Түркияға саяхаты кезінде парапланмен ұшып, әлеуметтік желіде танымал болған 74 жастағы Рзакүл Иманғалиқызы алған әсерін бөлісті, деп turkystan.kz тілшісі 24KZ телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Көкте құстай самғау астаналық әжейдің бала күнгі арманы болған. Бұл арманы Түркияда демалыста жүрген кезінде орындалды. Рзакүл Иманғалиқызы парапланмен 2 мың метр биікке көтеріліп, көк аспанда Шәмші Қалдаяқовтың әнін шырқаған.
Әжейдің әсерлі видеосы әлеуметтік желіде кең таралып, жүз мыңдаған қаралым жинады. Желі қолданушылары оның батылдығы мен өмірге құштарлығына сүйсініп, жылы пікірлер қалдырған.
Жақында елге оралған Рзакүл әже парапланмен ұшар алдында еш қорықпағанын айтты. Керісінше, бала күнгі арманы орындалатынына қатты қуанған.
"Мен ұшқанда балаша қуандым. Бала тәй-тәй басқанда қалай қуанса, мен де солай қуандым. Ол жерге барған кезде: "Ұшқанда не істеймін?" деп ойладым. Ішімдегі арманымды орындау үшін ән айтуым керек дедім. Қатты толқыдым, бірақ қорыққан жоқпын. Өте қуандым", – деді Рзакүл Иманғалиқызы.
Анасының арманын орындауға қызы Гүлшат Өскенқызы көмектескен. Оның айтуынша, ең алдымен анасының денсаулығына мән берілген.
"Анамның арманын естіп, соны орындауға әрекет жасадым. Ең бірінші денсаулығын қарадық. Өйткені салмағы үлкен адамдарға ұшуға болмайды. Анам көп жылдан бері дәрумен ішіп, ағзасын күтіп жүреді. Қан қысымы да қалыпты", – деді қызы.
Рзакүл Иманғалиқызы – Ұлытаудың тумасы. Жеті жыл бұрын Астанаға көшіп келген. Бүгінде 8 баласынан немере-шөбере сүйіп отырған әжейдің ендігі арманы – әнші Димаш Құдайбергенмен кездесіп, бірге ән айту.