Әмин Тұяқов: Өзіме тиесілі үйді Рақымжан Қошқарбаевқа бердім

/
Әмин Тұяқов: Өзіме тиесілі үйді Рақымжан Қошқарбаевқа бердім

Заманында әлемнің таңдаулы спортшыларының бірі деп танылған аты аңызға айналған жүйрік – қысқа қашықтыққа жүгіруден және эстафеталық жарыстан КСРО-ның 8 дүркін чемпионы, Еуропа кубогының жеңімпазы, КСРО халықтары  спартакиадасының жеңімпазы, КСРО Қарулы Күштерінің 14 мәрте чемпионы, КСРО рекордын 6 рет жаңартқан Әмин Тұяқов – спорт тарихында аты алтын әріптермен жазылған тұлға. Бүгінде жасы 90-ға қараса да әлі ширақ, айтары мол ақсақалмен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Әмин аға, спорт жалпыға ортақ дү­ние болғанымен, әр халықтың сол спорт­тың белгілі бір түріне көбірек бейі­мі болатыны белгілі. Қазақтар о бас­тан балуаны көп, күрес түрлерінен же­тістікке жеткен ел ретінде танылса, өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап әйгілі желаяқ Ғұсман Қосанов екеуіңіз жеңіл атлетикада биіктен көрініп, қа­зақтың атын шығардыңыздар. Бала ке­зіңізде спорттың қай түріне қызық­тыңыз?

– Мен Қазақстанның батыс өлкесінде – Маңғыстауда дүниеге келген адаммын ғой. Патша заманында осы өлкеде он жыл ай­дауда болған украин халқының классигі Та­рас Шевченко мен туған жер туралы «Бо­гом забытый край» деген екен. Әрине, үстірт айтылған сөз ғой. Әйтпесе, «Құдай ұмытып кет­кен» жерден небір ақын-жыраулар, күй­шілер, би-шешендер, батырлар мен палуан­дар шыға ма? Жерінде бір өзен жоқ, шөл дала болған соң айтқан шығар. Бірақ кейін жер асты газ бен мұнайға толы бай өлке екені бел­гілі болды емес пе? Ол елдің игілігіне қыз­мет етіп жатыр.
Мектепте жүргенімізде болашақта спорт­пен айналысамын деген ой болған жоқ, тіпті спорттың не екенін де жете түсінбейтін едім. Қозы-лақ бақтық, мектепке қыста 4-5 шақырым жерден келсек, жазда жайлауға көшкенде 7-8 шықырым жерден қатынап оқыдық. Үйден кешірек шықсақ, сабақтан кеш қалмау үшін жүгіріп баратын едік. Біздің ауылдағы спортымыз – асық ойнау, ләңгі тебу болды. Мектепте төменгі сыныптарда дене шынықтырудан арнаулы курс оқыған қыз-келіншектер сабақ берсе, жоғары сы­ныптарға барғанда соғыстан кейін армияға ба­рып келген жігіттер оқытты. Сосын «қаш­па доп» деген ойынымыз болды. Мына аме­ри­калықтар ойнайтын бейсбол сияқты ойын ғой, оны ұлдармен бірге қыздар да ой­найтын. Жүннен жасалған допты біреу ағаш­пен соғып жіберіп, ол алысқа ұшқанда бәрі­міз ол жерге түскенше жүгіріп жетіп алу­ға тырысатынбыз. Менің қатты жүгіретін қа­білетім сол кезден бастап ашыла бастаған сияқ­ты. 8-сыныптан бастап жарыстарда өзім­нен үлкен балалардан қалмайтынмын, кө­бінен озып келетінмін.
Нағыз спорттың не екенін мектепті бі­тірген соң Гурьев қаласындағы (қа­зіргі Атырау) пединститутқа түскенде білдік. Біз студент болғанда сол оқу орнына Аты­рау­ға мамандығы дәрігер, жеңіл атлетика бойынша разряды бар Анжелина Куликова деген қыз жұмысқа келген-ді. Сол келген бойда үйірме ашып, жүгіруге қабілеті бар жас­тарды жинай бастады. Оған мен де қа­тыстым. Сөйтіп, 1954 жылы 100 метрге жүгі­ру­ден Атырау қаласының чемпионы болдым. Сол кезде көрсеткен нәтижем 12,3 секунд еді.

