Жуырда Астанадағы OzgeEpic креативті хабында суретші Аршын Қабылбектің «Сары дақтың сапары» атты жеке көрмесі өтті. Көрме адамның сыртқы кеңісЙтіктен ішкі әлемге қарай жасайтын рухани ФСсапарын арқау етеді. Бұл сапарда жалғыздық пен тыныштық, уақыт пен жады, еркіндік пен шектеу, қозғалыс пен тоқтау секілді адам болмысына тән күрделі ұғымдар өзара тоғысады.
Көрменің кураторы – Оралбек Қабөке. Экспозицияға «Жалғыздық эволюциясы», «Ішкі тыныштық», «Үнсіздік», «15 тәулік», «Рух», «Уақыт ырғағы» шығармалары мен «Қоршау» инсталляциясы енгізілген. Туындылардың орындалу тәсілі мен тақырыптық аясы әртүрлі болғанымен, олардың барлығын жалғайтын ортақ желі бар. Ол – адамның ішкі күйінің өзгеруі, өзінің жан дүниесін тануға, өмір сүріп отырған кеңістігін жаңаша сезінуге талпынысы.
Аршын Қабылбектің бұл көрмесін белгілі бір тақырыптың төңірегіне топтастырылған жұмыстар жиынтығы деп қарауға болмайды. Әрбір серия көрерменді ішкі сапардың белгілі бір кезеңіне бастайды. Бір туындыда адам өз жалғыздығымен бетпе-бет келсе, енді бірінде уақыттың адам жадында қалдырған ізін сезінеді. Тағы бір шығармаларда еркіндікке ұмтылыс, сананы шектейтін қорқыныштан арылу, жеке кеңістіктің шекарасын түсіну мәселелері алға шығады.

Сары дақ – ішкі қозғалыстың белгісі
Көрменің атауындағы «сары дақ» – бүкіл экспозицияны біріктіретін символдық образ. Ол белгілі бір заттың нақты бейнесі ретінде емес, адамның жан дүниесінде сақталған тірі нүкте ретінде қабылданады. Кейде үміттің, кейде сананың, кейде рухтың, ал кей жағдайда адамды алға жетелейтін ішкі күштің белгісіндей.
Ол бірде қараңғылық арасынан жылт етеді, бірде көмескіленіп жоғалады, кейін қайта пайда болады. Осы құбылмалы сипат адам көңіл күйінің, ойы мен сезімінің табиғатына жақын. Өмірде де адам үнемі бір қалыпта қалмайды: қуаныш пен күмән, сенім мен қобалжу, серпіліс пен тоқырау алма-кезек ауысып отырады. Суретшінің «сары дағы» осы өзгерістердің арасындағы адамның өзін жоғалтпай, ішкі өзегін сақтап қалуын меңзейтіндей.
Көрменің басты ерекшелігі де осында. Автор адамды дайын қорытындыға жетелеуге ұмтылмайды. Керісінше, әр шығарма арқылы көрерменнің өз тәжірибесіне, өз жадына, өз ішкі кеңістігіне үңілуіне мүмкіндік береді. Сондықтан бір адам үшін сары дақ үміттің белгісі болса, енді біреу оны еркіндікке ұмтылыс немесе өмірдің ең күрделі сәттерінде адамды алға бастайтын рухани күш ретінде қабылдауы мүмкін. Көрме кураторы, белгілі суретші Оралбек Қабөке бұл туралы көрерменге кеңінен әңгімелеп, сериялы суреттерге түсініктеме жазған.

Бізді не қоршап тұр?
Көрменің негізгі концептуалдық желілерінің бірі – «Территория» ұғымы. Адамның өмір сүретін кеңістігі үйімен, жұмысымен немесе қоғамдық ортамен ғана шектелмейді. Әр адамның өзіне ғана тән жады, эмоциясы, ойы, тәжірибесі бар. Солардың бәрі оның көзге көрінбейтін ішкі территориясын қалыптастырады.
Аршын Қабылбек бұл ұғымды материалдық кеңістікпен байланыстыра отырып зерттейді. Оның айқын көріні-сі – «Қоршау» инсталляциясы. Шығарма суретшінің ширек ғасырға жуық өмір сүрген үйін қоршаған нақты қоршаудан жасалған.
Бұрын күнделікті тіршілікте белгілі бір аумақтың шекарасын белгілеп тұрған нысан көрме кеңістігінде жаңа мағынаға ие болады. Ол уақыттың куәсі, өткен өмірдің ізі, адамның өз кеңістігін қорғауға деген ұмтылысының символы ретінде көрінеді. Қоршаудың бір бетінде ескі және жаңа қоршаулардың фотосуреттері орналасса, екінші жағында автордың өз үйінің ішкі ауласының көрінісі берілген.
Осы арқылы көрермен сыртқы кеңістік пен ішкі әлем арасындағы байланысты сезінеді. Қоршау бір жағынан қорғаныш пен қауіпсіздікті білдірсе, екінші жағынан адамның қозғалысына шек қоятын шекараны еске салады. Оның бойында өткен мен бүгін, ескі мен жаңа, жабық пен ашық кеңістіктердің арасындағы қарама-қайшылықтар тоғысқан.
Бұл инсталляциядан туындайтын негізгі сұрақтардың бірі – адамның өз кеңістігін қалай қалыптастыратыны. Бізді қоршаған қабырғалар мен шекаралар біздің еркіндігімізді қаншалықты қорғайды және қаншалықты шектейді? Адам өз әлемін өзі жасай ма, әлде уақыт пен қоғам қалыптастырған шекаралардың ішінде өмір сүре ме? Көрме осы сауалдарға әркімнің өз тәжірибесі арқылы жауап іздеуіне жол ашады.

Жалғыздық эволюциясы
«Жалғыздық эволюциясы» шығармасында автор адамның қоғаммен және қоршаған ортамен байланыс орнату, өз орнын табу жолындағы ішкі ізденісін зерттейді. Жалғыздық мұнда адамның өмірінен бөлініп қалған сәт ретінде ғана емес, жеке тәжірибе арқылы қалыптасатын эмоционалдық әрі рухани күй ретінде көрінеді.
Автордың айтуынша, кейде адамға ең жақын жандардың өзі оның бүкіл болмысын толық түсініп, қабылдай алмайтын сәттер болады. Осы сезім адамның өзін тануына да ықпал етеді. Адам өзгелерден күткен түсіністікті таба алмаған кезде, өзінің ішкі әлеміне тереңірек үңіледі.
Шығармадағы сары дақ сол жалғыздық кеңістігіндегі үміттің белгісіндей. Ол адамның өзіне, өзгеге және әлемге қарай жасаған ішкі сапарын бейнелейді. Осы сапар барысында жалғыздық та өзгеріп отырады. Бастапқыда ауыр сезім болып көрінген күй уақыт өте келе өзін түсінуге, өз болмысыңды қабылдауға бастайтын тәжірибеге айналуы мүмкін.
Суретші адам мен жасанды интеллектінің, жанды мен жансыздың арасындағы басты айырмашылықтың бірі ретінде сезімді атайды. Бұл ой «Жалғыздық эволюциясының» мазмұнын тереңдете түседі. Технология дамыған сайын адамның өз сезімін түсінуі, өзара байланыс пен шынайы қабылдауға деген қажеттілігі бұрынғыдан да маңызды бола түседі.

Үнсіздікпен үйлесім
«Үнсіздік» полиптихі адамның күнделікті өмірдегі шексіз талаптар мен жауапкершіліктер арасындағы күйін бейнелейді. Автордың «Мен барлық сұраққа жауап беруге, барлық жағдайға реакция білдіруге міндетті емеспін» деген сөзі шығарманың идеялық өзегін ашады.
Қазіргі өмір адамнан үнемі белсенді болуды талап етеді. Ақпарат ағынына үн қосу, әрбір жағдайға пікір білдіру, айналадағы адамдардың күткеніне сай болу, бір мезетте бірнеше міндетті атқару – мұның бәрі адамның ішкі кеңістігін тарылтуы мүмкін. Осындай сәтте үнсіздік адамның өзіне қайта оралатын кеңістігіне айналады.
Шығарма өміріміздегі таңдаулардың қаншасы шын мәнінде өзімізге тиесілі деген сауал қояды. Адам кейде өзгелердің үміті мен қоғам қалыптастырған талаптарды өзінің шынайы қалауымен шатастырып алады. «Үнсіздік» солардың арасын ажыратуға, өз жолыңды қайта сезінуге шақырады.
Бұл серия адамның шектеулі мүмкіндігін қабылдауымен де байланысты. Әр нәрсеге үлгеру, барлық мәселені шешу немесе әрбір сұраққа жауап табу міндеті адамның табиғатына тән емес. Өз күшіңнің шегін түсіну, кейде тоқтай білу, өзің үшін маңызды дүниені таңдауға мүмкіндік беру де ішкі еркіндіктің бір көрінісі.

Уақыттың ізі
«15 тәулік» – автордың жеке тәжірибесінен туған эксперименттік серия. Шығармалар суретшінің белгілі бір уақыт аралығында қоршаған ортадан уақытша оқшаулану тәжірибесі негізінде дүниеге келген. Ол әлеуметтік қарым-қатынастан және күнделікті тұрмыс дағдыларынан саналы түрде алыстап, уақытты басқа қырынан сезінуге мүмкіндік іздеген.
Осы тәжірибеде уақыт күн мен сағаттың жай ғана өлшемі еместігін әйгілеп, адамның ішкі күйімен бірге өзгеретін кеңістікке айналады. Өткен әр тәулік графикалық кескінге түсіріліп, уақыттың материалдық ізі ретінде сақталады.
«Уақыт ырғағы» атты көлемді шығарма да осы ойды жалғастырады. Уақыт мұнда үздіксіз қозғалыс пен түрленудің кеңістігі ретінде көрінеді. Жаңа дүниелер ескіреді, бұрынғы құндылықтар жаңа мағынаға ие болады, ал адамның өмірі өзгерістер арасында өз ырғағын табуға ұмтылады.
Автор өзгеретін және өзгермейтін дүниелердің арасындағы шекараға назар аударады. Уақыт өткен оқиғаларды тарихқа айналдырады, бүгінгі сәтті өткенмен және болашақпен байланыстырады. Бірақ ең маңыздысы – уақыттың адам жадында қалдырған ізі. Уақыт өткенмен, із, әсер, көрініс адам жадынан өшпейді.
«Рух» сериясы көрменің ішкі қозғалыс тақырыбын тереңдете түседі. Ақ пен қараның, шындық пен жалғанның, еркіндік пен тәуелділіктің арасындағы тартыс осы серияның негізгі өзегіне айналған.
«Ояну», «Ішкі жарық», «Серпін», «Өту», «Тәуелсіздік құрбаны» шығармалары адамның санасындағы күрделі процестерді әр қырынан ашады. Автор еркіндік пен бостандықты асау жылқы және пластикалық иірімдер арқылы бейнелейді. Бұл образдар қозғалысты, қуатты, ішкі серпінді сездіреді.
Көрменің тағы бір маңызды бөлімі – «Ішкі тыныштық» триптихі. Шығарма адамның өз ішіндегі үйлесімділікті іздеу күйін бейнелейді. Түстердің қарама-қайшылығы мен үндестігі, динамикалық құрылымдар мен ырғақтар адамның жан дүниесіндегі арпалыс пен бейімделуді қатар сездіреді.
Суретші ішкі тыныштықты өмірден оқшаулану немесе барлық мәселенің шешілуі ретінде қабылдамайды. Адам өмірінде қайшылықтар әрдайым болады. Маңыздысы – солардың арасынан өзара түсіністік пен үйлесім таба білу.
Триптих осы ойды көркем таныммен жеткізеді. Қарама-қарсы түстер бір кеңістікте өмір сүріп, бір-бірінің мәнін толықтырады. Динамика мен ырғақтың қатар келуі де өмірдің үнемі қозғалыста екенін аңғартады. Осы құбылыстардың бәрі адамның ішкі әлеміне де тән.
Аршын Қабылбек үшін тыныш-
тық – адамның өз қайшылықтарымен тіл табыса алатын күйі.
Суретші 1989 жылы дүниеге келген. 2011 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жұмақын Қайрамбаевтың шәкірті.
«Мен ішкі сезімдерімді шығармаға айналдырғым келеді», – дейді Аршын Қабылбек.
Осы сөз көрменің бүкіл болмысын айқындайтын сияқты. «Сары дақтың сапары» – адамның өз ішіндегі жадын қайта танып, өзіне тиесілі кеңістік пен еркіндіктің шекарасын жаңаша өлшеуге арналған ізденіс.
Т.ӨСКЕНБАЙ