Қарағандыда полицейлер қаладағы супермаркеттердің бірінің маңында болған жанжалға байланысты 16 адамды ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әлеуметтік желілерде бірнеше адамның супермаркеттің жанындағы асфальтта жатқанын, ал олардың қасында арнайы мақсаттағы жасақ (спецназ) қызметкерлері тұрғанын көрсететін бейнежазба тарады.
22 шілде күні полицияға қаладағы супермаркеттердің бірінің маңына бір топ жас жиналып, олардың арасында жанжал туындауы мүмкін екені туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына полиция жасағы дереу барған.
«Қарағандыда полицейлер қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеді. 22 шілде күні полицияға қаладағы супермаркеттердің бірінің маңына араларында жанжал шығуы мүмкін бір топ жастың жиналғаны туралы хабар түсті. Полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, заңға қайшы әрекеттердің жолын кесіп, жағдайдың ушығуына жол бермеді», – деп хабарлады полиция.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін 16 адам аумақтық полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.