"Ақтөбе" мен "Ордабасы" матчында даулы плакат көтерген қыздар полицияға жеткізілді

/
"Ақтөбе" мен "Ордабасы" матчында даулы плакат көтерген қыздар полицияға жеткізілді
ашық дереккөзден

Қазақстан Премьер-лигасындағы «Ақтөбе» мен «Ордабасы» командаларының кездесуі кезінде даулы жазуы бар плакат көтерген кәмелетке толмаған қыздардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға «Ақтөбе» мен шымкенттік «Ордабасы» футбол клубтары арасындағы матч кезінде болған. Трибунада отырған қыздар «No Shymside» және «No Texas Fans» деген жазулары бар плакат көрсеткен. Онда Өзбекстанның туы да бейнеленген.

Аталған суреттер әлеуметтік желіде таралып, футбол жанкүйерлері арасында қызу талқылау туғызды. Кейбір қолданушылар плакаттың мазмұнына наразылық білдірген.

Полиция қыздардың ата-анасына шара қолданды

Ақтөбе облыстық полиция департаменті әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында осы жағдайды анықтағанын хабарлады.

Тәртіп сақшылары плакат көтерген кәмелетке толмағандардың жеке басын анықтап, ата-аналарының қатысуымен түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

«Тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандардың жеке басын анықтады. Ата-аналарының қатысуымен олармен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандар өз іс-әрекеттерінің жол берілмейтінін түсінді», – деп атап өтті Ақтөбе облыстық полиция департаменті.

Полиция ата-аналарды балаларының тәрбиесіне мұқият қарап, қоғамдық орындарда өзін ұстау тәртібін және заңсыз әрекеттер үшін қарастырылған жауапкершілікті түсіндіруге шақырды.

«Ақтөбе» – «Ордабасы» матчы қалай аяқталды?

Айта кетейік, Қазақстан Премьер-лигасының 23-турында «Ақтөбе» өз алаңында «Ордабасы» клубын қабылдаған.

Кездесу шымкенттік команданың жеңісімен аяқталды. «Ордабасы» қарсыласын 3:1 есебімен ұтты.

Алайда ойыннан кейін әлеуметтік желіде футболшылардың нәтижесінен бөлек, трибунадағы даулы плакатқа қатысты жағдай да қызу талқыланды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары