарызға батуына, ажырасулардың күрт көбеюіне және жастардың суицидке баруына тікелей себепші болуда.
Бұған интернет және жасөспірімдердегі цифрлық тәуелділік мәселесі тағы қосылады. Гаджеттерге, әлеуметтік желілерге, қысқа видео контенттерге және түрлі онлайн ойындарға жіпсіз байлану жасөспірімдер арасында жаппай сипат алды. Отандық әлеуметтану зерттеулеріне сүйенсек, қазақстандық балалар мен жасөспірімдердің 75 пайыздан астамы күніне 4 сағаттан көп уақытын тек смартфон қарауға арнайды екен. Бұл тәуелділіктің жасырын қауіптілігі – баланың ішкі эмоциялық интеллектінің мүлдем дамымай қалуына, «клиптік ойлаудың» қалыптасуына, дофаминдік жүйенің ерте жастан бұзылуына және шынайы әлеуметтік қарым-қатынастан қашып, оқшаулануына әкеледі. Жасөспірімдер арасындағы бұл цифрлық тәуелділік терең депрессия, созылмалы мазасыздық синдромы және ұйқының бұзылуына тікелей байланысты екені ғылыми дәлелденген.
Бұл зерттеудегі ең маңызды аналитикалық аспект – ресми деректер мен шынайы жағдайдың, яғни латенттілік деңгейінің арасындағы үлкен алшақтық. Мәселен, химиялық тәуелділік бойынша Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының ресми есебінде тұрған нашақорлар саны тек арнайы клиникаларға өз еркімен түскен немесе құқық қорғау органдары ұстағандарды ғана қамтиды. Ал бейресми халықаралық сарапшылардың, атап айтқанда БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы UNODC пен отандық құқық қорғау органдарының жанама есептеулері бойынша, шынайы көрсеткіш ресми деректен кем дегенде 5-7 есе жоғары. Себебі синтетикалық есірткі тұтынатындар ресми наркологиялық диспансерлерге есепке тұрудан өлердей қорқады. Оларды қоғамдық айыптау, заңды құқықтардан айырылу, болашақта лайықты жұмысқа тұра алмау қатты алаңдатады. Сондықтан олар жекеменшік, жасырын токсикологиялық орталықтарда емделуді жөн көреді. Лудомания бойынша да жағдай дәл осындай. Ресми түрде медициналық мекемелерде «құмар ойындарға тәуелділік» диагнозымен есепте тұрғандардың саны ел бойынша бірнеше жүз адамнан аспайды. Ал іс жүзінде букмекерлік кеңселерде верификациядан өткен белсенді аккаунттардың саны және халықтың несие берешектерінің өсу қарқыны бұл мәселенің жүз мыңдаған адамды қамтып отырғанын нақты дәлелдейді. Қазақстанда лудоманияны ауыр психикалық ауру ретінде мойындап, арнайы дәрігерге жүгіну мәдениеті әлі қалыптаспаған, бұл ауру отбасы ішінде «моральдық кемшілік» немесе «уақытша қателік» ретінде сырт көзден барынша жасырылады.
P.S:
Қорыта айтқанда, тәуелділіктің ауқымы – ресми тіркеуде тұрғандардың санымен емес, ломбардтарға өткен соңғы мүлікпен, МҚҰ-ның құрсауындағы миллиондаған несиемен және ерте есейген балалардың көз жасымен өлшенуге тиіс. Жасөспірімдердің гаджетке таңылып оқшаулануынан басталып, жастарды суицид пен қылмысқа итермелеген лудомания мен «синтетика» торына дейінгі кезең – ұлттық қауіпсіздігімізге төнген тікелей соққы. Біз «ел не айтады» деп отбасы ішіндегі қасіретті жасырған сайын, дерттің латентті деңгейін одан сайын ушықтырып, болашақ ұрпақтың бойына дәл осы деструктивті өмір үлгісін бейсаналы түрде егіп жатырмыз. Шаңырақты шайқалтқан бұл дертті моральдық әлсіздік немесе уақытша қателік деп ақтауды тоқтатып, онымен жүйелі түрде күреспесек, ертең адами капиталынан айырылған маргиналды қоғамға айналуымыз әбден мүмкін...