Әлем чемпионы кім болады?

/
Әлем чемпионы кім болады?

48 құраманың қатысуымен өтіп жатқан әлем чемпионаты тек жаңа турнирлік форматты ғана емес, әлемдік футболдағы күштердің жаңа картасын көрсетіп берді. Егер бұған дейін әлем чемпионаттары көбіне Еуропа мен Оңтүстік Американың гегемониясымен сипатталса, биылғы турнир басқа үрдісті байқатты. Фавориттер әлі де алдыңғы қатарда болғанымен, олар бұрынғыдай қарсыласын оңай жеңе алмайды. Ал орта деңгейдегі және шағын футбол елдері тактикалық жағынан да, ойын сапасы жағынан да айтарлықтай өсіп келеді. Топтық кезеңнің нәтижелері мен плей-оффтың алғашқы матчтары осы өзгерістің кездейсоқ емес, ұзақ жыл бойы қалыптасқан эволюция екенін аңғартады.

ТУРНИР АЙҚЫНДАҒАН ТЕНДЕНЦИЯЛАР

Топтардың басым бөлігінде бірінші орын­ды дәстүрлі фавориттер иеленді. Фран­ция, Аргентина, Бразилия, Испания жә­не Англия топ жеңімпазы атанды.
Бір қарағанда, әлемдік футболда еш­теңе өзгермегендей көрінеді. Алайда те­реңірек қарасақ, жағдай басқаша. Бра­зи­лия Мароккомен тең ойнады. Испания ша­ғын арал мемлекет Кабо-Вердені жеңе ал­мады. Бельгия Иранды да, Египетті де ұта алмады. Португалия Конгомен, Англия Ганамен тең түсті.
Бұл – кездейсоқтық емес. Бұрын мұн­дай кездесулердің көбісі фавориттердің екі-үш доп айырмасымен жеңісімен аяқ­та­латын. Қазір рейтингте төмен тұрған құра­малардың ойын ұйымы, физикалық дайындығы және тактикалық тәртібі ай­тар­лықтай жақсарды. Фавориттер әлі де үс­тем, бірақ олардың артықшылығы бұ­рын­ғыдай емес.
Бірінші назар аударатын тенденция – осы.
Екінші тенденция – қорғаныс қайта­дан шешуші факторға айналды. Қазіргі футбол жоғары прессингпен ғана емес, қорғаныстағы тәртіппен де ерекшеленеді. Мексика топтық кезеңде және Эквадормен өткен алғашқы плей-офф матчында бірде-бір гол жіберген жоқ. Испания үш ойында қақпасына гол өткізбеді. Бразилия, Колум­бия және Португалия небәрі бір голдан ғана жіберді.
Көптеген команда алдымен қорғаныс­ты ұйымдастырып, содан кейін ғана ша­буыл­ға көшеді. Соның салдарынан фа­во­рит­тердің біразы бір гол айырмасымен ға­на жеңіп немесе тең ойынмен шектелді.
Үшінші тенденция – Африка елдері енді сенсация емес. 2022 жылғы әлем чемпионатында Марокконың жартылай финалға шығуы тарихи сенсация саналды. Ал биылғы нәтиже оның кездейсоқ же­тіс­тік болмағанын көрсетті.
Марокко Бразилиямен тең түсіп, кейін Нидер­ландты жарыстан шығарды. Кабо-Верде Испания, Уругвай және Сауд Ара­бия­сымен ойнап, үш кездесуде де жеңілген жоқ. Бірде-бір жеңіссіз топтан шыққа­ны­мен, бірде-бір рет жеңілмеді. Египет плей-оффқа өтті. Кот-дИвуар өз тобынан сенім­ді шыққанымен, 1/16 финалда Норвегия­дан 1:2 есебімен жеңілді. Мұның өзі зор табыс, жақсы нәтиже.
Ең әсерлі ойынның бірі – Англия мен Кон­го арасындағы матч болды. Кон­голық Брианның 8-минуттағы голы­нан кейін «Германия кетті, Нидерланд кет­ті... енді Англия да сүріне ме?» деген ой кел­ді. Бірақ үлкен матчтың тағдырын үл­кен ойыншылар шешеді екен. Гарри Кейн 75 және 86 минутта екі гол соғып, Анг­лия­ны аман алып қалды.
Бельгия мен Сенегал кездесуі одан да дра­малы өтті. Сенегал 0:2 есебімен алда ке­ле жатып, негізгі уақыттың соңғы үш ми­нутында жеңісті қолдан шығарып алды. Лукаку мен Тилеманс есепті теңестірді, ал қосымша уақыттың соңғы секундтарында сенегалдықтардың қателігі Бельгияға жеңіс әкелген пенальтиге себеп болды.
Ең маңыздысы – африкалық құрама­лар енді тек физикалық күшке сүйенбейді. Олар ойынды жақсы оқиды, кеңістікті тиім­ді пайдаланады, қарсыласқа бейім­де­леді және қажет кезде допқа толық иелік ете алады.
Төртінші тенденция – Латын Амери­ка­сы қайтадан күшейді. Соңғы әлем чем­пио­наттарында құрлықтың басты үміті Ар­гентина мен Бразилия ғана болатын. Биыл Мексика топтық кезеңді  мінсіз өт­кізді. Колумбия өз тобында бірінші орын алды. Парагвай үшінші орынмен шыққа­ны­мен, кейін Германияны пенальти серия­сында жарыстан шығарды.
Құрлықтағы бәсекелестік қайта кү­шейіп келеді. Оның тағы бір ерекшелігі – ойын стилінің алуан түрлілігі. Аргентина по­зициялық шабуылға сүйенсе, Бразилия жеке шеберлікке арқа сүйейді. Мексика тәр­тіпке негізделген ойын көрсетсе, Ко­лум­бия қарсы шабуылда өте қауіпті.

ПЕНАЛЬТИ ДРАМАСЫ

Әлем чемпионаты туралы сөз қоз­ға­ғанда, пенальти драмаларын ай­­на­лып өту мүмкін емес.
Пенальтидің сиқыры – бір ғана соққы төрт жылдық еңбекті жоққа шығаруы мүм­кін. Одан кейін өмір бойы өкініш ар­қа­лап жүресіз. Ең қиыны – сол өкініштің сал­­мағы жылдар өткен сайын жеңіл­де­мей­ді, керісінше, ауырлай береді.
Расында, футболдағы ең ауыр сәт – пе­наль­ти сериясы. 120 минут бойы төккен тер, жүздеген шабуыл, ондаған қауіпті сәт. Соңын­да бәрі 11 метрлік нүктеге тіреледі. Тура бір соққы – қуаныш. Қисық бір соқ-қы – өкініш.
Бірақ пенальти сериясы футболда әуелден болған жоқ.
1960-жылдарға дейін тең аяқталған маңызды матчтар қайта ойналатын неме­се жеңімпаз жеребе арқылы анықталатын. Тіпті, 1968 жылғы Еуропа чемпионатының жартылай финалында Италия КСРО-мен 0:0 ойнаған-ды. Сөйтіп, Италия финалға жере­бенің арқасында өткен еді.
Бұл әділетсіздікке көпшілік қарсы бол­ды. Сондықтан 1969 жылы израильдік фут­бол қайраткері Йосеф Даган тең ойын­ның тағдырын пенальти сериясы арқылы шешуді ұсынды. Бір жылдан кейін бұл ере­же ресми түрде футбол заңына енгі­зіл­ді.
Ал әлем чемпионатында пенальти се­риясы алғаш рет 1982 жылы қолданылды. Франция мен Батыс Германия арасындағы жартылай финалда жеңімпаз дәл осы әдіс­пен анықталды. Содан бері пенальти се­рия­сы футболдың ажырамас бөлігіне ай­налды.
Бүгінде пенальти сериясы футболдың ең драмалық әрі ең әділ шешімінің біріне айналды. 2026 жылғы әлем чемпионаты соның айқын дәлелі болды.
1/16 финалда Германия мен Парагвай 120 минут бойы жеңімпазды анықтай ал­мады. Ойын  пенальтиге ұласты. 44 жыл бұ­рын әлем чемпионаты тарихындағы алғаш­қы пенальти сериясында Германия жеңіске жеткен еді. Бұл жолы да көпшілік не­­містердің тәжірибесіне сенді. Бірақ Па­рагвай тарихи сенсация жасап, фаво­рит­ті жарыстан шығарып жіберді.
Парагвай қақпашысы Орландо Хиль ал­ғашқы соққыда-ақ Кай Хаверцтің до­бын қайтарды. Серия барысында екі ко­ман­да да қателесті. Шешуші сәтте Мануэль Нойер Бальбуэнаның соққысын қайтар­ғаны­мен, немістер өз мүмкіндігін толық пай­далана алмады. Соңғы соққыны Кана­ле дәл орындап, Парагвай 1/8 финалға шықты.
Көп ұзамай тағы бір тарихи драма өт­ті. Марокко мен Нидерланд арасындағы кез­десудің тағдыры да пенальтиде шешіл­ді. Серия өте тартысты болды.
Марокко алғашқы соққыда-ақ мүлт кет­ті, Нидерланд ойыншылары бірде қақ­па бағанасын, бірде қақпашыны жеңе ал­мады. Тіпті Ашраф Хакимидің өзі допты ба­ғанаға тигізді. Барлығы теңескен сәтте соң­ғы сөзді Исмаэль Сайбари айтты. Оның дәл соққысы Марокконы 1/8 фи­нал­ға алып шықты.
Қызығы, кезінде жай ғана жеребені алмастыру үшін енгізілген пенальти сериясы бүгінде әлем чемпионатының тағдырын шешетін ең үлкен драмаға айналды.
Бұл – осы әлем чемпионатындағы соңғы пенальти драмасы емес. Турнир 19 шілдеде аяқталғанша, мұндай тартысты сәттерді әлі талай көретініміз анық.

ФИНАЛҒА ДЕЙІНГІ ЖОЛ...

Әлем чемпионатында чемпион атану үшін тек мықты команда болу жеткіліксіз. Кейде чемпиондық жо­лын жеребе де айқындайды. Бір құрама­ның финалға дейінгі жолында бірнеше фа­ворит кездессе, енді бірінің қарсылас­тары салыстырмалы түрде жеңілірек болуы мүмкін. Сондықтан плей-офф бас­тал­ғаннан кейін мамандар ең алдымен турнирлік сеткаға назар аударады. Биылғы әлем чемпионатында да дәл сондай жағ­дай қалыптасты.
Сарапшылардың пікірінше, жоғарғы сетка – нағыз «өлім аймағы». Мұнда чем­пион­­дыққа басты үміткерлер шоғырлан­ған.
Франция жарыс жолын жалғастырып келеді. Испания, Португалия, Хорватия әлі алғашқы плей-офф матчын өткізген жоқ. Бе­льгия да қатарда. Бұған қоса, Нидер­ланд­ты жарыстан шығарған Марокко да осы бөлікте орналасқан.
Яғни, бұл жартыда кемінде бес ко­ман­да өзін финалға лайық санай алады.
Егер Франция ширек финалға шықса, қарсы алдында Канада немесе Марокко тұра­ды. Ал жартылай финалда Испания не­месе Португалия күтіп тұруы мүмкін.
Бүгінде Криштиану Роналдуға жан­күйер болатындар көп. Сондықтан Криш бас­таған Португалияның да өз сөзін айту­ға мүмкіндігі бар.
Бірақ негізгі интрига ширек финалдан кейін басталады.
Төменгі сетка – Латын Америкасының мүм­к­індігі мол. Бұл жақта Бразилия мен Арген­тина негізгі фаворит саналады.
Дегенмен олардың жолы да оңай емес. Бразилияның келесі қарсыласы – Эрлинг Хо­ланд бастаған Норвегия. Бұл команда топ­тық кезеңде сегіз гол соғып, шабуыл әлеуе­тінің жоғары екенін көрсетті. Егер Бразилия осы сынақтан өтсе, келесі кезең­де Мексика немесе Англиямен кездесуі ық­тимал.
Ал Мексика – осы чемпионаттағы ең тұ­рақты командалардың бірі. Топтық ке­зең­де үш жеңіске жетіп, бірде-бір гол жі­бер­ген жоқ. Плей-оффта да Эквадорды се­нім­ді ұтты. Сондықтан Бразилия үшін ши­рек финалдың өзі финалмен пара-пар сынақ болуы мүмкін.
Аргентинаның жолы қағаз жүзінде сәл қо­лайлырақ көрінеді. Алғашқы қарсыласы – Кабо-Верде. Алайда 600 мыңдай ғана хал­қы бар бұл елдің құрамасы топтық ке­зеңде мінезді команда екенін көрсетті. Демек, Аргентина үшін де бұл оңай матч болмайды.
Келесі кезеңге өтсе, Аргентина Аус­тра­лия-Египет жұбының жеңім­па­зы­мен кездеседі. Ал ширек финалда қар­сыласы Колумбия немесе Швейцария болуы ықтимал.
Осы тұрғыдан алғанда, Аргентинаның фи­налға дейінгі жолы Бразилияға қара­ған­да сәл қолайлырақ.
Қазіргі ойын сапасы, турнирлік жолы жә­не командалардың тұрақтылығын ес­кер­сек, чемпиондыққа басты үміткерлер – Франция, Аргентина және Англия. Алай­да бұл әлем чемпионатының ең үлкен инт­ригасы – Африка құрлығының алғаш рет әлем чемпионы атану мүмкіндігі. Егер бұл тарихи оқиға жүзеге асса, оған ең жа­қын тұрған құрама – Марокко.

P.S. 
Қалай болғанда да, бұл мундиальдың басты ерекшелігі – болжам жасаудың қиындауы. Германия мен Нидерландтың ерте қоштасуы кез келген фавориттің сүрінуі мүмкін екенін көрсетті. Сондықтан 19 шілдеге дейін әлемдік футбол бізді әлі талай тосын нәтиже, тартысты матч және тарихи оқиғалармен таңғалдыратыны сөзсіз.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары