Белгілі боксшы метродағы шабуылдан кейін қайтыс болды

/
Белгілі боксшы метродағы шабуылдан кейін қайтыс болды
Boris Streubel / Bongarts / Getty Images

«Орыс Тайсоны» атанған атақты боксшы 40 жасында қайтыс болды

Ресейлік танымал кәсіпқой боксшы Денис Бойцов 40 жасында өмірден өтті. Ол 2015 жылы Германияда ауыр жарақат алып, содан бері денсаулығына байланысты күрделі қиындықтарды бастан өткерген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бокс әлемінде "Орыс Тайсоны" деген лақап атпен танылған ауыр салмақтағы спортшының қайтыс болғаны туралы ақпарат 19 қазанда жарияланды.

Денис Бойцовтың өмірін өзгерткен оқиға 2015 жылдың мамырында Берлинде болған. Ол кезде 29 жастағы боксшы метро жолында ес-түссіз жатқан жерінен табылған.

Спортшының басы мен қолы ауыр жарақаттанған. Дәрігерлер оны жасанды комаға түсіріп, бірнеше операция жасаған.

Алайда ұзаққа созылған ем-домға қарамастан, Бойцов бұрынғы қалпына келе алмаған. Өмірінің соңғы жылдарында ол өздігінен жүріп-тұру және сөйлеу мүмкіндігінен айырылып, жақындарымен негізінен ым-ишара арқылы байланысқан.

Осы оқиғаның нақты мән-жайы әлі күнге дейін толық анықталмаған. Спортшының жарақат алуына кінәлі адамдар ресми түрде белгілі болған жоқ.

Денис Бойцов кім болған?

Денис Бойцов 1986 жылы 14 ақпанда Ресейдің Орёл қаласында дүниеге келген. Бес жасынан бастап бокспен шұғылданып, жасөспірімдер арасында жоғары нәтижелерге қол жеткізген.

Әуесқой бокста 130 кездесу өткізіп, оның 115-інде жеңіске жеткен. 2001 және 2002 жылдары кадеттер арасындағы, ал 2004 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарында алтын медаль жеңіп алған.

2004 жылы кәсіпқой боксқа ауысып, мансабының басым бөлігін Германияда өткізді. Қарсыластарына қысым көрсететін жұдырықтасу мәнері мен нокауттарының көптігі үшін жанкүйерлер оны "Орыс Тайсоны" деп атаған.

Кәсіпқой рингте Бойцов 37 жекпе-жек өткізіп, 36 рет жеңіске жетті. Оның 27-сін нокаутпен аяқтаған. Бар болғаны бір кездесуде жеңіліс тапқан.

Спортшы WBC Youth, WBA Intercontinental және WBO European чемпиондық белбеулерін иеленген.

Тайсон Фьюримен жекпе-жегі неге өтпеді?

Денис Бойцов ұзақ уақыт бойы ауыр салмақтағы болашағынан үміт күттіретін боксшылардың бірі саналды. Ол әлем чемпионы атағына үміткер спортшылар қатарында аталып, Владимир Кличкомен кездесуі мүмкін деген болжамдар да болған.

2012 жылдың соңында Бойцов пен болашақ әлем чемпионы Тайсон Фьюридің жекпе-жегін ұйымдастыру мәселесі көтерілді.

Алайда ресейлік спортшы дайындыққа уақыттың жеткіліксіздігін алға тартып, кездесуге шықпаған. Соның нәтижесінде көпшілік күткен жекпе-жек өтпей қалды.

2015 жылы Берлинде болған қайғылы оқиға Бойцовтың спорттық мансабын тоқтатты. Ол кейін кәсіпқой рингке қайта орала алмады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар