Талдықорған қаласында наубайхана ғимаратынан өрт шығып, 40 жастағы жұмысшы зардап шекті. Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жұмылдырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өрт қаланың Желтоқсан көшесінде орналасқан наубайханада болған. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жалын ғимараттың шатырын шарпып, 78 шаршы метр аумаққа таралған.
Оқиға орнына Жетісу облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері жедел жеткен. Мамандар өртті сөндіріп, жалынның одан әрі таралуына жол бермеген.
Төтенше жағдай салдарынан наубайханада жұмыс істейтін 40 жастағы азамат зардап шекті. Оның қолын жеңіл күйік шалып, медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілген.
Өртті сөндіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің 22 қызметкері мен 7 арнайы техника жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта өрттің неден шыққаны анықталып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігі оқиға орнынан түсірілген бейнежазбаны жариялады.