– Алғаш рет чемпион атану сізді қа­нат­тандырған шығар! Одан әрі спорт­та­ғы жолыңыз қалай өрбіді?

– Әрине, жетістікке жету адамды шабыт­тандырады ғой. Өзіңе деген сенімді арттыра­ды. Көңілде «бұдан да биіктерден көрінсем» деген арманды оятады.
1956 жылы 19 жасымда Алматыда өткен Қа­зақстанның бірінші спартакиадасында Атырау облысының атынан қатысып, 5-орын­нан көріндім. Оның бір пайдасы, осы жарыста көзге түскендерден Қазақстан құра­масы жасақталып, Мәскеуде өтетін бүкі­ло­дақтық спартакиадаға дайындық басталды, сол кездегі қазақ спортының басшысы Әбді Артықов құрамаға мені де қосты. Спорт­шы­лар қатарында қазақ балалары да болсын деген шығар. Бірақ спартакиада мен қосалқы құрамда болғандықтан, жарыс жолына шыға ал­мадым. Дегенмен Одақ бойынша аты шық­қан желаяқтардың қалай жүгіргенін көріп, үлкен әсер алып қайттым. 
Келген соң жаттығуды қайта бастадым. 1958 жылы 100 метрге жүгіруден бірін­ші разрядты спортшы атандым, ал 1959 жылы Қазақстан чемпионатында 100, 200, 400 метрге жүгіруден жеңімпаз болдым. Ке­лер жылы армия қатарына алынып, Ресейде өткен «Буревестник» ерікті қоғамының одақтың біріншілігінде 200 метрден бірінші орын алдым. Сөйтіп, «КСРО спорт шебері» атандым. Ол мен үшін үлкен жетістік еді, себебі ол кезде «спорт шебері» атағын олим­пиа­да жүлдегерлеріне ғана беретін. Осы же­тістігімнен кейін одақтағы спорт басшы­лары «Сен Қазақстанға қайтпай-ақ қой, осын­­да жаттыға бер» деп, мені ЦСКА-ға (Цент­­­­ра­ль­ный спортивный клуб Армии) қабылдады. 
Жасыратыны жоқ, кеңестік дәуірде спорт­қа қатты көңіл бөлінетін, жақсы нә­тиже көрсеткен спортшыларға жақсы жағ­дай жасалатын. КСРО құрамасының бас бап­кері Гаврил Коробков мені құрама қата­ры­на алдырып, ЦСКА-ның жатақханасына орналастырып, стипендия тағайындатты. Сөйтіп, бір кезде аты шыққан желаяқ, қысқа қашықтық бойынша жаттықтырушы Борис Токаревтің басшылығында жаттыға бас­тадым. Кілең мықтылармен бірге жаттығу бәсекелестікті күшейтеді, спортшыны шың­дай түседі. 1962 жылы КСРО чемпионатында 200 метрді  21,1 секундта жүгіріп өтіп, алғаш рет КСРО чемпионы атандым. Келесі жылы да сол жетістігімді қайталадым. 1965 жылы Алма­тыда өткен Кеңес одағы чемпионатында 200 метрге жүгіруден алтын, 100 метрге жү­гіруден күміс медалға қол жеткіздім. Сол жылғы 200 метрге жүгіруден рекордым (20,6) 3 жылға дейін бұзылмай тұрды. Ара­дан екі жыл өткенде КСРО халықтарының чем­пионатында екінші рет жеңімпаз бол­дым. Жалпы, 200 метрге жүгіруден 5 рет КСРО чемпионы атаныппын. 
Ал 100 метрге жүгіруден 1958 жылы 11,0 секунд нәтиже көрсетсем, 1960 жылы 10,4 секундқа жеткіздім. Одан кейінгі төрт жылда 10,3 секундтан түспедім. Жалпы, 100 метрге жүгіруден көрсеткен ең үздік нәтижем – 10,2 секунд. Оған ең алғаш Киевте өткен жарыста қол жеткізгем, бірақ неге екенін, ол тіркел­меді. Кейін Алматыда өткен жарыста ғана ресми тіркелді. Менің бұл көрсеткішім сол жыл­дардағы КСРО рекорды еді.
Ол кезде жетістікті тіркегенде механика­лық секундомермен өлшейді ғой, қазіргідей автоматты түрде көрсететін электронды секун­домерлер болған жоқ. Соған қарап кей­бір спорттан хабары бар кісілер «жетіс­ті­гіңіз 10 секундтың өзі болу мүмкін, тіпті одан да аз шығар» дейді. Кім білсін, қалай дегенде тарихқа солай жазылды. Оны олай-былай дейтін ештеңесі жоқ деп ойлаймын.
Қысқаша айтқанда, КСРО көлемінде қол жеткізген жетістіктерім осылай.
Қалай ойлайсың, сұрағыңа орай жауап берем деп, кіл жетістіктерді тізбелеп кетіп, оқырмандарды жалықтырып алмадық па?

– Жоқ, керісінше, бүгінгі спортта тер төгіп жүрген ізбасарларыңыз үшін мұндай мәліметтерді біліп жүргеннің пайдасы көп деп ойлаймын. Өйткені алдыңғылардың жетістігінен хабардар болу кейінгілерге құлшыныс, заманауи тілмен айтқанда, мотивация береді. 

– Онда жөн екен. Жастар біздің жүріп өткен жолымызды біліп, содан керегін алса жақсы ғой.

– Сіздің ендігі бір жетістіктеріңіз эстафеталық жарыстарда көрінді. Сол жайында айта кетсеңіз.

– Ол да өз алдына спорттың бір ерекше түрі, командалық ойын. 100, 200, 400 метрге жү­гіру секілді қысқа қашықтықтағы жа­рыс­тар, алыс қашықтыққа жүгіретін марафон­дық жарыстар болсын – жетістік жекелей көрінеді. Ал эстафеталық жарыс – бірнеше адам қатысатын командалық ойынның пси­хологиясы сәл басқашалау. Онда бірнеше адам­ның көңіл күйі, жеңіске ынтасы, щебер­лігі, дайындық деңгейі бірдей болуы үлкен рөл ойнайды. Біреуден біреу кем болмау керек, бір-біріңе деген титтей де сенімсіздік бол­мауы тиіс. 
Бұрын үлкен державалар арасында жарыстар болып тұратын. Мәселен, КСРО мен АҚШ сияқты елдердің арасында. 1964 жылы АҚШ 4х100 этафетасында олим­пиада чемпионы атанды. Ал келесі жылы Киев қаласында дәл осы жарыс түрі бойынша КСРО-АҚШ арасында жекпе-жек өткенде біз олимпиада чемпиондарынан басым түстік. Біздің құрамда Эдвин Озолин, мен, Ғұсман Қосанов және Николай Политико болды. Бірін­ші кезекте жүгірген Озолин таяқшаны алған мен қарсыласымнан оқ бойы озып келіп, оны Ғұсманға бердім, ол сол артық­шы­лықты сақтап Политикоға берді. Ал По­ли­тико болса бар күшін салып, 39,3 секунда АҚШ желяғын шаң қаптырып мәре сызығын қиды. Солай біз олимпиада чемпиондарын тізе бүктіргенбіз.
Бұдан басқа кездерде өткен эстафета­лық жарыстарда да алтын, күміс ме­да­льдарға қол жеткізгенім бар.

– Осы тұста бір ой келеді: 1964 жылы өткен Токио олимпиадасында эстафета­лық жарысқа сіз қатысқанда нәтиже бас­қаша болар ма еді. Өйткені сол олим­пиадада жеңімпаз болған АҚШ эста­фе­ташыларын сіздер арада бір жыл өт­кен­де жеңдіңіздер ғой...

– Кім білсін... Кейде спортта белгілі, бел­гі­сіз себептермен әділетсіздіктер болып тұра­ды ғой. Токио олимпиадасында мен КСРО құрамында болдым. Бірақ бас бапкер жарысқа мені қатыстырмай, өзінің жиені (оны кейін білдік қой) Борис Савчукті жібер­ді. (Мен сол жылы Киевте өткен 100, 200 метрге жүгіруден алдыма жан салмағам. Ал Савчук болса, бесінші әлде алтыншы орын­нан көрінген). Сөйтіп, бас бапкердің әділет­сіз шешімі бізге оңай соқпады. КСРО құра­ма­сы АҚШ командасымен тайталаспақ тү­гілі, жүлдеге ілінбей қалды. Кейін құрамадағы жігіттер «Савчуктің орнына Әмин қатыс­қан­да біз жеңер едік» деп те жүрді. Бірақ қай­тесің, бұйырмағанға дауа жоқ. Бір әділет­сіз­діктің кесірі өзімді олимпиадада сынап көру бақытынан айырды...

– Кеңестік кезеңде ұлттық республи­ка­лардың, оның ішінде қазақ спорт­шы­ларына қысым жасалды, шеттетті де­ген­дей сөздер айтылады. Бұл рас па?

– Иә, расында, ондай жағдай білініп тұ­ра­тын. Боксшы Әбдісалан Нұрмаханов, палуан Әбілсейіт Айхановтар анық мысал. Олар одақ деңгейіндегі мықты спортшы­лар­ды жеңіп жүрсе де шетқақпай көрді. Оларды «кі­ші жарыстарда жеңгенімен, үлкен жарыс­тарда өздерін көрсете алмайды» деп шетке қақты, әлем чемионаттарына, олимпиадаға жі­бермеді. Мәскеу олимпиадасының чем­пио­ны Шәміл Серіковті БАМ-ға бармадың деп құрама команда сапынан шығарып тас­тады. 1967 жылы чемпион болсам да мені құра­маға қоспады, Токио олимпиадасына бар­ғанымда жарысқа қоспай тастады ғой. Ен­ді келіп ойланам, сол кезде неге өзіме тие­сілі нәрсені талап етпедім деп...
Бір шүкір ететінім, мен шұғылданған спорт түрінде бәрі анық көрініп тұрады. Оз­саң – озғаның, қалсаң – қалғаның жұрт­тың көз алдында білінеді. Ал бокс, күрес дегендерде ұпайды есептемей қою, бұрмалау сияқ­ты жайттар жиі кездеседі. Оның анық-қа­нығына жету де оңай емес. Спорттық гим­настикада да солай. 

– Әрине, үлкен спортта өкініштердің болып тұруы заңды, дегенмен атыңыз әлемдік спорт тарихында қалған тұл­ға­сыз. Еліңіз сыйлайды, халқыңыз спорт­та қол жеткізген табыстарыңызды мақ­таныш етеді. Спортта үлкен тәжіри­беңіз бар. Сізден жастардың үйренері көп. Марафоншылардың салмағы мен бойы қандай болуы керек?

– Марафоншылардың салмағы жеңіл болу керек. Өйткені ұзаққа жүгіргенде де­не­нің әр килограмы салмақ болады. Салмағы жеңіл адамдардың бойы ұзын болмайтыны бел­гілі. Ал қысқа қашықтыққа жүгіретіндер сұңғақ бойлы болуы табиғи. Аяқтың ұзын болуының да артықшылықтары бар. Қысқа қашықтыққа жүгіретіндердің бойы түгелге жуық ортадан жоғары. Әріден бүгінгі Усэйн Болтқа дейінгілердің бәрі ұзын бойлы деуге болады. Менің нағыз толысқан кезімде бойым 172 см, салмағым 72 кг болған.

– Спринтерлер үшін старт берілгенде бірден алға шығып кету маңызды ма?

– Әрине, оның да маңызы бар, өйткені 100, 200 метрге жүгіргенде алға шығудың ар­­тықшылығы бар. Сондықтан старт бе­рі­ле­тін кезде тарс еткен спорттық тапаншаның даусы естілген сәтте бірден алға шығып ке­тіп, соны финишке дейін сақтап қалу үлкен жетістік. Менің де стартта сәл кешігіп қалған кездерім болған. Бірақ табиғи қабілеті мық­ты спортшылар старт берілгенде сәл қалып кетсе де, кейін алда шыққандарды басып озып кететін жағдайлар аз кездеспейді. Бұл, әсіресе, эстафеталық жарыстарда көзге анық түседі. Мәселен, эстафетада басында қалып ке­ле жатқан команда соңына қарай озып ке­тіп жататыны бар. Ол спортшылардың дайын­дығына байланысты. Дегенмен қай ел болса да жарысқа тек таңдаулыларын қоса­ды ғой.

– Сіз Мәскеуде тұрып, КСРО құрама ко­мандасы сапында жарыстарға қа­ты­сып, спортта үлкен жетістіктерге жет­тіңіз. Елге қалай келдіңіз?

– Қандай спортшы болса да туған елінде жүр­генді, жарысқа өз елінің атынан қатыс­қанды қалайды ғой. Қазір қайдам, бұрын сондай еді. Ол кезде қазіргідей өзіне жайлы жер іздеп, шақырған елдің азаматтығын ала салу деген жоқ еді, бір одақтың құрамындағы 15 республиканың қайсысында жүрсең де құрамаға КСРО атынан қатысасың. Соның өзінде әркім өз республикасы атынан шық­қанды қалайтын. 
Ғұсман Қосанов екеуміз Мәскеуде жүрсек те ойымыз елде еді. Біздің елге келуімізге қа­зақтың тамаша азаматы, спорт және мем­лекет қайраткері Кәркен Ахметов ағамыз себепші болды. Ол қазақ спортын дамытуға мол үлес қосты. 1965-1971 жылдарда респуб­ли­камыздың спорт комитетін басқарды. Ол басшы болып тұрғанда Алматыдағы Орта­лық стадион, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, Өскемендегі «Юбилейный» спорт сарайы, Қызылордада Ғ.Мұратбаев атындағы спорт комплексі, т.б. еліміздегі спортты да­мытуға зор әсер еткен ғимараттар салын­ды. Міне, сол азамат 60-жылдардың басында Мәс­кеуге келген бір сапарында Ғұсман Қоса­нов екеумізбен кездесіп, мүмкін болса елге қайтуымызды сұрады. Біз де елге қайтқымыз келетінін айттық. Сөйтіп, 1962 жылы Ғұсман елге оралды. Оған үй берді, қызметке тұрғыз­ды. 1964 жылы маған да Алматыдан үй бер­гіз­ді. Бірақ 1967 жылға дейін Мәскеуде тұр­дым. Кейін елге келгенде бұрынғы берген үйі қаланың шетінде болған соң, басшыларға «жұ­мысыма алыстау, үйімді ауыстырып беріңіз» деп өтініш айтқанымда, орталықтан маған 4 бөлмелі пәтер беретін болды. Өйт­кені жанымда ағамның балалары бар, бір­талай адамбыз. Сосын мені даңқты волей­болшы Октябрь Жарылқапов ағамыз ша­қырып алып «Әмин, ана рейхстагқа ту тіккен батыр – Рақымжан Қошқарбаев ағаң екі бөл­мелі пәтерде тұрады екен, соған мына төрт бөлмелі пәтерді беріп, оның пәтеріне өзің барсаң бола ма? Әлі үйленбеген бойдақ жі­гітсің ғой, болашағың алда. Бұйырса, мұн­дай пәтердің талайына қолың жетер» деді. Мен сөзге келмей келісіп, Рахымжан ағамыз тұрған үйге көшіп алдым. Кейін Рахымжан аға­мен кездескенімде: «Айналайын, өзің ал­ға­лы тұрған пәтеріңді маған беріпсің, өрке­нің өссін» деп батасын беріп, ризашылығын білдіргені бар.
Батыр отырған пәтер маған құт болды, онда ұлым, қызым дүниеге келді. Де­ген­мен бала-шаға көбейген соң үйдің тар­лығы біліне бастады. Сол кездегі Алматы қа­ласының әкімі Заманбек Нұрқаділовке барып жағдайымды айтып едім, ол інім сөзге келмей, төрт бөлмелі үй бергізді. 

– Өміріңіздің бақытты сәттері көп пе?

– Әркімнің тағдыры әртүрлі қалып­та­сады ғой, мен өміріме шүкір дейтін адаммын. Инс­титутқа оқуға түскенде Анжелина Кули­кованың спортқа тартып алғашқы нәтижеге қол жеткізуім, одан кейін жарыста бесінші орын алып тұрсам да Әбді Артықов аға­мыз­дың мені Қазақстан құрамасына қосуы, одан ЦСКА құрамына қабылданып нәтиже көр­сетуім, КСРО құрамасы командасы сапында өзімді танытып, үлкен жетістіктерге жетуім, елге келген соң да жанашыр адамдардың қам­­қорлығына бөленуім – бәрі, бәрі мен үшін бақыт дер едім. Тағдыр жолымда жақсы адам­дар кездеспесе менің мұндай дәрежеге жетуім екіталай болар еді. 
Мен спорттан кеткен соң жұмыссыз жүріп қалдым. Бұрын алақанда жүрген адам­ға жұмыссыз қалу оңай ма? Қолың бос бол­ған соң ауа жайыла бастайсың. Жас бол­ған соң өзің секілді жора-жолдастармен кез­де­сесің, оның соңы шарап ішіп шалқумен аяқ­талады. Ол кезде Кәркен Ахметов ағамыз спорт комитетіндегі басшылықтан қалалық атқару комитетінің хатшысы қызметіне ауысып кеткен. Қамқоршыларымның бірі Октябрь Жарылқапов ағам да дүние салған. Бір күні қалалық әкімшіліктен Софья Иринс­кая деген әйел шақыртып алып: «Тұяқов, сені жұмыссыз жүр дейді. Ол сендей атақты спор­т­шыға жараспайды ғой. Саған спорттан мүл­де кетуге болмайды. Осында спорт ин­тер­наты ашылғалы жатыр, соған барып бап­кер болып істе» деді. Сөйтіп, Қажымұқан атын­дағы спорт интернатында бапкер бо­лып 20 жылдай жұмыс істедім. Кейін білдім, менің жағдайымнан хабардар Кәркен ағам Иринскаяға: «Анау атақты спортшы Әмин Тұяқов жұмыссыз жүр. Өмірін спортқа арна­ған адамдар өзге салаға барып сіңісе алмай­ды. Осылай бос жүре берсе бір күні ішіп кетуі мүмкін. Жоғалтып аламыз. Сондықтан оған өзінің қолынан келетін бір жұмыс тауып беріңдер» деп тапсырған екен. 
Міне, біз көрген ағалар осындай еді. Ел­дің, жұрттың, азаматтардың қаді­рін біліп, қол ұшын созуға дайын тұратын. Сон­дай көкірегі кең тұлғалардың арқасында біз өзіміздің абырой-беделімізді сақтап қал­дық деп ойлаймын.

– Адамның аты-жөні де тағдырына әсер етеді дейді ғой. Есіміңіз ерекше, бұ­рын да, қазір де Әмин деген атты өте си­рек кездестіреміз. Сізге бұл есімді кім қой­ған?

– Менің атам Тұяқ өмірден ерте кеткен. Тұяқ­тың Мүлкібай дейтін інісі Бұқарада діни білім алған, сонымен бірге емшілік қабілеті бол­ған. Мен Тұяқтың ең үлкен немересімін. Ме­нің атымды Әмин деп қойған Мүлкібай атам екен. Өзінің діни білім алғаны себеп бол­ған шығар, оның үстіне біздің Маңғыс­тауда дін ұстану, қиналғанда Бекет әулиеге сиыну бұрыннан бар ғой.
Есімім туралы мектепте жоғары сынып­тарға оқып жүргенде ғана мән бере бастадым, неге Әмин деп қойды екен деп. Біздің қазақ қол жайып дұға оқығанда «Әумин» дейді ғой, орыс­тар шоқынғанда «Аминь» дейді. Кейін қара­сам, бәрінің түбі бір сөз көрінеді. Ауыз­ша «Әумин» дегенімізбен әдеби норма бойын­ша «Әмин» деп айту дұрыс және ол көне иврит тілінде «анық», «солай болсын», араб тілінде «сенімді», «қабыл болсын» деген ма­ғына береді екен.
Еліміз тәуелсіздік алған соң шетелдерге шыға бастадық қой, сондай бір сапар­да (дәл қазір қай ел екені есіме түспей тұр, әй­теуір бір мұсылман елі) жарыстан соң бан­кет болды. Сонда бізбен дастарқандас бол­ған Пәкістаннан келген бір бапкер қыз да бар еді. Сол қыз аудармашылар арқылы ме­нің атымды естігенде «Муслим екенсіз ғой» дегені бар. Банкет басталғанда алды­мызға арақ қойғанда әлгі қыз орнынан ұшып тұрып: «Ол кісіге арақ беруге болмайды, ол мұсылман!» деп шып-пыр болды...

– Енді сөз соңында бүгінгі қазақ спорты жайында білгіміз келеді. Бір кезде сіздің көрсеткен жетістіктеріңіз арқылы қазір Азия чемпионы атануға болады деп жатады. Бізден желаяқ спортшылар неге шықпай жатыр?

– Спорт уақыт өте келе дами түседі де­генімізбен кейбір рекордтарды жаңартуға 20-30 жыл кететін кездер де болады. Мәселен, 100 метрге жүгіруден әлемдік рекорд – 9,58 секунд ямайкалық Усэйн Болтқа тиесілі (2009 жыл, Берлин). Олимпиада рекорды да соныкі – 9,63 секунд (2012 жыл, Лондон олим­пиадасы). Қарап отырсаңыз, оның өзі 2009 жылы жасаған рекордын, 2012 жылы қайталай алмаған! Сол сияқты мәңгілікке жаңармайды деген де рекордтар бар, мәселен, америкалық баскетболшы Уилт Чемберлен 1962 жылы Ұлттық баскетбол қауым­дастығының (NBA) бір матчында бір өзі 100 ұпай жинаған. Қазір мұндай же­тістікке тұтас командалардың өзі жете бер­мейді. Сол сияқты, америкалық жүзуші Май­кл Фелпс Олимпиада ойындарында жал­пы 28 медаль, оның ішінде 23 алтын жеңіп алған. Жеке адам түгілі, мұндай жетіс­тік кейбір елдерде жоқ!
Егер біздің осыдан 60 жыл бұрын жеткен жетіс­тігімізге Азия континентінің спортшы­лары жете алмай жатқан болса, оның да спорт тарихында орны бар деген сөз. Деген­мен чемпион болғандардың бәрі рекорд жаңартушы бола бермейді.
Бізде де жеңіл атлетика бойынша жо­ғары нәтиже көрсетіп жатқандар жоқ емес. Бірақ әлі аз. Мәселен, бізде тәуелсіз­дік­тен бері кедергілер арқылы 100 метрге жү­гіруден бір олимпиада, кедергілер арқылы 3 000 метрге жүгіруден бір әлем чемпионы ғана бар. Оның біреуі өзге елден келген спорт­шы. Ал 100, 200 метрге жүгіруден мұн­дай жетістікке жеткен ешкім жоқ. Демек, жастарды көбірек спортқа тартып, олардың арасынан таңдаулыларын жарысқа қоссақ бірдеңе шығар еді. Бізде бір кезде БЖСМ (Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі) көп еді. Солардың бәрі жабылып қалды. Қа­зіргі бар спорт мектептері жарыстан нәти­же көрсеткендерді ғана жинап алып, солармен ғана жұмыс істейді. Бір кездегі бапкерлер секілді ел аралап, талантты жастарды іздеп тауып жатса, үлкен жетістіктерге жетер ме едік. Бәріміз де ауылдан шықтық қой. Спорт елдің атын шығаратын нәрсе, сондықтан оған мол қаражат бөлінсе және оның әр тиыны өз орнында жұмсалуы қадағаланса нәтиже болары анық.
Спорт – қабілеттілер мен батылдардың және жетістікке жету жолында үздіксіз тер төгуден талмайтындардың саласы. Рухы әлсізден спортшы шықпайды. Спортқа талант та, отаншылдық та керек, қамқорлық та, әділеттілік те қажет!

– Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан – Ахмет ӨМІРЗАҚ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары