Еліміз цифрлық актив саласын дамытудың жаңа кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысы осы айдың басында цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Құжаттың негізгі мақсаты криптовалюталардың айналымын бақылау, оған қоса цифрлық активтерді елдің қаржы жүйесіне, төлем инфрақұрылымына және инвестициялық нарығына біртіндеп енгізу болып отыр.
Бұл шешімді цифрлық активтерге берілген кезекті рұқсат немесе криптобиржа көбейтуге бағытталған бастама деп қана түсінген жаңсақтық болар еді. Жарлықта капиталды ел ішінде ұстап қалу, шетелдегі реттелмейтін алаңдарда жүрген цифрлық активтерді отандық құқықтық ортаға көшіру, жаңа инвестициялық құралдар шығару және қауіпсіз есеп айырысу инфрақұрылымын қалыптастыру міндеттері қатар қамтылған. Яғни, мемлекет криптоиндустрияны көлеңкеде немесе шетте қалған нарық емес, қатаң талаппен жұмыс істейтін қаржы саласының бір бөлігіне айналдыруды көздеп отыр.
Алдымен – заң, ізінше – инфрақұрылым
Елімізде цифрлық актив саласын реттейтін заңнама негізі осыдан бір-екі жыл бұрын ғана қаланды. Ал биылғы 1 мамырдан бастап күшіне енген өзгерістер Ұлттық Банктің құзыретін кеңейтіп, цифрлық қаржы активтерінің платформаларын, сауда алаңдарын және қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастайтын операторларды ұлттық юрисдикция аясында реттеуге мүмкіндік берді. Осы құзырет аясында Ұлттық Банк ұйымдарды тіркеп, лицензия беріп, реттейді.
Жаңа Жарлық осы құқықтық негізді нәтижелі жұмыс істейтін нарыққа айналдыруды көздейді. Ұлттық Банк, Үкімет, қаржы нарығын реттеуші органдар, Қаржы мониторингі агенттігі, «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Alatau City Authority ортақ жоспар құрып, бірлесіп әрекет етуге тиіс. Қазір нақты қандай жұмыстар атқарылатын, мерзімдері және жауаптылар бекітілетін криптоиндустрияны дамытудың орта мерзімдегі жоспары әзірленіп жатыр. Бұл жоспар 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін қабылдануы керек. Қарашаға дейін орталықтандырылмаған қаржы платформаларын реттеу тәсілдері талданады. Желтоқсанға дейін АХҚО құқығы бойынша шығарылған цифрлық активтер мен токенделген бағалы қағаздарды Қазақстан аумағында қолданудың тәртібі айқындалмақ.
Демек, Жарлық бұл саладағы ойын ережелерін нақтылайтын алғышарт болмақ. Ізінше лицензиялау, салық салу, активтерді сақтау, төлем жасау, клиентті қорғау және қаржылық бақылау тәртібін белгілейтін нақты ережелер қабылданбақ.
Стейблкоин экспорт-импорт құралына айналуы мүмкін
Трансшекаралық есеп айырысуда стейблкоин қолдану мүмкіндігін қарастыру – құжаттағы маңызды бағыттың бірі. Стейблкоин дегеніміз құны белгілі бір дәстүрлі валютаға, мысалы долларға, еуроға немесе юаньға байланған цифрлық актив.
Еліміз стейблкоиндерді экспорттық және импорттық операциялар бойынша қосымша есеп айырысу арнасы ретінде пайдалануды көздеп отыр. Бұл банк жүйесін толығымен алмастыру деген сөз емес. Керісінше, лицензияланған провайдерлер мен реттелетін цифрлық инфрақұрылым арқылы төлем жасауды жеделдету, делдал санын азайту және халықаралық мәмілелердің шығынын төмендету мүмкін болмақ.
Әйтсе де, бұл біз үшін тың бағыт емес. «Астана» халықаралық қаржы орталығында стейблкоиндерді реттеу тәртібі 2024 жылдан бері қолданылып келеді. 2025 жылы АХҚО-ның қаржылық реттеушісі фиат валютаға байланған стейблкоин шығаруға рұқсат ететін алғашқы лицензия берген болатын.
Ендігі мәселе осы тәжірибені ұлттық төлем жүйесімен байланыстыру болып отыр. Дегенмен асығуға да болмайды. Стейблкоинді қанша тұрақты десек те, оның сенімділігі нақты резервке, эмитенттің ашықтығына және иесінің активін уақытында ақшаға айырбастай алуына тәуелді. Сондықтан мұндай құралдарды жаппай енгізудің алдында резервтерді тексеру, клиент ақшасын бөлек сақтау және күмәнді операцияларға тосқауыл қою тетіктері толық жасалуы қажет.
Токенделген облигация нені өзгертеді?
Жарлықта токенделген мемлекеттік облигация шығару жобаларын іске асыра бастау туралы да айтылады. Басқаша айтқанда, токендеу дегеніміз –белгілі бір мүлік немесе қаржы құралын иелену құқығын цифрлық платформада тіркеу.
Мемлекеттік облигация токенделген кезде мемлекеттің қарыз міндеттемесінің экономикалық мәні өзгермейді. Өзгеретін нәрсе оны шығару, есепке алу, сату және есеп айырысу тәсілі болуы мүмкін. Цифрлық платформа мәмілені жеделдетуге, актив қозғалысын бақылауға және инвестициялық құралдарды шағын бөліктерге бөлу арқылы халық пен кәсіпкерге бірдей қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Ұлттық Банк токенделген мемлекеттік облигацияларды цифрлық активтер нарығының жаңа жобаларының бірі ретінде атап отыр.
Бұл тетік нақты экономикаға қаржы тартудың балама жолдарын да аша алады. Болашақта ғимарат, өндіріс нысаны, логистикалық орталық, ауыл шаруашылығы өнімі немесе басқа мүлік цифрлық құқық ретінде рәсімделіп, инвесторларға ұсынылуы ықтимал. Алайда бұл нарықты дамыту үшін токеннің артында тұрған мүліктің жалған емес екенін, меншік құқығын және инвестор алдындағы міндетті заңмен нақты бекіту қажет.
Шетелдегі активтерді елге қайтару көзделіп отыр
Цифрлық активтердің едәуір бөлігі шетелдік платформаларда немесе мемлекет реттемейтін электрондық әмияндарда сақталуы мүмкін. Мұндай жағдайда табысты есепке алу, алаяқтықтан зардап шеккен азаматтың құқығын қорғау және қаражаттың қайдан келгенін анықтау қиынға түседі.
Осыған байланысты Жарлықта бұрын сатып алынған немесе жасалған цифрлық активтерді ерікті түрде жария етуге жағдай жасау көзделген. Негізгі талап активтерді Қазақстанда реттелетін инфрақұрылымға көшіру болмақ. Сонымен бірге шетелдік платформалардағы цифрлық активтерін қазақстандық провайдерлерге ауыстыратын жеке тұлғаларға салықтық ынталандыру беру мәселесі пысықталады.
Реттелетін отандық инфрақұрылым арқылы жасалған операциялардан алынған табысты жеке табыс салығынан уақытша босату туралы ұсыныс та бар. Алайда бұл жеңілдік әзірге күшіне енген дайын норма емес. Оны заңнамаға енгізу үшін жеке заң жобасы қабылдануы қажет. Қолданыстағы жоспар бойынша мұндай жеңілдікті 2026 жылғы 1 қаңтардан 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі операцияларға қолдану мәселесі қарастырылмақ.
Мұндағы мемлекеттің есебі түсінікті. Қатаң тыйым арқылы емес, қолайлы салық тәртібі мен сенімді қызмет көрсету арқылы көлеңкелі нарыққа тосқауыл қою көзделіп отыр. Соның нәтижесінде цифрлық активтердің айналымы ашық болып, капитал ел ішінде қалады, ал пайдаланушы заңмен қорғалатын ортада қызмет алады.
Шот бұғаттау мәселесі шешілмек
Криптоиндустрия нарығының өкілдеріне банкпен жұмыс істеуде бірқатар мәселе туындап жатады. Кей жағдайда бір клиенттің операциясына байланысты күмән туындаса, цифрлық активтер провайдерінің бүкіл банк шоты бұғатталуы мүмкін. Бұл компанияның басқа клиенттер алдындағы міндетін орындауына және қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіреді.
Жарлық аясында заңды негіз болған кезде бүкіл провайдердің банк шотын емес, күмән туғызған нақты клиенттің жеке шотын шектеу тетігін жасау тапсырылды. Бұл бір жағынан қаржылық бақылауды сақтаса, екінші жағынан заңды бизнестің жұмысын негізсіз тоқтатпауға мүмкіндік береді.
Бұл өзгеріс техникалық өзгеріс болып көрінгенімен, нарық үшін өте өзекті мәселе. Банктер мен цифрлық активтер провайдерлері арасында тұрақты байланыс қалыптаспайынша, криптоактивтерді ресми қаржы жүйесіне енгізу қиын. Ал банк шоттарының негізсіз бұғатталуы инвесторға да, кәсіпкерге де қауіп тудырады.
Майнингке электрді қайдан аламыз?
Еліміз бірнеше жыл бұрын цифрлық майнинг саласында әлем назарын аударған еді, бірақ электр энергиясының тапшылығы мен заңсыз өндіріс мәселесі қатар туындады. Сондықтан жаңа кезеңдегі басты талаптардың бірі майнингті елдің ортақ энергожүйесіне артық салмақ түсірмей дамыту болып отыр.
Жарлықта кен орындарындағы ілеспе мұнай газын немесе табиғи газды пайдаланып, электр энергиясын дербес өндіру мүмкіндігін қарастыру тапсырылған. Мұндай электр стансалары оқшауланған режимде жұмыс істеп, өндірген қуатын цифрлық майнингке бағыттай алады. Бұл ретте мемлекеттік және тұрмыстық қажеттілікке арналған энергияға басымдық беріледі.
Бұл тәсіл бір уақытта екі мәселені шешуі мүмкін. Біріншіден, елдің жалпы электр желісіне түсетін жүктеме азаяды. Екіншіден, кен орындарында толық пайдаланылмайтын газды экономикалық айналымға тартуға мүмкіндік туады. Алайда экологиялық талап, қанша қалдық шығатынын есептеу және энергияның нақты қайда жұмсалғанын бақылау мәселесі назардан тыс қалмауы керек.
Кімнің неге жауапты екені нақты белгіленуі керек
Цифрлық активтер нарығы осы уақытқа дейін екі құқықтық кеңістікте дамып келді. Бір жағында – еліміздің жалпы заңнамасы, екінші жағында «Астана» халықаралық қаржы орталығының жеке юрисдикциясы бар. АХҚО цифрлық активтер, криптобиржалар, стейблкоиндер мен инвестициялық қорларды реттеу бойынша тәжірибе жинады. 2025 жылы мұнда стейблкоин бойынша алғашқы лицензия беріліп, цифрлық активтерге бағытталған қорлар мен биржалық өнімдер көбейген.
Жаңа Жарлық осы екі кеңістіктің арасындағы байланысты күшейтуді көздейді. АХҚО құқығымен шығарылған цифрлық активтер мен токенделген бағалы қағаздарды Қазақстан аумағында тану инвесторға бір нарықтан екіншісіне еркінірек өтуге мүмкіндік беруі мүмкін. Сонымен қатар эмитенттер үшін қайталанатын рәсімдер мен құқықтық белгісіздік азаяды.
Дегенмен бұл жерде реттеушілердің жауапкершілік шекарасы нақты белгіленуі қажет. Клиенттің ақшасын кім қорғайды, дауды қай сот қарайды, провайдер банкрот болғанда актив қалай қайтарылады, кибершабуылдан келген шығынды кім өтейді деген сұрақтарға жауап берілуі керек.
Цифрлық активтер индустриясы елге инвестиция, жаңа технология және жоғары білікті мамандар тартуы мүмкін. Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы орны, салыстырмалы түрде дамыған қаржы инфрақұрылымы, АХҚО тәжірибесі және цифрлық теңге жобасы елдің өңірлік орталыққа айналуына белгілі бір негіз қалыптастырып отыр. Мемлекет басшысы бұған дейін цифрлық активтердің толық-қанды экожүйесін құруды және цифрлық теңгені мемлекеттік қаржыда кеңірек қолдануды тапсырған.
Сонымен қатар бұл саладағы мүмкіндіктер жоғары тәуекелмен, тұрақсыздық, алаяқтық, кибершабуыл және қаражатты заңсыз шығарумен қатар жүреді. Сондықтан басты мақсат цифрлық активтердің айналымын қалай да көбейту емес, заңды, ашық және бақыланатын айналымды қалыптастыру болуы керек. Жарлықта тұтынушылар мен инвесторлардың құқығын қорғау, заңсыз операцияларға қарсы іс-қимыл және қаржы тұрақтылығын сақтау негізгі қағидалар ретінде көрсетілген.
Бұл қадамның барлығы еліміздің криптоиндустрияға деген көзқарасы өзгере бастағанын айғақтайды. Бұрын бар назар тыйым салу, майнингті есепке алу және жекелеген алаңдарды лицензиялауға ауған болса, енді цифрлық активтерді төлем, инвестиция, сауда және нақты экономиканы қаржыландыру құралдарына айналдыруды көздеп отырмыз. Дегенмен бастамалардың нәтижесі енді қабылданатын заңдар мен ережелердің сапасына байланысты болады. Реттеушілер инновацияны тежемейтін, сондай-ақ азаматтың қаражатын қорғайтын тепе-теңдік табуы қажет. Ал кәсіпкерлер цифрлық активті тез пайда табу құралы емес, заң талаптары, ашық есеп және нақты экономикалық құны бар қаржы өнімі ретінде қабылдауға тиіс.