Ақтөбе облысының 71 жастағы тұрғыны WhatsApp арқылы жасалған бірнеше қоңыраудың салдарынан пәтерінен және миллиондаған теңгесінен айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өздерін коммуналдық қызметтің, eGov порталының және Ұлттық банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырған телефон алаяқтары зейнеткерді несие рәсімдеуге, пәтерін сатуға және барлық ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген.
Ақтөбе облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, алдымен әйелге WhatsApp арқылы белгісіз адам хабарласып, өзін «Энерго Снаб» ЖШС-нің қызметкері ретінде таныстырған. Ол электр есептегішін ауыстыру қажет екенін айтып, 1414 нөмірінен келген растау кодын айтуын сұраған.
Көп ұзамай зейнеткерге өздерін eGov.kz порталының және Ұлттық банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырған басқа алаяқтар хабарласқан. Олар белгісіз біреулер әйелдің ақшасын ұрламақ болып жатқанын айтып, қаражатты «қауіпсіз сақтау» үшін оны шұғыл түрде «қауіпсіз шотқа» аудару қажет екеніне сендірген.
«Олардың нұсқауын орындаған зейнеткер 500 мың теңге көлемінде несие рәсімдеп, ақшаны алаяқтардың шотына аударған. Кейін қаскөйлер оның мүлкін «сақтап қалу» үшін пәтерін шұғыл түрде сату қажет екенін айтқан. Алданған әйел пәтерін 7,5 миллион теңгеге сатып, түскен қаражаттың барлығын алаяқтарға берген: оның бір бөлігін банк арқылы аударса, қалған соманы курьерге табыстаған», – деп хабарлады полиция.
Полиция департаментінің мәліметінше, банк қызметкерлері күмәнді ақша аударымдарын байқап, әйелге алаяқтық болуы мүмкін екенін ескертіп, қаражатты аудармауға көндіруге тырысқан. Алайда алаяқтарға толық сеніп қалған зейнеткер олардың барлық талабын орындаған.