Альпі тауының мұздықтарына қой жүнінен жасалған көрпе жабылды

/
Альпі тауының мұздықтарына қой жүнінен жасалған көрпе жабылды
сурет: Zimy Da Kid/Summit Foundation

Швейцария зерттеушілері Альпі тауларындағы мұздықты күннің ыстығынан қорғаудың жаңа тәсілін сынап көрді. Олар мұздықтың бір бөлігіне синтетикалық жабынның орнына қой жүнінен жасалған көрпе жапқан, деп хабарлайды turkystan.kz Reuters-ке сілтеме жасап.

Keep It Wool деп аталатын жобаны Summit Foundation экологиялық ұйымы Лозанна университетімен бірлесіп жүзеге асырды. Тәжірибе Швейцарияның батысындағы Цанфлёрон мұздығында жүргізілді.

2026 жылғы маусымда мұздықтың жалпы аумағы 200 шаршы метр болатын екі бөлігіне қой жүнінен жасалған көрпелер төселді. Жаз бойы мамандар жүн жабынның әсерін кәдімгі синтетикалық геотекстильмен салыстырып, мұздың еру деңгейін екі апта сайын өлшеп отырды.

Алғашқы нәтиже жүн көрпенің мұзды синтетикалық жабынмен бірдей деңгейде қорғай алатынын көрсетті. Мұндай жабындар күн сәулесін кері шағылыстырып, мұздың жылуды сіңіруін азайтады. Соның арқасында жабылған аумақтағы еру қарқыны 50-70 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Жоба жетекшісі Тимоте Штайнердің айтуынша, жүннен жасалған жабын тәжірибе барысында күткеннен де жақсы нәтиже көрсеткен. Оны дайындаған швейцариялық Fisolan компаниясының мамандары бастапқыда табиғи материал жаз бойы шыдамайды деп қауіптенген. Алайда көрпе ыстыққа, желге және ылғалға төтеп берген.

Швейцарияда мұздықтардың кейбір бөлігі жаз мезгілінде синтетикалық материалмен жабылады. Бірақ мұндай жабын уақыт өте келе тозып, қоршаған ортаға пластиктің ұсақ бөлшектерін таратуы мүмкін. Қой жүні – табиғи жолмен ыдырайтын әрі қайта қалпына келетін шикізат. Сондықтан ол тау экожүйесіне синтетикалық материалға қарағанда азырақ зиян келтіреді.

Жоба жүнді кәдеге жарату мәселесін де шешуге көмектесуі мүмкін. Швейцарияда өндірілетін жүннің 40-70 пайызы сұраныс болмағандықтан жыл сайын өртеледі немесе компостқа жіберіледі. Мұздықтарға арналған жабын өндірісі осы шикізатты тиімді пайдаланудың бір жолы ретінде қарастырылып отыр.

Жоба авторлары жүн көрпені климат дағдарысының шешімі деп қарастыруға болмайтынын ескертті. Қазір қорғаныш материалдар Швейцария мұздықтарының небәрі 0,02 пайызын ғана жауып жатыр. Сондықтан бұл әдіс шағын аумақтағы мұзды уақытша сақтауға көмектескенімен, мұздықтардың жалпы азаюын тоқтата алмайды.

Ғалымдардың айтуынша, Альпі мұздықтарын ұзақ мерзімде сақтап қалудың негізгі жолы – қазба отынды пайдалануды азайтып, парниктік газдар шығарындыларын қысқарту.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар