Аптасына үш рет жаттығу жасау өмір жасыңызды ұзартады – зерттеу

/
Аптасына үш рет жаттығу жасау өмір жасыңызды ұзартады – зерттеу
сурет: istockphoto.com

Аптасына шамамен 90-120 минут күштік жаттығулармен айналысу ерте өлу қаупін 13%-ға төмендетуі мүмкін. Мұндай қорытындыға америкалық ғалымдар 150 мыңға жуық адамның деректерін 30 жыл бойы талдау нәтижесінде келген, деп хабарлайды turkystan.kz studyfinds.com-ға сілтеме жасап.

Зерттеу барысында мамандар медбикелер мен медицина саласы қызметкерлерінің денсаулығын ұзақ уақыт бақылаған. Қатысушылар әр екі жыл сайын күштік және аэробтық жаттығуларға қанша уақыт бөлетінін хабарлап отырған. Үш онжылдық ішінде зерттеуге қатысушылардың шамамен 36 мыңы қайтыс болған. Осы деректерді салыстырған зерттеушілер күштік жаттығулардың денсаулыққа айтарлықтай оң әсер ететінін анықтады.

Нәтижелерге сәйкес, аптасына бір жарым-екі сағат салмақпен жаттығатын адамдарда:

– кез келг ен себептен болатын өлім қаупі 13%-ға төмендеген;
– жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болу қаупі 19%-ға азайған;
– неврологиялық аурулардан, соның ішінде деменциядан қайтыс болу қаупі 27%-ға төмен болған.

Ғалымдардың айтуынша, күштік жаттығулардың пайдасы бұлшықеттердің қандағы қантты белсенді сіңіруімен байланысты. Бұл өз кезегінде қант диабетінің даму қаупін төмендетеді. Сонымен қатар физикалық жүктеме кезінде бұлшықеттер миокиндер деп аталатын арнайы заттарды бөледі. Олар ағзадағы қабыну процестерін азайтып, ми, қан тамырлары және сүйек жүйесінің жұмысын жақсартады.

Зерттеу барысында аптасына екі сағаттан артық күштік жаттығу жасаудың қосымша артықшылықтары байқалмаған. Яғни ең тиімді көрсеткіш – шамамен 90–120 минут.

Ең жақсы нәтиже күштік және аэробтық жаттығуларды қатар орындаған адамдарда тіркелген. Аптасына кемінде 150 минут жаяу жүру, жүгіру, жүзу немесе велосипед тебу секілді аэробтық белсенділікті күштік жаттығулармен үйлестірген қатысушыларда ерте өлім қаупі шамамен 45%-ға төмен болған.

Зерттеушілер денсаулықты сақтауда күштік және аэробтық жаттығуларды бір-біріне қарсы қоюдың қажеті жоқ екенін атап өтті. Олардың пікірінше, ұзақ әрі сапалы өмір сүру үшін бұл екі жаттығу түрін қатар қолдану ең тиімді тәсіл саналады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары