Болашақ Эйнштейндер: Қазақ физиктері әлемді таңқалдырды

Болашақ Эйнштейндер: Қазақ физиктері әлемді таңқалдырды

Колумбия төрінде өткен 56-Халықаралық физика олимпиадасы (IPhO-2026) еліміздің білім тарихына алтын әріптермен жазылды. Еліміздің намысын қорғаған бес бірдей жас өрен  Нұргүл Егенбергенова, Әмірбек Азатбеков, Ілияс Қазымбек, Роман Черемнов пен Дамир Құрман есімді өрендеріміз бес алтын медальдің бесеуін де қоржынға салып, әлемдік рекорд орнатты! Физика ғылымының алпауыттары саналатын Қытай мен Үндістанның дарындарын шаң қаптырып, жалпы командалық есепте дүниежүзі бойынша көш бастаған «алтын бестіктің» айбынды жеңісі – отандық білім беру жүйесінің зор жетістігі.

Халықаралық физика олимпиадасы 1967 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазақстан бұл білім дода­сына 1997 жылдан бері қатысады.  Былтыр ұлттық құра­ма екі күміс және үш қола медаль жеңіп алған бо­ла­тын.  Ал биыл бес оқушымыздың бес алтын медаль ие­­ленуі Қа­­­­зақстан тарихында бұрын-соңды болмаған жайт. 
Бұл олимпиаданың жөні бөлек, мәні де басқа. Онда оқу­шыға бұрын-соңды еш жерде кездеспеген, мүлдем жаңа физикалық құбылыс немесе модель беріледі. Оны ше­шу үшін бір ғана теориялық білім жеткіліксіз. Те­рең интуиция, шығармашылық креативтілік және ло­гикалық әбжілдік қажет. Олимпиада жас зердеге өмір­лік қиындықтар мен ғылыми түйткілдердің түйінін стан­дартты емес, соны жолдармен шешуді үйретеді. Бұл – адамды шектеулі ойлау шеңберінен шығаратын нағыз интеллектуалдық шыңдалу мектебі.

Олимпиадалық тапсырма­лар­дың жылдан-жылға күр­де­ленуі – заңды құбылыс. Ал бұл үр­діс өз кезегінде әр елдің ұлт­тық білім беру жүйесін үнемі жаңарып, дамып оты­ру­ға мәжбүрлейді. Халықаралық деңгейден қалып қой­мас үшін мектептер бағдарламаларын заманауи талап­тар­ға сай бейімдейді, зертханаларын жаңартады, ұстаз­дар­дың біліктілігін арттырады. Демек, олимпиада тек же­келеген оқушылардың ғана емес, тұтас бір елдің білім са­пасын алға сүйрейтін қозғаушы күш рөлін атқарады.
Олимпиада – таланттарды ерте жастан танып, олар­ға үлкен ғылымға жол ашатын бірегей трамплин. Мұндай до­далар жас дарындардың бойындағы әлеуетті оятып, олар­дың қоғамға, адамзат игілігіне қызмет етуіне даңғыл жол салады. Биылғы жарыста топ жарған ұлттық құра­ма­ның жетекшісі Самат Мақсұтовқа хабарласып, тіл­дескен болатынбыз.  

Самат МАҚСҰТОВ, 
құрама жетекшісі:

Талантты оқушыларымыз Қазақстанды әлемге танытады

– Халықаралық олимпиаданың тапсырмалары өте күр­делі болады. Теориялық кезеңде үш есеп беріледі, ал кей жағдайда бір есептің шартының өзі жеті-сегіз бетке дейін жетеді. Сондықтан мұндай жарыста тек пәндік бі­лім жеткіліксіз. Оқушы көлемді ақпаратты қысқа уа­қыт­та оқып, саралап, негізгісін іріктей алуы керек. 
Эксперименттік кезеңнің де өзіндік ерекшелігі бар. Қа­тысушылар мектеп немесе университет зертхана­ла­рын­да жиі қолданылатын құралдармен емес, арнайы дайын­далған құрылғылармен жұмыс істейді. Көп жағ­дайда оқушы мұндай аппараттарды бұрын қолына ұстап көр­меген, тек теория жүзінде ғана таныс болуы мүмкін. Жаңа құралдың жұмыс істеу қағидатын қысқа уақыт ішін­­де меңгеріп, тәжірибені дұрыс орындау үлкен дайын­дықты талап етеді.
Халықаралық олимпиададағы тағы бір ерекшелік – тіл мәселесі. Тапсырмалар ағылшын тілінде беріледі. Құ­ра­ма жетекшілері оны оқушылардың ана тіліне ау­да­рып түсіндіреміз. Оқушылар жауаптарын өз тілінде жа­за­ды, кейін біз олардың жұмыстарын ағылшын тіліне ау­дарып, қазылар алқасына жеткіземіз. Осы процесте кей­бір тұстарды дәл жеткізу, түсіндіру жауапкершілігі же­­­текшіге жүктеледі, – дейді SDU университетінің қауым­дастырылған профессоры, PhD, физикадан ұлттық құра­ма командасының жетекшісі Самат Мақсұтов.

Жалпы, халықаралық олимпиадаға қатысу кәсіби спортпен айналысумен бірдей. Мұндай деңгейге жету үшін оқушылар кемінде 4-5 жыл бойы жүйелі түрде дайын­далады. Халықаралық олимпиадада алтын медаль барлық қатысушылардың алғашқы сегіз пайызына ғана беріледі. Биыл әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысса, Қазақстан құрамасының бес мүшесінің барлығы да ең үздік сегіз пайыздың қатарына енді.
Халықаралық олимпиаданың тағы бір ерекшелігі – тап­сырмалардың көлемі мен құрылымы. Шарттары бірнеше беттен тұратын тапсырманы  оқушы тез оқып, не­гізгі ақпаратты саралап, уақытты тиімді жоспарлай білуі аса маңызды. Сонымен қатар бес сағатқа созылатын емтихан барысында зейінді жоғалтпай жұмыс істеу, қай есептен бастау керегін дұрыс анықтау, уақытты тиімді бөлу сияқты дағдылар да үлкен рөл атқарады. Мұның барлығы ұзақ жылғы дайындық барысында қалыптасады.
Қазақстанда халықаралық олимпиадаларға қа­ты­сатын құрам «Дарын» республикалық ғылыми-прак­ти­ка­­­­лық орталығы қалыптастырған жүйе арқылы ірік­те­ле­ді. Алдымен мектепішілік, аудандық, облыстық және рес­­публикалық олимпиадалардың жеңімпаздары анық­талады. Кейін республика деңгейінде жоғары нәтиже көр­сеткен оқушылар арнайы оқу-жаттығу жиындарына ша­қырылады. Онда емтихандар өткізіліп, халықаралық жарысқа қатысатын ең мықты құрам жасақталады.

– Халықаралық олимпиада қарсаңында тағы да оқу-жат­тығу жиындары ұйымдастырылады. Бұл кезеңде оқушылар олимпиадалық есептердің ерекшеліктерімен жұмыс істеп, түрлі тактикаларды меңгереді, тәжірибелі ұстаз­дар мен халықаралық олимпиада жеңімпаздарының дәріс­терін тыңдайды. Мұндай жүйе физикада ғана емес, ма­тематика, химия, биология және информатика пән­дерінде де қалыптасқан.
«Дарын» орталығының атқарып отырған жұмысы көп­шілікке көріне бермейді. Орталық оқу-жаттығу жиын­дарын ұйымдастырып қана қоймай, қатысу­шы­лардың жол шығынын, тұратын орнын, тамақтануын, оқу процесін толық қамтамасыз етеді. Сонымен қатар кейін­гі жылдары халықаралық олимпиадаларға қаты­сатын ұлттық құрамаларға арнайы форма дайындалып келеді. Қазақстанның туы мен эмблемасы бейнеленген киімдер оқушылардың ел намысын сезінуіне, халық­ара­лық деңгейде Қазақстанның имиджін танытуға ықпал етеді. Мұндай жұмыстар сырт көзге байқала бермегенімен, ха­лықаралық олимпиадаға дайындықтың маңызды бө­лігі саналады және бұл жүйелі дайындықтың нәтижесінде қа­зақстандық оқушылар халықаралық аренада жоғары нә­тижелер көрсетіп келеді, – деп қорытты ойын ұлттық құра­ма командасының жетекшісі Самат Мақсұтов.

Гүлия 
НҰРБАҚОВА, 
ұлттық құрама жаттықтырушысы:

Олимпиадаға ең дарынды балалар іріктеледі

«Баласы атқа шапса, анасы үй­де отырып тақымын қы­са­ды» дейді қазақ. Елде отырып ұлт­тық құраманың халықаралық додадағы білім жа­ры­сын қалт жібермей бақылаған мамандардың бірі – фи­зика-математика ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университеті, физика-техни­ка­лық факультеті, теориялық және ядролық физика ка­фед­ра­сының доцент-зерттеушісі, физикадан ұлттық құра­ма­ның жаттықтырушысы  Гүлия Нұрбақова. 

– Республикалық физика олимпиадаларында әділ­қазылар алқасының құрамында жұмыс істеп келе жат­қаныма 20 жылдан асты. Алғаш рет 2004 жылы рес­пуб­ли­калық олимпиадаға әділқазы ретінде қатыстым. Содан бері 23 республикалық олимпиаданың ұйымдас­ты­рылуы­на атсалыстым. 
Ұлттық құраманы дайындауға тәжірибелі мамандар жұмылдырылған. Құрамда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті мен SDU университетінің оқыту­шы­лары, сондай-ақ халықаралық олимпиадалардың бұрын­ғы жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Олар өз тә­жірибесін жас буынға үйретіп, оқушыларды ха­лық­ара­лық жарыстарға жүйелі түрде дайындайды, – деді Гүлия Нұрбақова.

Халықаралық олимпиадаға әр мемлекеттен бес оқу­шы және екі жетекші қатысады. Бұл талап олимпиаданың ха­лықаралық ережесінде белгіленген. Сондықтан Қазақстан құрамасы да халықаралық та­лапқа сәйкес екі жетекшімен қатысады. Сонымен бірге тә­жірибе жинақтап, жаңа буын мамандарын қалып­тас­тыру мақсатында жас жаттықтырушылардың да бұл жұмысқа біртіндеп тартылуына мән беріледі.

– Ұлттық құрамаға іріктеу бірнеше кезең бойынша жүргізіледі. Оқушылар физика пәнінен олимпиадаға 7-сыныптан бастап қатысады. Ал 9-сыныптан бастап республикалық олимпиадада бақ сынайды. Жыл сайын республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша ең үздік он бес оқушы ұлттық құраманың резервіне қабылданады. Бұл сан халықаралық олимпиаданың талаптарына сәйкес белгіленген. Өйткені бес адамнан тұратын негізгі құрамға үш есе көп резерв дайындалады.
Іріктелген оқушылар жыл бойы бірнеше кезеңнен тұратын оқу-жаттығу жиындарына қатысады. Желтоқсан айындағы алғашқы жиында олардың дайындық деңгейі бірнеше емтихан арқылы бағаланып, бастапқы рейтинг қалыптастырылады. Бұдан кейін қатысушылар дәстүрлі Жәутіков олимпиадасында өнер көрсетеді. Оның нәтижелері де жалпы рейтингке енгізіледі. Сонымен қатар келесі жылғы республикалық олимпиаданың қорытындылары есепке алынады.
Осы көрсеткіштердің негізінде Азия физика олимпиадасына қатысатын сегіз оқушы анықталады. Азия олимпиадасынан кейін рейтинг қайта жаңартылып, ең жоғары нәтиже көрсеткен бес оқушы Халықаралық физика олимпиадасына жолдама алады. Ал келесі бес оқушы Еуропалық физика олимпиадасына қатысады. Әр халықаралық жарыстың алдында арнайы оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылып, оқушылар теориялық және эксперименттік дайындықтан өтеді.
Мұндай көпсатылы жүйе ұлттық құраманың ең мықты оқушылардан жасақталуына мүмкіндік береді. Іріктеу барысында әр кезеңнің нәтижесі есепке алынады, сондықтан құрамға тек белгілі бір жарыста емес, ұзақ уақыт бойы тұрақты жоғары нәтиже көрсеткен оқу­шы­лар енеді.
Әлемнің жетекші университеттері де халықаралық олимпиада жеңімпаздарына ерекше қызығушылық та­нытады. Көптеген оқу орны олардың олимпиададағы нәтижелеріне сүйене отырып, оқуға шақырып, грант ұсы­нады. Биылғы құраманың мектеп бітіруші мүше­лерінің басым бөлігі әлемдік деңгейдегі университеттерден шақырту алды. Олардың әрқайсысы өз болашағына сәйкес жоғары оқу орнын өздері таңдайды. Ал мектепте оқуын жалғастырып жатқан оқушылар келесі жылы да ұлт­тық құраманың іріктеуінен өтіп, халықаралық олим­пиадаларда ел намысын қорғауға мүмкіндік алады, – деді ұлттық құрама команданың жаттықтырушысы Гүлия Нұрбақова.

Ілияс ҚАЗЫМБЕК, 
алтын медаль иегері: 

Олимпиадаға жылдар бойы дайындалдым

Ғылымға барар жол – ауыр да соқтықпалы соқпақ. Олим­пиа­даға дайындық барысы жа­­сөспірімді төзімділікке, те­мір­дей тәртіпке және күйзе­ліс­ке төтеп беруге баулиды. Күні­не бірнеше сағат бойы күрделі физикалық есептермен бет­пе-бет келу, жеңілістің ащы дәмін татып, одан сабақ ала білу баланың мінезін шыңдап, оны тұлға ретінде қа­лыптастырады. 
Алтын медаль жеңіп алған бес жеңімпаздың бірі – Аста­на қаласындағы Spectrum International School мек­те­бінің 12-сынып оқушысы Ілияс Қазымбек. Олимпиадаға ал­тыншы сыныптан бастап дайындалған жас өреннің ай­тары көп. 

– 6-сыныптан бастап «Пифагор» математикалық үйір­месіне қатыстым. Бұл үйірме математикалық ойлау қабі­летімді дамытуға үлкен ықпал етті. Ал 7-9 сыныпта физика бойынша олимпиадаға дайындалуыма «Квадрат» орталығы ерекше көмектесті. Бұл орталық дәл осы кезең­де математика, физика және бағдарламалау бағытында дайындалатын оқушылар үшін өте тиімді орта болды.
Дегенмен олимпиададағы жетістікке әсер ететін ең маңызды факторлардың бірі – айналаң, араласатын ор­таң. Бір мақсатқа ұмтылған, бірге дайындалатын дос­тар­дың болуы адамды үнемі алға жетелейді. Осындай орта өзіңді дамытуға үлкен мотивация береді.
Халықаралық олимпиадаға жолдама алу, әрине, өте қуа­нышты жайт. Бірақ бұл – бір сәттік жетістік емес. Оның артында бірнеше жылдық жүйелі еңбек жатыр. Сон­дықтан ең үлкен ләззат марапат алған сәттен емес, күн сайын өзіңнің өсіп келе жатқаныңды сезінуден бас­та­лады. 
Олимпиадаға дайындалатын оқушылар үшін негізгі оқулықтар мен есеп жинақтарының маңызы зор. Алғашқы кезеңде Иродов, Овчинкин, Себухин сияқты авторлардың еңбектерін меңгеру жеткілікті. Кейін дайындық деңгейі артқан сайын шетелдік әдебиеттерге көшкен жөн. Мен Дэвид Мориннің кітаптарын, сондай-ақ халықаралық олимпиада жүлдегері Кевин Чжоудың ұсы­нымдарын жиі пайдаландым. Оның GitHub платфор­ма­сында физика мен математика бойынша кітаптар, оқу ма­териалдары және дайындыққа арналған пайдалы кеңес­тер жинақталған. Материалдардың басым бөлігі ағыл­шын тілінде болғанымен, олимпиадалық деңгейге жету­ді мақсат еткен оқушылар үшін өте құнды ресурс.
Меніңше, олимпиадаға дайындықтағы ең үлкен қа­те­лік – материалды жаттап алуға тырысу. Формуланы жат­тау жеткіліксіз, оның қалай жұмыс істейтінін, қайдан шы­ғатынын түсіну маңызды. Сонда ғана алған білімді жаңа есептерде қолдана аласың.
Өз тәжірибемде бір қағиданы ұстандым. Уақытымның ша­мамен 80 пайызын өзіме қызық тақырыптарды оқуға ар­надым, ал қалған 20 пайызын олимпиадаға міндетті ма­териалдарды меңгеруге жұмсадым. Осындай тәсіл дайын­дыққа деген қызығушылықты жоғалтпауға көмек­тесті.
Кітап оқудан бөлек, дәрістер тыңдау да маған өте пайдалы болды. Әдетте, алдымен бейнедәрісті қарап, кейін сол тақырыпты кітаптан қайталап шығатынмын. Бұл ақпаратты жақсырақ меңгеруге мүмкіндік берді.
Халықаралық физика олимпиадасына қатысу мен үшін үлкен мәртебе болды. Әлемнің түпкір-түпкірінен келген дарынды оқушылармен бір командада өнер көрсету бұрын қол жетпейтін арман сияқты көрінетін. Сондықтан мұндай ортада Қазақстанның атынан шығу ерекше мәртебе дер едім.
Биылғы олимпиада тапсырмаларының форматы Қазақстандағы республикалық олимпиадаға біршама ұқсас болды. Бұл біз үшін тиімді факторлардың бірі еді. Сонымен қатар халықаралық олимпиада қарсаңындағы дайындықтың да пайдасы зор болды. Бізді халықаралық олимпиада жүлдегері Әмір Пшенбаев дайындады. Ол тек есеп шығаруды үйретіп қана қойған жоқ. Эксперименттік құрылғыларды әзірлеп, сапалы оқу-жаттығу жиындарын ұйым­дастырды. Сонымен бірге спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтану, уақытты тиімді пайдалану, өз жұмы­сың­ды талдау сияқты дағдыларды қалыптастыруға ерек­ше көңіл бөлді. Осындай жан-жақты дайындық ха­лықаралық жарыста маңызды рөл атқарды.
Физика олимпиадасында табысқа жетудің басты шартының бірі – математиканы терең меңгеру. Себебі олим­пиадалық есептерді қысқа уақыт ішінде дәл әрі жыл­дам шығару қажет. Физикадан теориялық білім маңыз­ды болғанымен, есептерді тиімді шешу көбіне ма­тематикалық дайындыққа байланысты. Сондықтан фи­зикамен бірге математиканы қатар дамыту өте маңызды.
Өзге пәндерге келсек, әр оқушының қызығушылығы әртүрлі. Мен математика мен физиканы қатар алып жүр­ген көптеген дарынды оқушыны білемін. Сонымен қа­тар физиканы информатикамен немесе биологиямен ұштастыратын қатысушылар да аз емес. Өзім де кезінде 15 жасқа дейінгі оқушыларға арналған халықаралық жаратылыстану олимпиадасына қатысқанмын.
Алдағы уақытта «Болашақ» бағдарламасының мүм­кін­­дігін пайдалануды ойлап отырмын. Сонымен бірге шет­елдік университеттерге де құжат тапсырамын. Қазір ғы­лыммен айналысқысы келетін жастар үшін әлемнің же­текші университеттері үлкен мүмкіндік береді. Деген­мен Қазақстандағы Nazarbayev университеті де сапалы білім мен ғылымды ұштастырған жоғары оқу орындары­ның бірі деп есептеймін, – деп ойын бөлісті Ілия Қа­зым­бек. 
 

Халықаралық олимпиада жеңімпаздарына мемлекет тарапынан бірқатар қолдау көрсетіледі. Соның бірі – «Болашақ» бағдарламасы аясында бакалавриат деңгейінде білім алу мүмкіндігі. Одан бөлек, шетелдік жоғары оқу орындарынан да шақырту алады. 
Тарихқа қарасақ, халықаралық олимпиада жеңімпаз­дарының көпшілігі – кейін Нобель сыйлығының лауреат­тары, ірі технологиялық компаниялардың негізін қалау­шы­лар немесе әлемді өзгерткен жаңалықтардың автор­лары. Сондықтан олимпиада осындай таланттарға үлкен ғы­лымға жол ашатын трамплин рөлін атқарады десек, артық айтқандық емес. 

 

Арайлым Бимендиева

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары