Ортақ QR: төлем нарығында не өзгереді?

/
Ортақ QR: төлем нарығында не өзгереді?

19 шілдеде барлық банкке ортақ бір QR жүйесі іске қосылды. Енді сатып алушы мен сатушы әртүрлі банк клиенті болғанына қарамастан, тауар мен қызмет ақысын бір QR-код арқылы төлеуге болады. Жүйеге мобильді банкингі бар барлық банк қосылды. Ал жалпы, жүйені іске қосуға 4 жылдай уақыт кетті.

Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменовтің сөзімен айтқанда, бұл барлығымыз күнделікті қолданатын құрал. Мәні де түсінікті. Бұрын дүкендегі QR-код тек сол банктің қосымшасымен ғана жұмыс істейтін. Сатып алушы сол банктің клиенті болмаса, карта қолдануға, басқа тер­минал іздеуге немесе қосымша есепшот ашуға мәжбүр болатын. Енді бір банктің клиенті екінші банк қызмет көрсететін сауда нүк­те­сіндегі QR-кодты өз қосымшасымен сканерлеп, төлем жасай алады.
Алайда бірыңғай QR-ды кезекті бір техникалық жаңалық деп қана қарау жеткіліксіз. Бұл шешім Қазақстандағы банктердің бір-бірінен бөлек қалыптасқан төлем кеңістіктерін ортақ жүйеге біріктіруге бағыт­талып отыр. Оның ықпалы уақыт өте келе банк бәсекесінен бастап ша­ғын бизнестің шығынына дейінгі бірқатар салада байқалуы мүмкін. 

Жабық экожүйелердің шекарасы көмескіленеді

Еліміздегі ірі банктер кейінгі жыл­дары өздерінің төлем экожүйелерін бел­сенді түрде дамытып келеді. Әр банк QR-кодын, мобильді қосымшасын, сауда же­­лісін, бөліп төлеу қызметін және бонус­тық бағдарламасын бір жүйеге біріктірді. Оның пайдасы да баршылық: банк өз ішін­дегі төлемді жылдам өңдейді, клиенттің әде­тін жақсы біледі және сауда нүктелеріне қо­сымша қызмет ұсынады.
Бірақ жабық жүйелердің кемшілігі де анық байқалды. Кәсіпкер бірнеше банктің клиентін қабылдау үшін әртүрлі QR-код пен терминал ұстауға мәжбүр болды. Ал тұ­тынушы төлем жасар алдында дүкеннің қай банктің жүйесіне қосылғанын тек­серетін. Нәтижесінде, төлем құралы аза­мат­тың өз таңдауынан гөрі сауда нүкте­сін­дегі жабдыққа тәуелді болды.
Барлығына ортақ бір QR осындай қо­лай­сыздықтар мен кедергілерді азайтуға үлес қосуы керек. Кәсіпкерге барлық банк­тің клиентінен төлем қабылдау үшін жаңа жаб­дық орнатудың қажеті жоқ. Қызмет қол­даныстағы терминалдар арқылы көр­сеті­леді, ал қажетті техникалық жаңартуды кә­сіпкерге қызмет көрсететін банк жүр­гі­зеді.
Бұл, әсіресе, шағын сауда орындары, шаш­тараз, дәмхана, дәріхана және жеке қыз­мет көрсететін кәсіпкерлерге қолайлы. Бір­неше терминалдың орнына бір ғана тө­лем құрылғысын қолдану есеп жүргізуді жеңіл­детіп, жабдыққа және қызмет көрсе­ту­ге кететін шығынды азайтуы мүмкін.

Банктер енді сапамен бәсекелеседі

Бұған дейін банктің артықшылығы оның QR-коды қанша сауда орнын­да тұрғанымен де өлшенетін. Клиент күн­де­лікті пайдаланатын дүкендерде бір банк­тің төлем жүйесі кең тараса, сол банк­тің қосымшасын қолдануға бейімделді. Бұл банк­ке клиентті өз экожүйесінде ұстап қалу­ға мүмкіндік берді.
Енді клиент қай банктің қосымшасын пайдалану тиімді екенін өзі таңдайды. Сон­дықтан бәсеке төлем қабылдау желісінен қо­сымшаның қолайлылығына, аударым жыл­дамдығына, комиссияға, кешбэкке жә­не клиентке көрсетілетін қызмет са­па­сына қарай ойысуы ықтимал.
Ұлттық Банк банктердің тарифтері мен түрлі бонус бағдарламаларын тікелей белгілемейтінін мәлімдеді. Әр банк кешбэк пен бонустың көлемін, қандай сатып алуға бері­летінін және қандай шарт қолданыла­ты­нын өзі шешеді. 
– Біз тариф белгілеу үдерісіне аралас­пай­мыз. Өйткені бұл нарықтық қатынас деп есептейміз. Әр банктің өз стратегиясы бар, сондықтан олардың адалдық бағ­дар­ла­малары да әртүрлі болып қала береді, – деп мәлімдеді Ұлттық Банк Төрағасының орын­басары Бинұр Жәленов.
Бірқатар банк бірыңғай немесе банк-аралық QR-төлемдерге арналған ын­таландыру бағдарламаларын әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Бұл банктердің өзге төлем желісін бәсекелес емес, клиентке қыз­мет көрсетудің қосымша арнасы ре­тін­де пайдалана бастағанын көрсетеді.

Комиссия неге бірдей болмайды?

Көпшілікті қызықтыратын басты мәселенің бірі комиссия болып отыр. Дегенмен заң бойынша жеке тұлға, яғни сатып алушы ешқандай комиссия тө­­лемейді. Ал кәсіпкерлер банкаралық QR тө­лемінің құны бұрынғы бір банк ішіндегі QR төлемінен жоғары болуы мүмкін деп алаңдайды.
Дегенмен бұл жерде екі түрлі төлемді бір-бірінен ажыратып қараған жөн. Бір банк ішіндегі QR төлемде сатып алушының да, сатушының да есепшотын бір қаржы ұйымы жүргізеді. Ақша сол банктің ішкі жүйесінде қозғалады. Ал бірыңғай QR ке­зінде төлем екі банк арасында жүреді. Опе­рацияны бағыттау, есеп айырысу, хабар алмасу, қауіпсіздікті бақылау және қара­жатты алушының шотына жеткізу үшін ортақ инфрақұрылым пайдаланылады. 
Жүйенің операторы – Ұлттық Банктің Ұлт­тық төлем корпорациясы. Ол төлем­дер­ді бағыттап, банктер арасындағы опе­рация­ларды бақылайды. Жүйе ISO 20022 ха­лықаралық стандартына негізделген. 
Ұлттық төлем корпорациясының 2026 жылғы тарифінде QR-төлемді өңдеу құны операция сомасының 0,1 пайы­зы болып белгіленген. Оның 0,05 пайызы төлеушінің банкіне, қалған 0,05 пайызы төлем қабылдаушы банкке кетеді. Бұдан бөлек, банкаралық есеп айырысуға ар­нал­ған стандартты айырбас тарифі мен же­ке­леген бизнес санаттарына арналған жеңіл­детілген мөлшерлемелер қарастырылған. Кә­сіпкер төлейтін соңғы эквайринг ко­мис­сиясын оған қызмет көрсететін банк өз тарифіне сәйкес белгілейді.
Сондықтан бүкіл нарыққа ортақ бір ко­миссия белгілеу мүмкін емес. Оның мөл­шері кәсіпкердің қызмет саласына, ай­на­лы­мына, банкпен жасалған шартына және қо­сымша қызметтерге байланысты өзгеруі мүм­кін.
Экономикалық тұрғыдан бірыңғай QR-ды банк ішіндегі QR-мен емес, басқа банк­тің картасы арқылы жасалатын тө­лем­мен салыстырған жөн. Себебі екі жағ­дай­да да операция әртүрлі қаржы ұйымы­ның арасында өтеді. Ал банк ішіндегі QR тө­лемі құрылымы жағынан қарапайым болғандықтан, оның өзіндік құны төмен болуы мүмкін.
Бұл айырмашылық кәсіпкерге ашық түсіндірілуі керек. Тарифтің қандай бөлігін төлемді өңдеу, қандай бөлігін банк қызметі және қандай бөлігін қосымша сервистер құрайтыны анық көрсетілмесе, бірыңғай жүйеге деген сенім төмендеуі мүмкін.
Тағы бір айта кететін жайт, бірыңғай QR іске қосылғанымен, банктердің өз ішін­дегі төлем жүйелері қолданыла береді. Банк өз жүйесіндегі төлемге жоғары кешбэк не­месе төмен комиссия ұсынып, ал бан­кара­лық төлемді балама мүмкіндік ретінде қалдыра алады. Бастысы, кез келген төлем тү­рін адам еркін таңдап, кедергісіз сауда жа­сай алуы керек.

Төлем тәсілі – тұтас инфрақұрылым

Бірыңғай QR жеке жоба ретінде емес, Ұлттық цифрлық қаржы инфра­құры­лы­мының бір бөлігі ретінде іске қо­сы­лып отыр. Бұл инфрақұрылымға ұлттық тө­лем жүйелері, цифрлық теңге, био­метрия­лық сәйкестендіру, ашық банкинг және Ұлттық антифрод-орталық кіреді.
Ұлттық төлем жүйесінде күніне шама­мен 6,3 трлн теңге өңделеді. Айналымға 340 млрд теңгеден астам цифрлық теңге шы­ғарылған, ал биометриялық сәйкестен­діру қызметі ай сайын 3,5 млн-ға жуық сұранысты қабылдайды. Ұлттық антифрод-орталық жұмысын бастағалы 165 мыңнан астам алаяқтық және өзге де заңсыз опера­цияны анықтаған.
Бұл көрсеткіштер төлем жүйесінің ау­қымы жай ғана бағдарлама деңгейінен әл­деқайда кең екенін аңғартады. Бірыңғай QR арқылы банктердің өзара әрекеті арт­қан сайын алаяқтықты анықтау, күмәнді опе­рация туралы дерек алмасу және төлем­ді бақылау да ортақ талаппен жүргізілуге тиіс.
Сонымен қатар жүйенің ауқымы кеңей­­ген сайын жүктелетін жауапкершілік те артады. Бірнеше банктің төлемі ортақ инф­рақұрылым арқылы өтетіндіктен, тех­никалық іркіліс, кибершабуыл немесе де­рек­тердің дұрыс бағытталмауы бір мезетте көп­теген пайдаланушыға әсер етуі мүмкін. Сон­дықтан жүйенің үздіксіз жұмысы, ре­зервтік арналар және даулы төлемді қай­тару тәртібі айқын болуы қажет.

P.S:

Ортақ QR тұтынушыға төлем жасауды, кәсіпкерге іс жүргізуді жнеңілдетеді, ал банктерді қызмет сапасы бойынша бәсекелесуге итермелейді. Бірақ жаңа жүйенің тиімділігі тек қанша төлем жасалғанымен өлшенбеуі керек. Егер жүйе ашық тариф, тұрақты техникалық қызмет және тең бәсеке жағдайында дамыса, бірыңғай QR төлем нарығының құрылымын өзгерте алады. Ол банктердің жеке экожүйесіндегі шекараны тұтынушы байқалмайтын деңгейге дейін көмескі ете алады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары